Еліміздің батысындағы көпсалалы медициналық-профильді мекеме –Ақтөбе Медицина орталығындағы жоғары санаттағы кардиохирург, медицина ғылымдарының кандидаты Берік Қасымов басқаратын кардиохирургия бөлімшесінің дәрігерлері жүрек науқасына шалдыққан талай азаматты аяқтан тұрғызған кәсіби мамандар. Соның бір дәлелі, былтыр шілденің басында коронавирус өршіген тұста кардиохирургия бөлімшесінің қызметкерлері өз өмірін қатерге тіге отырып, өкпені жасанды желдету аппаратының күші жетпеген науқастарды аман алып қалды.
Өткен жылдың маусым-шілдесінде коронавирус індеті шарықтап тұрғанда кардиохирургтер өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастарды құтқаруға барынша күш салды. Олар жүрекке ота жасалғаннан кейінгі науқастың өкпесіне қосылатын аппаратты қолданды. Коронавирусқа шалдыққандарды емдеу хаттамасына мүлде қайшы болса да, амалсыздан осындай амалға барған. «Әдетте коронавирусқа шалдығып, тыныс алуы қиындаған науқас реанимацияда жатады. Бұл жерде де халі нашарласа, өкпені жасанды желдету аппаратына қосады. Ал егер аппараттың шамасы келмесе не істеу керек? Жазда Ақтөбе медицина орталығына коронавирусқа шалдыққандар көптеп түсіп жатты. Инфекциялық бөлімшеде ауыр халде жатқан, өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылған екі науқасқа «ЭКМО» аппаратын (экстракорпоральді мембранды оксигенация) қостық. Оған жасанды қан айналдыру аппараты тағы жалғанады. Бірінші науқас көтере алмады, жүріп кетті. Ол бұрын екі рет инфаркт алған екен. Екіншісін аман алып қалдық».
Олар 29 жастағы Александр Лосевтің өмірі үшін күресіп, ажал тырнағынан құтқарды. «COVID-19 соншалықты ауыр деп ойламадым. Маусым айының ортасында Шалқар ауданына барып келген соң қатты ауырдым. Әуелгі күндері бойымды әлсіздік биледі, ыстығым көтерілді, дәрі-дәрмек көмектеспеді. Екі аптадан соң жүре алмай қалдым. Тұншыға бастадым. 6 шілде күні жедел жәрдем шақыртылды. Мені медицина орталығына жеткізді. Сатурация өте төмен. Ауа жетпей тұншыға бастағанда, өкпені жасанды желдету аппаратына қосты. Бірақ көмектеспеді. Есімнен айрылдым. Хирургтер наркоздың көмегімен өкпені алмастыратын аппаратқа қосыпты. 16 күн осы аппаратта жаттым. Дәрігерлер күні-түні бақылап тұрды. Бір күні өздігінен демала алады деп аппараттан ажыратты. 28 шілде –дәрігерлер мені ажалдан құтқарған күн. Мен өмірімді құтқарып қалған Ақтөбе медицина орталығы кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Берік Жақсылықұлы Қасымовқа ерекше ризамын. Осы азамат мені өмірге қайта әкелді. Сол күндері осы орталыққа науқастар өте көп түсіп жатты. Медицина қызметкерлері күні-түні қабақ шытпай науқастарды тікесінен тік тұрып жүріп емдеді. Күндіз-түні ұйықтамай, ауыр киіммен қапырық ыстықта қатты шаршап жүрсе де, үсті-үстіне түсіп жатқан науқастардан көмектерін аяған жоқ. Басымнан өткен осы жағдайдан кейін әр адам өз өмірін де, өзгенің өмірін де сақтауды жете түсінуі керек деп сенімді түрде айтамын. Бізге сырттан ешкім көмекке келген жоқ, басымызға іс түскенде өз дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз ғана құтқарды», дейді Александр Лосев.
2008 жылы Ақтөбеде аймақтық кардиохирургия орталығы ашылды. Осы орталықтың ашылуына сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы Сәлім Беркімбаевтың ықпалы зор болды. Орталық ашылған бойы жүрек ырғағы бұзылған науқастарды емдеуге арналған аритмологиялық кереует саны көбейтілді. Сол жылдары ақтөбелік дәрігерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Озық шетелдік клиникаларда білімін жетілдірген кардиохирургтер жүрек қақпақшаларын ауыстыру мен қан тамырларын кеңейтуді жақсы меңгеріп, туабітті ақаулары бар науқастарға ота жасай бастады. Содан кейін жүрекке ашық түрде жасалатын оталарға көшті. Берік Қасымовтың айтуынша, дәрігерлік қызметтің осы түрі 5-6 маманның қатысуымен жасалатын адам өміріне қауіптілігі өте жоғары кешенді оталар санатына кіреді. «Бұл жерде білікті мамандардан бөлек қымбат кешенді аппараттар керек. Оталарға арналған кешенді жабдықтардың ең озығы Еуропа мен АҚШ-та жасалынады. Ота жасайтын аппарат жақсы болса, хирургтің жұмысы жеңілдейді», дейді ол.
Берік Жақсылықұлы 2007 жылы Израильдегі Тел-А-Шомер қаласындағы медициналық орталықта 4 ай білім жетілдірген кезде, израильдік мамандармен бірге 3D форматында жүректі айналдырып көрсететін аппараттың көмегімен жасалатын оталарға қатысқан.
Бүгінде осы орталықта тәжірибелі кардиохирургтер мектебі қалыптасты. Соның бір дәлелі, соңғы төрт жылдан бері кардиохирургия бөлімшесінің дәрігерлері 3 мыңнан астам адамның өмірін құтқарды.
2015 жылдың қарашасынан бастап облыстық балалар ауруханасында кардиохирургия бөлімшесі ашылды. Берік Жақсылықұлы: «Жаңа туған нәрестеге ота жасау 3-4 жастағы балаға жасаған отадан әлдеқайда ауыр. Алайда сәбидің өмір сүруі үшін дәрігер қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс. Осы жағын жаңа дүние есігін ашқан сәбиге ота жасауға қарсылық білдіретін ата-аналарға ескертеміз. Қазір балалар арасында туабітті жүрек ауруларының түрлері көбейіп барады. Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе облысында дүниеге келген 20 мыңға жуық сәбидің 140-160-сы туабітті жүрек ауруына шалдыққандығы анықталды. Жүрек науқасының жеңіл және ауыр түрі болады. Төрт жылдан бері ақтөбелік дәрігерлер оның екі түріне де ота жасап жүр», дейді.
Хирургтің айтуынша, сәбилердің туабітті жүрек сырқатына шалдығып өмірге келуінің түрлі себептері бар. Жатырдағы ұрықтың алғашқы үш айында ішкі ағзалары дамиды. Осы кезде сырттан жасалған «шабуылдар» ұрыққа кесел болып жабысады. Оған жатырдағы нәрестеге инфекцияның жұғуы, анасының жұқпалы сырқатқа шалдығуы не дәрі-дәрмекті қабылдауы себеп болуы мүмкін. Сол үшін де жүктілікке жауапты қарау керек. Қазіргі кезде ультрадыбыстық тексеру кезінде ұрықтың алғашқы айында ақаулары анықталса, дәрігерлер жүктілікті ерте бұзуға кеңес береді. Көп жағдайда ата-ана келіспей жатады. Бірақ өмір бойы науқас, мүгедек сәбиді өмірге әкелу, оны бағып-қағып өсіру әке-шеше үшін оңай емес. Сол үшін жүктілікті жоспарлау мәселесіне өте жауапты қарау керек.
Коронавирус індеті өршіген кезде науқастарды ажалдан арашалаған хирургтің өз түйгені бар. Берік Қасымов өкпені жасанды желдету аппараты алмайтын өте ауыр халдегі науқастарды «ЭКМО» аппаратының көмегімен аман алып қалуға болады деп коронавирусты емдеу протоколына енгізуді ұсынды. Өкінішке қарай, қазір Ақтөбе облысында «ЭКМО» аппараты бар болғаны екі дана ғана. Қазір оның біреуі Медицина орталығының, ал екіншісі – облыстық балалар ауруханасының кардиохирургия бөлімшелерінде тұр. Осы аппаратты көптеп сатып алу керек деп айтқан тәжірибелі маманның ұсынысына әзір ешкім назар аудармай отыр.
Жүрегі ұстап қалған науқастардың өмірін құтқару үшін санаулы секундтар ғана керек. Әсіресе, инфарктке шалдыққан адамға бірер минут қана шешуші рөл атқарады. Хирургтер мұны «алтын сағат» деп атайды. Бұл жерде ауа жетпей тұншығып жатқан науқасқа санаулы үш-төрт минут ішінде көмек көрсетіп үлгеру керек. Осы жағынан Берік Қасымов Ақтөбе қаласында екі мәселені шұғыл шешуді ұсынады. Біріншісі, қымбат болса да өкпені алмастыратын «ЭКМО» жабдығын көптеп сатып алу керек. Оған науқастың қанын айналдыратын, көмірқышқыл газын әкетіп, оттегіне қанықтырған күйде ағзаға қайта айналдырып әкелетін жасанды қан айналдыру аппараты қосылады. Екінші мәселе – шұғыл көмек көрсететін кардиологиялық орталықтарды қаланың әр бөлігінде ашу керек. Қазіргі уақытта жүрегі сыр берген науқастарды қаланың үш медициналық мекемесі қабылдайды. Соның бірі Ақтөбе медицина орталығы, екіншісі жедел жәрдем ауруханасы, үшіншісі – қалалық аурухана. Алайда осы үш мекеменің кардиологиялық бөлімшелерінің қабылдау кестелері әртүрлі. Сондықтан жедел жәрдем шұғыл көмекті қажет ететін науқастарды әр мезгілде қабылдайтын үш орталыққа кезек-кезек тасуға мәжбүр. Оның үстіне, бұл медициналық мекемелер бір-бірінен өте алшақ орналасқан. Мәселен, қаланың шет жағында тұратын науқастарды осы орталыққа жедел жәрдем 25-30 минутта жеткізеді. Себебі тұрғындар ең көп шоғырланған Заречный немесе Жилянка елді мекендері мен Ақтөбе Медицина орталығының арасы 30 шақырым. «Науқасты ауруханаға шұғыл жеткізуге көп уақыт кететіндіктен, біраз адамның өмірін құтқара алмай жатқанымыз шындық», деген Берік Жақсылықұлы қаланың әр шетінде бірнеше кардиологиялық орталық ашуды ұсынды. Өңір медицинасының жетістігін де, кемшілік тұстарын да жақсы білетін білікті дәрігерлердің кеңесінің қазіргі тұста өте қажет екенін жұртшылық жақсы түсініп отыр.
Ақтөбе облысы