• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Сәуір, 2021

Италия стиліндегі кеш

172 рет
көрсетілді

Италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның авторлық концерті – «Пуччини-гала» кешіне орындаушылардың жұлдызды құрамы қатысады. 6 сәуір күні театрдың Үлкен залы сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­керлері сопрано Салтанат Ахметова, Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, тенор Медет Чотабаев, Жан Тапин, Мейір Байнеш, баритон Талғат Мұсабаев және дирижер Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.

«Пуччини-гала» бағдарла­ма­сының көркін театрда ал­ғаш рет орындалатын туын­дылар қыздыра түспек. Осы­лайша, тыңдармандар ұлы италиялық композитор Дж.Пуч­чинидің шығармалары – «Вил­лисалар» операсынан «Мыстандар биі» мен L’abbandono, «Қарлығаш» операсынан «Дореттаның керемет арманы» дуэті мен Бриндизи көрінісі (квартет), «Анжелика әпке» опера­сын­дағы ариямен таныса алады. Бұдан бөлек, әртістер Дж.Пуччинидің бар­шаға та­нымал әрі сүйікті шы­ғар­малары – «Манон Леско» опе­расынан Лесконың Donna non vidi mai ариясы, «Мадам Баттерфляй» операсынан ария, «Джанни Скикки» операсынан Скиккидің ариясы және т.б. ұсынады.

Музыкалық кешке «Астана Опера» хоры қатысады, театр­дың бас хормейстері – Қа­зақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­раткері Ержан Дәуітов.

Дж.Пуччини музыкасының көрнекті білгірі – танымал италиялық дирижер, кон­церттің бастамашысы Джу­зеппе Акуавива жұртшылыққа ар­нап көптеген тосынсый даяр­­лады.

– «Астана Опера» әртіс­терімен көптен бері жұмыс іс­теймін, олармен бірлесе му­зыкалық қызметті жүзеге асыру маған зор қуаныш сый­лайды. Пуччини – автор, оның шы­ғармашылығын ұзақ әрі мұқият зерделедім. Ол – шы­ғар­малары дүние жүзінде ана­ғұрлым көп ұсынылған ком­позиторлардың бірі. Оның туын­дыларын кез келген сахнада орындау мен үшін оңай. Себебі олар бәрінің кө­ңілінен шығады. Пуччини адамдарға әсерлі оқиға же­лілерін ұсын­ды. Бірақ бұдан бөлек оның операсы – әртіс­терге арналған үлкен драматургия мен театр сабағы.

Пуч­чини – өз заманының кемең­гері, ғасырға жуық уа­қыт өтсе де, солай болып қала бер­мек, – деді маэстро Джу­зеп­пе Акуа­вива.

Джакомо Пуччинидің бар­лық шығармашылығы опера өнерінің жоғарғы жетістігі болып саналады. Оның опералары әуен байлығымен, оркестрлік бояулар мен акус­тикалық әсерлердің ойынымен таңғалдырады. Бұған «Пуч­­чини-гала» концертіне кел­­ген тыңдармандар көз жет­кізе алады.