• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2021

Пәтерінде күркетауық бағатын тұрғынның үйіне тәртіп сақшылары кіре алмай жүр

2043 рет
көрсетілді

Ақтауда пәтерінде күркетауықты бағатын тұрғынның үйіне тәртіп сақшылары кіре алмады, деп хабарлайды Egemen.kz mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

12 шағын ауданның 25-үйінің тұрғындарының айтуынша 57-пәтерде тұратын көршілері біраз уақыттан бері үйінде бірнеше күркетауықты асырайды. Соның кесірінен үйдің кіреберісінен-ақ жағымсыз иіс мүңкіп тұрады екен. Тіпті, пәтерлерде жәндіктер мен тышқан қаптап кеткен көрінеді.

- Мұнда балалы жас отбасылар бар. Солардың бәріне де зиян. Бұл қора емес, пәтер ғой, - дейді тұрғын Абутәлі Айтмағанбетов.

Өзге де тұрғындар пәтерін тауыққораға айналдырған көршілеріне ашулы.

- Санитарлық талап сақталмаған тұрғын үйде өмір сүруге мәжбүр болып отырмыз. Күркетауық бағатын көршіміздің пәтерінен жағымсыз иіс шығады. Дем алу мүмкін емес. Үйімізде жәндік пен тышқан қаптап кетті. Құзырлы органдарға шағымдандық. Бірақ, әрекет жоқ, - деді атын атағысы келмеген тұрғын.

Тұрғындар көршілері есігін ашпақ түгілі байланысқа да шықпайды деп полицияға шағымданған. Құзырлы органның қызметкерлері 5 сәуір күні тағы келсе де пәтердің есігін аша алмады. Учаскелік полицейлердің айтуынша, олар есікті бұзып кіре алмайды.

- Бұл жағдай бойынша учаскелік инспектор тұрғындардың арызын қабылдап, хабарлама арқылы Ақтау қалалық әкімдігіне және санитарлық эпидемиологиялық стансасына жолдаған. Алдағы уақытта қалалық әкімдіктен немесе СЭС-тен хабар болады, - деді Учаскелік полиция бөлімшесінің бастығының орынбасары Еркін Елеусізов.

Ал Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Дүйсебек өздеріне бақылау, қадағалау және тексеру функциясы жүктелмегенін айтты. Бұл мәселеге санитарлық эпидемиологиялық станса мен ветеринарлық инспекция араласу керектігін жеткізген. Ал қалалық СЭС бұл жағдайға қатысымыз жоқ деп отыр. Ветеринарлық инспекция өздері тексеріс жүргізе алмайтынын, тек әкімдік тарапынан комиссия құрылса іске кірісетіндерін айтқан.