Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жұмыс барысымен Алматыдағы ЮНЕСКО ұйымы аясындағы ІІ санатты Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығына барды, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған орталықтың мақсаты – этностардың, мәдениеттер мен діндердің шығу тегіне арналған іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу; түрлі өркениет пен мәдениеттің өзара әсер етуінің кешенді процесіне мүмкіндік беретін Ұлы Жібек жолын зерттеу; халықаралық деңгейде бейбітшілік пен тұрақты даму мүддесінде мәдениетаралық диалог құндылықтарын тарату, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің тұрақты қоғамдық даму бағытындағы қызметін үйлестіру.
Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы – этнос, мәдениет, және діндердің шығу тегі жайлы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге бағытталған халықаралық ынтымақтастық үшін бірегей платформа.
Орталық директоры Олжас Сүлейменов Ақтоты Райымқұловамен кездесу аясында мәдениет саласындағы зерттеулерді тиімді жүзеге асыру мақсатында ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы мен Қазақстан мәдениетінің ғылыми-зерттеу институтын біріктіру туралы ұсынысын жеткізді. Айта кетейік, аталған ұсыныс Үкіметке талқылауға ұсынылды. Сонымен қатар Олжас Сүлейменов орталықтың алдағы жылдарға арналған жұмысы, мақсат-міндеттерімен таныстырды.
Биыл Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры, танымал ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің туғанына 85 жыл. Ақтоты Райымқұлова іс-сапар барысында осынау мерейтой аясында жоспарланған іс-шараларға дайындыққа ерекше ден қойды.
Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша кешенді іс-шаралар легі өтеді. Мысалы, 9 сәуірде Байқоңыр қаласында адамның ғарышқа ұшқанына және «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасының жазылғанына 60 жыл толуына орай салтанатты кеш, 17 мамыр Алматыда «Мы кочуем навстречу себе, узнаваясь в другом: Олжас и сближение культур» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция, 18 мамыр Алматы мен Мәскеу қаласында ақынның шығармашылық кеші өтеді.
Олжас Сүлейменовтің жиырма бір томдық шығармалар жинағы шығарылады. Осы іс-шаралар барысында көпшілік Олжас Сүлейменовтің шығармашылығымен толық таныса алады.
Кездесу соңында министр «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет пен дін» тақырыбындағы экспозициямен танысты.