• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Сәуір, 2021

Келелі кеңес шешуші кезеңге қадам басты

214 рет
көрсетілді

Өткен аптада онлайн форматта Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (ТМЫК) бейресми саммиті өткені белгілі. Тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған жиында түбі бір елдер басшылары түркі әлеміндегі жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылаған болатын. Осыған орай отандық сарапшылар өз ой-пікірлерін ортаға салуды жалғастыруда.

Жиынның күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі – Түркістанға түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін беру болды. Саммитті модератор ретінде аша отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл түркі өркениетін жаңғырту міндеттерінің айрықша маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Түркістан қаласы түркі халықтары үшін символдық маңызға ие. Сондықтан аталған шаһар бүкіл түркі әлемі үшін интеграцияланудың идеялық орталығы болуға тиіс.

Бұған дейін Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен Түркістан қаласы жаңа аймақтың облыс орталығы ретінде белгіленген болатын. Кейінгі жылдары қалаға қомақты қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде Түркістан дамуға қажет қуатты серпін алды. Осылайша, қаланы тек мәдени ғана емес, сонымен қатар, түркі интеграциясының дипломатиялық астанасына айналдыру үшін барлық жағдай алдын-ала жасалды.

Еліміздің сыртқы саясатындағы түркілік бағыттың маңыздылығы бірнеше фактормен байланысты. Біріншіден, 2011 жылы құрылғаннан бері Кеңестің құрамы кеңейді. 2019 жылы Өзбекстан ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қабылданып, құрылымның әлеуеті едәуір күшейді. 2018 жылы Венгрия ұйымға бақылаушы ретінде қосылды. Бұл Кеңеске басқа елдердің, соның ішінде Еуропа елдерінің қызығушылығы артқанын көрсетті.

Екіншіден, кейінгі жылдары мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық анағұрлым прагматикалық әрі мағыналы бола бастады. Егер түркі ынтымақтастығының алғашқы кезеңдерінде гуманитарлық және мәдени байланыстарды дамытуға баса мән берілсе, Түркі Кеңесі құрылған сәттен бастап сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды тереңдету, сондай-ақ трансқұрлықтық транзиттік дәліздерді дамыту мәселелері бірінші орынға шықты.

Осылайша, Кеңесте сауда-экономикалық ынтымақтастықты, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік пен туризмді дамыту мәселелерімен айналысатын төрт жұмыс тобы бар. Түркі кеңесінің Іскерлік Кеңесі мен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы да құрылды. Сондай-ақ мүше мемлекеттер 500 миллион долларды құрайтын капиталы бар Түркі инвестициялық қорын құру мәселесін талқылап жатыр.

Үшіншіден, пандемиядан кейінгі кезеңде түркі кеңістігі экономикалық өсудің маңызды нүктесіне айналуы мүмкін. Түркі елдерінің пайдаланылмаған үлкен экономикалық әлеуеті бар. Бүгінде Түркі кеңесіне мүше елдердің жалпы нарығы шамамен 150 миллион адамды құрайды. 2019 жылы Кеңеске мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 1,218 трлн долларға бағаланды. Сонымен бірге,  ТМЫК елдері өсімді ұлғайту үшін әлеуетін сақтайды. Мәселен, пандемияға дейін Standard Chartered сарапшылары Түркия 2030 жылы әлемдегі 5-ші ірі экономикаға айналады деп болжаған болатын.

Төртіншіден, өткен жылы Таулы Қарабақ айналасындағы оқиғалардан кейін Мегри дәлізін ашу келешегі түркі елдерінің көлік байланысын одан әрі нығайтуға және Кеңес кеңістігін Еуразияның маңызды транзиттік хабына айналдыруға қуатты серпін беретіні анық.

Осылайша, түркі интеграциясы – бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық жаңғыру ғана емес, сонымен қатар Қазақстан үшін сыртқы экономикалық қызметтің перспективалық бағыты саналады. Бүгінде Кеңес еліміздің белсенді ұстанымының арқасында өз дамуының шешуші кезеңіне өтті. Өзара іс-қимылдың оң динамикасын сақтай отырып, Түркі кеңесі Қазақстан үшін маңызды сыртқы саяси актив бола алады.

Ерлан МӘДИЕВ,

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы