Президент Әкімшілігінің бастамасымен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы талқыланды. Іс-шараға Президент Әкімшілігі өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Премьер-Министр Кеңсесінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің және басқа да мемлекеттік органның өкілдері, зообелсенділер қатысты.
«Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы және ол Президент Әкімшілігінің ерекше бақылауында. Біздің міндетіміз – жан-жақты пысықталған және тиімді жұмыс істейтін заң алу үшін тапсырманы мерзімінде және сапалы орындау», деп атап өтті Президент Әкімшілігінің Стратегиялық жоспарлау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Олжас Жораев.
Кеңес барысында заң жобасының даулы нормалары егжей-тегжейлі қаралып, жануарлардың мәртебесі және оларды қорғау шаралары талқыланды. Сонымен қатар ілеспе заң жобасын іске асыру туралы да сөз болды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Елдос Абақанов пен Вера Ким заңды уақтылы қабылдау үшін министрлікпен, мемлекеттік органдармен және зооқорғаушылармен тығыз өзара іс-қимыл жасауға әзір екендіктерін білдірді.
Талқылау қорытындысы бойынша азаматтық сектор мен мүдделі мемлекеттік органдардың пікірін ескере отырып, Парламент Мәжілісіндегі жұмыс тобы шеңберінде негізгі және ілеспе заң жобалары бойынша бірлескен жұмыс жүргізу ұсынылды.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі зообелсенділермен, қоғам өкілдерімен бірлесіп «жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірледі. Құжатта жануарларға жауапкершілікпен қарауды және оларға адамгершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған нормалар бар.