Ана тілінің абызы атанған Ұлттық ғылым академиясының академиктері Әбдуәлі Қайдар, Шора Сарыбаев, Рабиға Сыздықовалардың қатарында бірге аты аталатын қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі – академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбаев көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді... Бар өмірін қазақ халқының ең киелі асыл мұрасы – қазақ тіліне арнаған ғалым туралы сөз етуді жөн көрдік.
Ғылымның биік шыңына көтерілсе де, менмендіктен бойы ада ғалымның парасат-пайымы зор, кішілік, кісілігімен, маңғаз мінезі, тектілік болмысы, адамгершілік қасиеті мен шығармашылық қабілеті арқылы ғылыми ортада, әріптестері мен шәкірттерінің арасында абырой биігінен көріне білген тау тұлға азамат еді.
Ғалымның ғылыми зерттеулерінен қазақ тіл білімінің, оның ішінде ғылыми терминологияның қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосып, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырғанын ерекше атауға болады. Терминолог-ғалым, академик Ө.Айтбайұлының басшылығымен «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Термин және олардың аудармалары» сияқты қомақты еңбектер жарық көрді. Қазақ тіл білімінің лексикология, диалектология, ономастика, әдеби тіл, мемлекеттік тіл, стилистика, тіл мәдениеті, аударма салалары бойынша ізденістерінің нәтижесінде 500-ден аса ғылыми еңбектің, олардың ішінде 30-ға жуық монография мен оқулықтың, оқу-құралдары мен сөздіктердің авторы болғанын, «Қазақ терминологиясының жасалу көздері», «Қазақ әдеби терминологиялық лексиканың дамуы», «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері» атты құнды еңбектерге жетекшілік еткенін, сондай-ақ аударма проблемаларының күрделі мәселелерін қарастырған тұңғыш зерттеу жұмысы ретінде, баспасөз беттерінде автордың келелі табысы ретінде жоғары бағаланған- «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» атты еңбегін ғылыми жұртшылық жақсы біледі.
Тіл білімі институтының «Терминология және аударма теориясы» бөлімінің 20 жылдай басшысы болған кезде оның ғылыми-зерттеушілік, ғылымды ұйымдастырушылық қабілеті айқын да анық, жемісті болғаны баршамызға аян. Ғалымның басшылығы және қатысуымен «Тіл мәдениеті және баспасөз», «Сөз өнері», «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Термин және олардың аудармалары» сияқты бірнеше ұжымдық еңбектердің баспа бетінен жарық көруі ғылыми жұртшылық тарапынан үлкен бағаға ие болған еді.
Академик Ө.Айтбайұлы терминология мен аударма саласын жан-жақты зерделеп, зерттеу ауқымын кеңейте түсті. Ол қиын да күрделі осы саладағы мәселелерге әлемдік ғылыми ой-пікірлерді саралай келіп, қазақ тілінің өз табиғатына тән заңдылықтарды негізге ала отырып, тың зерттеулерді өмірге әкелді. Қазақ тіл білімінің түйінді мәселелеріне, әсіресе терминология, тіл мәдениеті, аудармаға байланысты дәйектілікпен дәлелденген ойлы тұжырымдар ұсына білді. Ғалымның терең зерттеген саласы – терминология десек, өзі басқарған бөлімде терминологиялық картотека базасын қалыптастырып, 500 мыңға жуық картотекалық қордың негізі қаланды. Ғылымның ірі-ірі 5 саласы бойынша жасалған бұл материал түрлі сөздіктер жасауға, әсіресе қоғамдық ғылымдар саласы, биология ғылымы, физика-математика ғылымы, жер туралы ғылым мен техника ғылымдарының саласы бойынша өте пайдалы болғанын ғылыми орта жоғары бағалады. Солардың қатарында «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің» екі томдығы жасалып, оған академик Ө.Айтбайұлының жауапты редактор болғаны – көп жылдық еңбектің нәтижелі жемісі деп бағаланды. «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты көлемді де мазмұнды монографиясы қазақ тіл білімінде тұңғыш рет қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы жайында жазылған құнды еңбектер қатарынан көрінді. Қазақ терминологиясы мен аудармасының мәселелері туралы көп жылғы зерттеулердің негізінде 1992 жылы «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның бұл жұмысы тың мәселені қозғап, айтарлықтай жаңалықтар ашып берді. Ең алдымен, бұған дейін ғылым әлемінде, тарихымызда сыры жұмбақ болып келген арыстарымыз- Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының мұралары мен еңбектері тұңғыш рет тілдік тұрғыдан талданып, лайықты бағасын алды. Әсіресе А.Байтұрсынұлының қазақ лингвистикасын дамытудағы, оның ішінде қазақ терминологиясын жасаудағы зерделі ой-пікірлері мен ғылыми орны жан-жақты сараланып, дәлелденді.
Ғалымның ғылым, мәдениет, өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық еңбегіне арналған мақалалары өз алдына бір төбе. Жас ұрпаққа үлгі, өнеге болар өрелі ойларға толы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, С.Талжанов, М.Балақаев, Ә.Қайдар, З.Ахметов, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Т.Жанұзақов, С.Омарбеков, С.Исаев, Р.Әміров, Т.Қоңыров, С.Қасқабасов сияқты ғалымдардың ғылыми еңбектеріне талдамалық зерттеулері мен өмірнамаларын ғана айтсақ, жеткілікті болар.
Қазақ тіл білімінің бастауындағы А.Байтұрсынұлы пен Қ.Жұбановтардай тіліміздегі терминология негізін алғаш рет қалаған ата буын өкілдерінің іргелі істерін ілгері дамытуға үлес қосқан терминолог-ғалым, академик Өмірзақ Айтбаевтың есімі терминология тарланбозы деп ғылыми ортада кең тарады. Оған себеп жоғарыда айтылған қомақты еңбектерімен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, әрі ғалым-хатшы ретіндегі атқарған мінсіз қызметінде айқын байқалды. Ғылымның түрлі саласында өмірге келіп, ала-құла қолданылып жүрген терминдердің бір ізге түсуіне, ғылыми тұрғыдан реттеліп, жүйеленуіне де атсалысқанын айтсақ, артық болмас. Биология, физиология, химия, физика, математика, темір жол, музыка, спорт, әдебиет, тіл білімі, педагогика, психология, медицина, компьютер саласына қатысты терминдерді, сөздіктерді рет-ретімен Мемтерминком талқысына салып, терминология теориясына сай сөзді саралауда және оны қолданысқа енгізуде еткен еңбегі ерекше. Академик Ө.Айтбайұлы тіл білімі бойынша ғылыми-кадрлар дайындау, жас мамандардың өсіп-жетілуіне қолғабыс жасап, үнемі оларды қолдау барысында да тынымсыз еңбек етті. Ғалымның тікелей ғылыми жетекшілік жасауының нәтижесінде ондаған шәкірттері диссертацияларын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежеге қол жеткізді.
Жалпы академиктің 60 жылға жуық еңбегінің нәтижесі, жиынтығы ретінде жарық көрген 5 томдық кітабы – тәуелсіз Қазақстанның ғылымына, оның қазақ тіл біліміне, тіпті түркологияға қосылған үлкен үлес, зор табыс болып бағаланғаны белгілі. Газет көлемі көтермейтіндіктен, бұл жолғы мақаламызда тек қазақ тіл білімінің терминологиясымен қатар, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар терминологиясы жан-жақты зерттелген «Қазақ тіл білімінің терминология мәселелері» атты еңбекке аз-кем тоқталуды жөн көрдік.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ терминологиясы жайлы алғаш рет пікір айтып, зерттеу жұмысымен шұғылданған қазақ тіл білімінің қос алыбы – А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов болатын. Өмір талқысын бастарынан кешірген қос ғұлама өз ойларын аяқтай алмағаны тарихтан белгілі. Ата буын өкілдері көтерген терминология теориясын одан әрі дамытып, кең құлаш жаюына жол ашып, ғұламалар аманатына адал болғандар қатарында алғашқы болып айтылатын ардақты есім – академик Өмірзақ Айтбаев болатын.
Академик өз еңбегінде қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуына ерекше назар аударып, бұл мәселені тиянақты талдаған. Оны «Термин жайлы жалпы түсінік», «Қазақ терминологиясының жасалу көздері», «Жазу және терминология», «Термин жасаудың негізгі тәсілдері және олардың құрылымдық сипаты» атты тараулардан анық көруге болады.
Автор қазақ терминологиясын зерттеу барысында өзіндік ой-түйін, ғылыми пайымдаулар мен нақтылы қорытындыларға келіп, терминологиялық лексиканың қалыптасуы мен дамуын екі кезеңге бөліп қараған. Біріншісін – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен Қазан төңкерісінің аралығын алып жатқан алғашқы кезеңге жатқызса, екіншісін – тіліміздің әдебилену мен терминдену сапасын мейлінше үдете түскен бүгінгі дәуірге телиді.
Қазақ терминологиясы аталатын терминнің, ол ұғымның мейлінше кең мағынаға ие екеніне тоқтала отырып, атаудың барлық ғылым салалары мен техника тарамдарын, мерзімді баспасөз бен радио, теледидар тілін, оқу-ағарту, білім беру ісін, түрлі саяси, көркем, арнайы әдебиеттер тілін қамтитын түсініктер, атаулар жиынтығы екенін баса айтады. Бұған дәлел ретінде 1920 жылдардан бастап күні бүгінге дейін отыздан астам екі тілді терминологиялық сөздіктер жарық көргенін паш етеді.
Қазақ терминологиясының түзілуі мен қалыптасуына себеп болған факторлардың бірі жазу мәселесі болса, қоғамдағы, өмірдегі өзгерістер (коллективтендіру, конфискелеу (тәркілеу), колхоздастыру, индустрияландыру, Отан қорғау, бесжылдық жоспар, тың игеру, ғарышқа ұшу, қайта құру, т.б.) терминологиялық жүйенің дамуына тікелей байланысты болғаны жұмыста бағамдалады.
«Ақиқатында, терминологияның жасалуына ең басты – екі арна: ұлттық тіліміздің сөз байлығы мен әрқилы қолданумен байланысты қабылданған кірме сөздер болды» деп көрсету де ғалым ойының шын да, ақиқат екенін көрсетеді.
Терминжасам процесінде төл тіліміздің заңдылығына тән сөзжасам тәсілі де ізгі ықпал еткеніне тоқтала келіп, автор оларды: 1) семантикалық немесе лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалғандар; 2) морфологиялық немесе синтаксистік тәсіл арқылы жасалғандар деген пікірге келеді.
Осымен қатар, қазіргі қазақ терминологиясы қазақ әдеби тілінің ең күрделі де маңызды, болашағы зор дербес саласы болып табылады деуі де автордың зерттеу жұмысының нанымды нәтижесі екені даусыз.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы тіл білімінің көкейкесті мәселелерін қаузаған, әсіресе, терминология саласына қомақты үлес қосып, нақтылы сіңірген еңбегінің арқасында есімі елімізге ғана емес, бүкіл түркі әлеміне әйгілі, терминолог-ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлының терминология саласындағы теориялық тұжырымдарын ғылымға бой түзеген жас ғалымдар мен шәкірттері одан әрі дамыта түсері күмән тудырмайды.
Телқожа ЖАНҰЗАҚ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор