Ресей үкіметі жақында елдің Арктикалық аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Құжатта 2024 жылға дейінгі стратегияны іске асыру үшін 19,5 миллиард рубльден астам қаражат бөлу жоспарланғаны айтылған. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаттарына Ресейдің Арктикалық аймағының құрамына кіретін аумақтардың экономикалық дамуын жеделдету, олардың мемлекеттің экономикалық өсуіне қосқан үлесін арттыру, сондай-ақ макроөңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау кіреді.
Арктика өңіріне қызығушылық танытатын елдер қатары көп. Солардың ішінде Ресей әрекеттерін жіті бақылап отырғаны – АҚШ екені белгілі. Бұл жолы да Пентагон қорғаныс мәселесіне келгенде үнсіз қалмады. Брифингтердің бірінде АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Ресейдің Арктикадағы белсенділігін мұқият бақылап отырғаны айтылды. «Арктика аймағының әскери мекенге айналғанын ешкім қаламайды» деген Пентагон өкілі Джон Керби аймақтың америкалық қорғаныс жүйесінде тактикалық тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда аймақ АҚШ үшін аса маңызды.
Осыған дейін Ресейдің Арктикада бұрын-соңды болмаған әскери күш жинап, жаңа қару түрлерін сынап жатқаны айтылған-ды. Ресейдің қорғаныс саласындағы әрекеттеріне алаңдаушылық танытып отырған мамандар алдағы жағдайды болжау қиын екенін алға тартады. «Орыстар әдетте жаңа қару-жарақ түрлерін сынау, GPS сигналдарын өшіру, жаттығу үшін әуе және теңіз жолдарын жауып тастау немесе Арктиканың үстінен бомбалаушыларды ұшыру арқылы хабарлама жеткізуге тырысады», дейді АҚШ-тың билік өкілдері.
Алайда Ресей барлық әрекеттері бейбітшілік пен экономикалық дамуға бағытталған дегеннен қайтпайды. Күні кеше Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков елдің Арктикадағы әрекетіне әскери құрылыстың бір элементі деген баға берді. Ол аймақтың экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын айтып, өңірді дамытудың кешенді жоспары орындалып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ ол америкалық әріптестерінің алаңдаушылығына қатысты «АҚШ-тың өзі Арктикадағы әскери бақылауын азайтқан емес» деп жауап берді. Песков Ресейдің қазіргі әрекеті АҚШ-тың Арктикаға деген ерекше назарына сай келетінін алға тартты.