Осы аптада футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалдық сайыстары өтті. Бұл бәсекелердің екеуінде алаң иелері жеңіске жетсе, екеуінде қонақтардың мерейі үстем болды.
Бүгін «Бавария» мен ПСЖ шеберлік байқасты. Өте шиеленісті өткен кездесудің 3-минутында Килиан Мбаппе есеп ашты. 28-минутта Маркиньос екінші голды соқты. Осы орайда екі ретінде де дәл пас берген Неймар екенін айта кету абзал. Үзіліске дейін Максим Шупо-Мотин есеп айырмашылығын қысқартты. Екінші кезеңде немістер жаппай шабылға көшті. Соның нәтижесінде 60-минутта Томас Мюллер таразы басын теңестірді. Алайда «Бавария» футболшыларының қуанышы ұзаққа созылмады. Арада сегіз минут өткенде қайта сол Мбаппе француздарды алға шығарды – 3:2. Бұл есеп матчтың соңына дейін сақталды.
Дәл сол күні «Порту» мен «Челси» арасында өткен бәсекеде қонақтардың мерейі үстем болды. Есеп – 0:2. Ағылшындар сапында Мейсон Маунт (32-минут) пен Бенджамин Чилвелл (85-минут) мергендік танытты.
Сәрсенбі күні Пиреней түбегінде «Реал» мен «Ливерпуль» кездесті. Бұл матч 3:1 есебімен корольдық клубтың пайдасына шешілді. «Манчестер Сити» өз алаңында Дортмундтың «Боруссиясын» қабылдады. Алғашқы голды ағылшындар салса, үзілістен кейін таразы басы теңесті. Бәсекенің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Фил Фоден соққан доп Тұманды Альбион елінің өкілдеріне жеңіс сыйлады – 2:1.