«Рухани жаңғыру». Ұмыт болған салт-дәстүрімізді, өнерімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жадымызда жаңаша жаңғыртқан бағдарлама бұл. Ұлттық рух пен санаға тың леп берген ауқымы кең бағдарламаның аясында атқарылған игі істер аз емес. Әсіресе, өңірдегі өнер музейінде төрт жыл қатарынан істелген шаралар туралы ауыз толтырып айтуға болады.
Облыстық өнер музейінің негізгі бағыты бейнелеу өнері, әдебиет және музыка. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғаннан бері Шығыс Қазақстанда бейнелеу өнеріне өте көп көңіл бөлінді. Қазақ сурет өнерінің атасы Әбілхан Қастеевтің түпнұсқа картиналарына дейін музей қорында топтастырылды. Еліміздегі қас шебер суретшілер үш жыл қатарынан Шығыста бас қосып, әсемсал табиғаттың аясына пленэрге шығып жүрді. Әр пленэрден соң өнер музейінің кең залында жазған этюдтерінен үлкен көрме өткізуді дәстүрге айналдырды. Былтыр ғана, елдегі ахуалға байланысты жоспардағы көптеген шаралар кейінге шегерілді.
2017 жылдың күзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылдана сала музейдің қорына белгілі суретшілер Бахтияр Табиев пен Мағауия Аманжоловтың 9 картинасы сатып алынды. Келесі жылында Әбілхан Қастеев, Шаймардан Сариевтердің жауһар туындыларымен толықты. Жалпы, осы төрт жылдың ішінде облыстық Өнер музейі 134 млн теңгенің 59 экспонатын сатып алған. Оның төртеуі гобелен, екеуі горельеф. Ал қалғаны жоғарыда аталған суретшілермен қатар Гүлфайрус Исмаилова, Айша Ғалымбаева, Евгений Сидоркиннің қолтаңбасы қалған көркем туындылар.
– Ел экономикасымен қатар, мәдениетімізді де дамыта түсуіміз керек. Экономиканың дамуы халықтың әл-ауқатын арттырса, мәдениет адамзатты рухани байытады. Өзге ел де қазақ халқын мәдениет, өнері арқылы тани түспек. Сондықтан да маңдайалды суретшілеріміздің түпнұсқа полотноларын музейдің қорына жинастырып жатырмыз. Бұл шеберлердің шығармалары қазақ тарихы мен дәстүрлеріне негізделген. Уақыт өткен сайын тарихи картиналардың қоғамдағы құны арта түспек, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінің директоры Бегайым Қасымханқызы.
Айтқандай, Төр Алтайда, Ұлан ауданының көрікті жерлерінде жыл сайын пленэр өткізіліп келеді (елдегі ахуал оңалған соң жалғасын табады). Бұл шара 2019 жылға дейін республикалық деңгейде ұйымдастырылса, алдыңғы жылы халықаралық дәрежеде өтті. Алтай төріндегі Рахман қайнарының жағалауында ұйымдастырылған «Ұлы Дала палитрасы» пленэріне Германия, Түркия, Литва, Грузия, Татарстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және өз еліміздің жиырмадан астам қылқалам шебер қатысты. Әлбетте, олар көрікті табиғат аясында жазған бір-бір туындысын музей қорына қалдырып кетіскен. Есесіне, суретшілердің еңбегі де ескерусіз қалмады. Әрқайсысына арнайы сертификат пен қаламақы да қарастырылған.
Ал 2018 жылы кәсіби суретшілер асай-мүсейлерін арқалап, Ұлан ауданының көрікті табиғатын кенепке түсіруге аттанған. Айналадағы әр тасқа, әр талға таңдана-тамсана қарайтын шеберлердің жазған картиналарын шедевр дерсің. Бояулары да бір-біріне ұқсамайды, сан түрлі, қанық. Он күнге созылған «Алтай – Қазақстан жауһары» атты пленэрге Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Семей қалаларынан келген белгілі суретшілер Көктау, Шыбынды көл, Тайынты сынды табиғаты сұлу жерлерде жата-жастана этюд жазған. Сембіғали Смағұл, Сейсенхан Махамбет, Бақытнұр Бүрдесбеков, Мәжит Бәйтенов сынды мүйізі қарағайдай суретшілермен қатарласа палитра бетінде ойнақтаған жас суретшілер де шеберліктерін шыңдады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында он күнге созылған бұл шарада өнерлі азаматтар сурет салумен айналыса жүріп, өңірдің көрікті жерлерін елге, шетелге танытуға зор үлестерін қосты.
Әлемге қауіп төндірген індеттің беті қайтып, жағдай тұрақталған соң «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы бұл жұмыстар міндетті түрде жалғасын таппақ. Айналдырған үш-төрт жыл ішінде аймақтағы киелі жерлерді аралап шығу мүмкін емес. Әйтпесе, сонау түкпірдегі Марқакөл, Қиын керіш, Зайсан, Алакөл, Тарбағатай, Батыс Алтай сынды қасиетті, киелі жерлер жетіп артылады Шығыста. Оның бәрін кенеп бетіне түсірудің жоспарлары кезең-кезеңімен әзірленіп те жатыр.