• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ғылым 12 Сәуір, 2021

Ғылымның жаңа белесі

623 рет
көрсетілді

Мемлекеттің дамуына ықпал ететін кез келген стратегиялық жоспарды, бағдарламаны, маңызды құжатты ғылыми негізсіз, зерттеулерсіз әзірлеуге болмайды. Ғылымға негізделмеген құжаттың өзі ғана емес, оны «бағдаршам» еткен тұтас сала немесе бүтін бір мемлекеттің мүддесі құрдымға кетуі мүмкін. Осыны тереңнен түсінген елдер аталған салаға ерекше назар аударады.

Қазақстанның қадамы қандай?

Ақи­қатында, ғылымға салынған инвес­тиция мен көр­сетілген қолдаудың нәтижесі 1-2 жылда көріне қоймайды. Соңғы онжылдықтағы отандық ғылымның жаңа белес­ке шығуы – ел егемендігі жылдарын­да саладағы саң­лақтардың еткен еңбегі мен жанкешті жұ­мысының жемісі. Деген­мен кез келген саланы дамыту оны ілгері­летуге бөлінетін қаржыға тікелей тәуелді. Мемлекеттің қолдауы да осыдан басталады.

Бүгінде ғылымға республикалық бюджеттен қаражат он салалық орталық мемлекеттік органға (Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экология, геология және табиғи ресурстар, Денсаулық сақтау, Мә­дениет және спорт, Энергетика, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Сауда және интеграция министрліктері) бөлінеді. Жалпы алғанда, ғылымды респуб­лика­лық бюджеттен қаржыландыру көлемі жыл санап артып келеді. Мәселен, бұл сома 2020 жылы 50,1 млрд теңгені; 2021 жылы 71,6 млрд теңгені (барлық 10 мемле­кеттік орган бойынша) құрады. Міне, қаржы­лан­дыру көлемі артқандықтан, Білім және ғы­лым министрлігінің гранттық және бағдар­ламалық-нысаналы қаржыландыруға арнал­ған конкурстары бұған дейін 3 жылда 1 рет өткізілсе, 2020 жылы гранттық қаржы­лан­дыру бойынша 5 конкурс өткізілді. Конкурс­тар нәтижесінде, Білім және ғылым министр­лігі республикалық бюджеттен жалпы сомасы 56,7 млрд теңгені құрайтын қазақ­стандық ғалымдардың 10 (экология, геоло­гия, энергетика, жаратылыстану, ІТ, денсау­лық, білім және ғылым, әлеуметтік және гума­ни­тарлық сала, ауыл шаруашылығы, ұлттық қа­уіпсіздік және қорғаныс) басым бағыт бойынша 1 160 ғылыми зерттеуін қаржыландырады.

 

Зертханалар жайын зерделегенде...

Иә, ғалымдардың зерттеуін мемлекет қаржыландыруды жолға қойды-ақ. Бірақ зерттеу жүргізілетін зертханалардың жағдайы мәз емес еді. Зертханалар қайда? Әлбетте сонау Кеңес кезеңінен бері жұмыс істеп келе жатқан ғылыми зерттеу институттарының базасында. Тәуелсіздік жылдарынан бері былтыр осы істе нақты ілгерілеу байқала бастады.

Бұл туралы Ғылым комитетінің басшысы Жанна Құрманғалиева:

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылы алғаш рет Білім және ғылым министрлігінің 23 ғылыми ұйы­мын материалдық-техникалық жағынан жарақ­тандыруға 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, ғылыми ұйымдар заманауи жабдықтардың 469 аталымын сатып алды. Ғылыми зерттеу институттарын одан әрі жаңғырту мақсатында 2021-2022 жылдарға 7,7 млрд теңге сомасында шығындар жоспарланып отыр. Ғимараттарды (Жану проблемалары институты 1987 жылы салынған; Зоология институты – 1986; Маңғышлақ ботаникалық бағы – 1987 жылы) күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді», деп түсіндірді. 

Бұрынғы институттардың базасын­ жа­ңартып қана қоймай, жаңа институт құру да – заман талабы. Осы талап ескерілді ме, ел Үкіметі мен білім, ғылым және мә­дениет мәселелері жөніндегі БҰҰ-мен (ЮНЕСКО) арадағы ратификацияланған келісімді орындау мақсатында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы құрылды. (Гляциология – қатты күйдегі атмосфералық жауын-шашынның жиналуы мен түрленуі нәтижесінде құрлықта пайда болған жылжымалы табиғи мұздарды зерттейтін ғылым. Ғылымның бұл саласындағы ғалымдар мұздықтардың ерекшеліктерін, даму заңдылықтарын, құрамын, физикалық қасиеттерін, кеңістікке таралуын зерттейді. Ғаламдық жылыну проблемасы күн тәртібінен түспей тұрған уақытта гляциология саласында зерттеу жүргізетін ғалымдар керек-ақ. – А.Ш.)

«Бұдан бөлек «География және су қауіп­сіздігі институты» АҚ құрылды. Жал­пы, генетика және цитология институты, биобақылау, сертификаттау және клиникаға дейінгі сы­нақтар орталық зертханасы және адам мен жануарлар физиологиясы институты базасында қайта ұйымдастыру жолымен Генетика және физиология институты құрылды. Әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі 7 ғылыми зерттеу институты республикалық мемлекеттік-қазыналық кәсіпорыннан шаруашылық жүргізу құқығы мен республикалық мемлекеттік кәсіпорынға қайта ұйымдастырылды. Бұл жалақыны арттыруға және басқа да бірқатар проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы ашылды», деді комитет төрағасы Ж.Құрманғалиева.

Отандық ғылымның әлеуеті қазақстандық зерттеушілердің халықаралық ғылыми журналдарда жариялаған мақалалары және көрсеткіштерімен өлшенеді. Міне, осы ерекшелік ескеріліп, мемлекет Ұлттық жазы­лу аясында Қазақстанның ғылыми ұйым­дарын халықаралық деректер базасына тегін қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мәселен, 2020 жылы 259 ғылыми ұйым мен жоғары оқу орны республикалық бюджет есебінен Web of Science, Scopus және Science Direct дерекқорларын пайдаланды. Ғалымдардың аталған дерекқорларын қарауы орташа есеппен 100 мыңнан асады. Бұл көрсеткіштер үнемі артып келеді. 2020 жылы ғылыми журналдардағы қазақстандық ғалымдардың мақалалары мен шолуларының саны Scopus базасы бойынша Топ 10%-дан 37%-ға артты. Қазақстандық авторлардың дәйексөзділігі 2011 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. «Жалған журналдардағы» мақалалардың үлесі 2,5 есе азайды.

 

Табандылық пен тәуекел керек

Ғылымды таңдауға үлкен жүрек пен тәуекел керек. Ғылымнан нәтиже шығару адам­нан табандылықты талап етеді. Ал ашыл­ған жаңалықты, жалпы ғылымды коммер­цияландыруға сөзсіз ерлік қажет. Өйт­кені жемісін бірден бере қоймайтын және бола­шағы белгісіз ғылыми жобаларды кәсіпке айнал­дыруға қаржы тарту – ғылымға деген үміті мен күдігі аралас көзқарасы бар қоғамда ерлікпен пара-пар іс. Мемлекет зор тәуекелмен ғылыммен айналысып жүрген ғалымдарға қолдау білдіруді таңдап, одан әрі көмектің тұрақты түрде көрсетіліп отыруын қолға алып, өз халқы толық сенім арта қоймайтын отандық ғылымды коммерцияландыруға бет алды. Бұл – батырлық еді.

2006 жылы ғылымды қолдау мақсатында Ғылым қоры құрылды. Мойындау керек, қор басында өзінің функционалдық міндеттерін, негізгі жұмыс бағытын айқындай алмай ауытқығанымен, кейін бір ізге түсті. Қордың негізгі бағыты – отандық ғалымдардың жобаларын өндіріске енгізіп, нарыққа шығару, соған мұрындық болу. Яғни мұнда жобаны әзірлеуге емес, «сөзден – іске» деген ұстаныммен идеяны жүзеге асырып, оның пайдасын адамзат игілігіне жарату мақсатында коммерцияландыруға басымдық беріледі. Қордың соңғы уақыттағы жұмыстарына зер салсақ, 2016 жылдан бастап бүгінге дейін мемлекеттен ғылымды қолдауға бөлінген 25 млрд теңгеге конкурстың нәтижесінде жеңген 157 жоба коммерцияланды.

«Біз жобаларға мемлекеттен ғана емес, жеке инвесторлардан да қаржы тартуға дәнекер болуды көздейміз. Мәселен, жоғарыда аталған жобаларды коммерцияландыруға жеке сектордан 4,3 млрд теңге тартылды. Осы кезеңде ғылыми нәтижелерге негізделген 100-ден аса өндіріс іске қосылды, оның тауар сату немесе қызмет көрсету бойынша жалпы кірісі 9,2 млрд тенгеден асты. Осы өндірістер табысының 183 млн теңгесі экспорттан түсті. Жалпы, ғылыми нәтижелерге негізделген өнімді сатудан салық төлемдері түрінде бюджетке шамамен 3,6 млрд теңге қаржы құйылды. Ғалымдардың жалпы табысы 3,3 млрд теңге көлемінде болды, оның ішінде роялти (ғалымдардың авторлық сыйақысы) 182 млн теңгеге жуықтады. Өндірістердің негізгі құрал-жабдықтарына 14 млрд теңге инвестицияланды. Сонымен қатар 1400-ге жуық жұмыс орны құрылды», деді «Ғылым қоры» АҚ төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев.

Қор өкілінің айтуынша, жоғарыда көрсе­тілген коммерцияландыру жобалары негізінен ауыл шаруашылығы, биотехнология, IT-тех­но­логиялар, медицина, тамақ өнімдерін өн­діру, химия өнеркәсібі, энергетика, машина­лар мен жабдықтар өндірісі, металлургия және экология бағыттары бойынша іске асырылады.

 

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

 

Назарбаев университеті – ғылымның ордасы

Назарбаев университеті – елордадағы ғылым ордасы ма дерсіз. Бұлай болуы да заң­ды, себебі аталған университет зерттеу бағытын ұстанады. Назарбаев университетінің (НУ) жанындағы Ғылыми әкімшілік кеңсесінің дирек­торы Асанбай Құдайбергенұлы мұның мәнісі оқу орнындағы ғылымды дамытуға бағыт­талған жүйелі жұмыстарда жатқанын жеткізді.

«2018 жылы университет базасында жаңа зертхана кешені ашылды. Аталған кешен НУ-дың ғылыми инфрақұрылымының бір бөлігі саналады және бұл 18 мың шаршы метрлік аумақты құрайды. Қазіргі таңда кешеннің құрамына 117 зертхана кіреді. Мұнда әртүрлі пәнаралық зерттеулер жүргізумен айналысатын ғылыми қызметкерлер мен оқытушы-профессорлық құрамнан жасақталған 9 түрлі ғылыми кластер бар. 2016-2020 жылдар ара­лығында НУ қызметкерлері 3 790 ғылыми ма­қала жариялады. Оның төрттен бір бөлігі CiteScore көрсеткіші бойынша бірінші квартильге кіретін беделді журналдарға шықты. Осыған дейін университет мектептерінің оқытушы-профессорлық құрамы арасында зерттеу жүргізуге 7 конкурс ұйымдастырылды. Конкурстың нәтижесінде 32 жоба жүзеге асты және тағы 210 жоба іске асырылып жатыр», дейді А.Құдайбергенұлы.

Дегенмен НУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы университет ішіндегі және отандық конкурстарға қатысумен шектелмейтін кө­рінеді. Олар 2017 жылдан бері тұрақты түрде халықаралық гранттарға қол жеткізіп отыр­ған. Erasmus, Russian Foundation for Basic Research, European Union Horizon 2020 Framework Program, Academy of Korean Studies, Economic and Social Research Council, Bill & Melinda Gates Foundation, Arts & Humanities Research Council (AHRC) UK, Engineering and Physical Sciences Research Council (EPSRC) UK, World Bank, Science for Peace and Security (SPS) Program of NATO, Global Challenges Research Fund секілді шетелдік қор құрайтын агент­тік­тер мен ұйымдардың қаржылай қол­дауы­­ның нәтижесінде 14 ғылыми жоба іске асы­рылған.

«Зерттеу университетін құруда «ең жақсы ақыл-ойдың», яғни дарынды студенттер мен университеттегі профессорлық-оқытушылық құрамның, ғылыми және мықты әкімшілік қызметкерлерінің бір уақытта бір жерге шо­ғырлануы – үлкен маңызға ие. Бірнеше жылдан бері университет үздік ақыл-ой иелері мен перспективалы оқытушы-профессорларды, ғылым саласының жұлдыздарын оқу орнына тарту бойынша жұмыс істеп келеді», дейді Ғылыми әкімшілік кеңсесінің директоры.

Техника мен технологияның заманында компьютерлік инженерияның орны орасан. Осыны анық ұғынған университет басшылығы оқу орнының базасында Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын құрды. Бұл институт индус­трия мен қоғамның, атап айтқанда ақылды индустрияның (Индустрия 4.0) проблемаларына практикалық шешімдер табу үшін машиналық интеллект саласында, медицина және денсаулық сақтауда, сондай-ақ үлкен мәліметтер, машиналық оқыту бойынша пәнаралық зерттеулер жүргізуді көздейді.

P.S. Бір елдің ғылыми әлеуеті сондағы сан қилы саланың ғылыми қауқарына, ондаған министрлік пен жүздеген ғылыми-зерттеу немесе ғылымды басқару мен қолдауға бағытталған мекемеге, ондағы мамандардың жұмысына – демек тұтас еңбекке байланысты. Ғылымға қатысты кез келген ұйым мен ғылымды жасаймын деп жүрген ғалымдар күш біріктіргенде ғана күрделі жолдағы отандық ғылым тағы бір жаңа белеске шығады. Өйткені жұмыла көтерген жүк жеңіл.