• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 12 Сәуір, 2021

Докторантураға түсу ережелеріне өзгертулер енгізілді

189 рет
көрсетілді

2021 жылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына түсу ережелеріне өзгертулер енгізілді. Енді докторантураға қабылдау электронды форматта жүзеге асырылады. Былтыр бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде тиімділігін көрсетті.

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қыз­ме­тінің мәліметі бойынша, биылдан бастап докто­рантураға қабылдау емтиханы электронды форматта жүргізілетін болады. Үміткерлер компьютерде отырып эссе жазады, докторантурада оқуға да­йын­ды­ғын растау үшін тест тапсырады және білім беру бағ­дарламасы тобының бейіні бойынша емтихан тап­сы­рады.

«Биыл докторантураға түсу ережелеріне бірқатар өзге­ріс енгізілді. Докторантураға қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтарының базасында дер­бес компьютер арқылы электронды форматта өтеді. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау ке­зінде қолданылған болатын. Бұл – қабылдау емтихандары тек тестілеу форматында өтеді деген сөз емес. Болашақ докторанттар жоғары оқу орындары бекіткен тақырыптар бойынша эссе жазады. Қабылдау емтиханының қорытынды бағасы эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихан бағаларының жиынтығы болып табылады», деді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

Магистратураға кешенді тестілеуге өтініш БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы 1 маусым мен 15 шілде аралығында қабылданады. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік электронды түрде тестіленушінің жеке кабинеті арқылы беріледі. Магистратураға кешенді тестілеу 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. Араб тілі бо­йынша және шығармашылық емтихандар 16-25 шілде аралығында өтеді.

Магистратура мен докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады.

Сонымен қатар Duolingo English Test 2021-2022 оқу жылына магистратура мен докторантураға түсу кезінде шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар тізімінен шығарылады.

Шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат докторантураға түсу үшін ғана міндетті болып табылатынын атап кеткен жөн. Магистратураның білім беру бағдарламаларына түсу үшін халықаралық сертификаттарды немесе кешенді тестілеу барысында шет тілінен емтихан тапсыруға болады.