Биыл қаңтар-сәуір аралығында көлік құралдарына салынатын салыққа байланысты жеке тұлғалардан бюджетке 19,7млрд теңге көлемінде салық түсті.
Наурыздың аяғына таман жинақталған қаражат 6,6 млрд теңгені құраса, алдағы төлемдер туралы хабарлама жіберілген соң, ақша көлемі 13,1 млрд теңгеге ұлғайған. Мұндай статистиканы Мемлекеттік кірістер комитеті жариялады. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, 2 сәуірден бастап әр кешіктірілген күнге өсімпұл есептеледі. Осыған дейін комитеттің Telegram арнасында көлік салығына қатысты сауалдама жүргізілген. Соған сәйкес, респонденттердің 36%-ы салық сомасын e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы білсе, 30%-ы банктің мобильді қосымшасы арқылы төлем жөнінде хабардар болды. Сол секілді қатысқандардың 5%-ы e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы калькулятордың көмегімен өздері есептесе, 21%-ы Мемлекеттік кірістер комитетінің порталындағы калькулятордың көмегіне жүгінген. Қалған 8%-ы Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, кеңес алуды құп көріпті.
Осыған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті көлік салығына байланысты алдағы төлемдерді алғаш рет e-Salyq Azamat мобильді қосымшасына жіберетінін мәлімдеген.
2020 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметтері негізінде есептелген.