• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2021

Үш жүз мыңнан астам адам екпе салдырды

101 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Тимур Мұратов қаладағы эпидемия­лық ахуал туралы айтты. Басқарма басшысының сөзінше, ел­орда­да эпидемиялық жағдай тұрақсыз. Қала инфекция жұқтыру бойынша әлі де «қызыл аймақта». Орта есеппен КВИ-мен күнделікті 430 жаңа жағдай тіркеліп отыр. Бұл былтырғы шілде айына қарағанда көбірек.

«Елордада коронавируспен ауыратындарды емдеу үшін 14 аурухана тартылды. Аталған ауруханаларда 1 889 орын бар. Бүгінгі күні 985 науқас ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Оның ішінде коронавирус 901 адамда расталған және 84 адам пневмониямен ем қабылдауда. Жансақтау бөлімінде 95 адам бар, оның 21 өкпені жасанды тыныстандыру аппаратында жа­тыр. Сонымен қатар 4 мыңға жуық адам үйде амбулаторлы ем қабылдауда», дейді Т.Мұратов.

Сонымен қатар ол елордада азаматтарды алдын ала жазу бо­йынша вакциналау басталғанын баяндады. Оның сөзінше, ұжым­дық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан астам адамға немесе қала тұрғындарының кем дегенде 60%-ына вакцина егу жоспарланған.

«Бүгінде елордада 22 500-ден астам адам коронавирусқа қар­сы вакцина салдырды. Бұл – медициналық қызметкерлер, оқы­тушылар, құқық қорғау ор­ган­дарының, дипломатиялық қыз­­меттегі қызметкерлер және со­зыл­малы ауруы бар адамдар. Вак­­цинадан кейін асқынулар тіркелмеген. Осы аптада қала тұр­ғын­дарының алдын ала жазы­луы бойынша жаппай вакциналау басталды. Яғни коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны алғысы келетін адамның барлығы өз еркімен жазылып, енді емханалардан шақыруды күтуде», деді Т.Мұратов.

Айта кететін тағы бір жайт, денсаулық сақтау басқармасы аста­на­­лық­тарды вакциналаудың алго­ритмін жасаған.

«Коронавирусқа қарсы ек­пе­ алғысы келетіндер екі жол ар­­қылы өтініш қалдыра алады. Азаматтар eGov порталы арқылы өздеріне ыңғайлы уақытта және орында вакцина алуға өтініш қалдыра алады. Екпе жасайтын мекемелердің тізімі eGov порталында бар. Дәрігер азаматты вакцина алу тізіміне қосқан соң, оған жеке нөміріне SMS-хабарлама келеді. Ол жерде уақыты, вакцина жасалатын жердің мекенжайы көрсетіледі», деп атап өтті ол.

Вакцина алған адамдар 30 минут бойы дәрігердің бақылауын­да болады.

«Халықты вакцинамен қамту үшін медициналық ұйымдарда егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін көбейтілді. Сондай-ақ халықтың екпе алуы қолжетім­ді болуы үшін санитарлық-эп­и­демиологиялық бақылау депар­таментімен бірге вакциналау пунк­ттерін қаланың сауда және ойын-сауық орталықтарында ор­на­ластыруды жоспарлап отыр­­­мыз. Қазіргі таңда «Mega Silk Way» СОСО-да барлық са­нитарлық-эпидемиялық талап­ты ескере отырып, халықты вак­циналауға дайындық жұмыс­тары жүргізілуде. Онда екі бригада түске дейін және екі бригада түстен кейін жұмыс істейді. Бригадалар дәрігерлер мен мед­бикелерден құралған», деп тү­сін­дірді басқарма басшысы.

Сәуір айында Алматыға шамамен 400 мың доза вакцина жет­кізіледі деп күтілуде. Мұн­дай деректі Алматы қалалық қо­ғамдық денсаулық сақтау бас­қар­­масының бастығы Нариман Табынбаев келтірді.

«Алматыда вакциналау бас­талғалы 68 650 вакцина келді. Ек­пені 49 160 адам салдырды. Қазір қалада 19 490 вакцина бар. Бізге 13 сәуірге дейін 69 мың вакцина келу керек. Айдың соңына дейін тағы 300 мыңнан астам вакцина алу жоспарланып отыр. Бұл сан әлі нақтыланатын болады, қазір арнайы штаб құрылды. Бұл дозалардың барлығы вакциналау пункттеріне таратылады», деді Н.Табынбаев.

Айта кететін жайт, өткен ап­тадағы мәлімет бойынша елімізде 313 611 адам вакцина салдырды.