• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2021

ARASHA отбасындағы агрессорлардан арашалайды

517 рет
көрсетілді

«Қазақстанның тең құқықтар мен мүмкіндіктер институты» қоғамдық қоры­ның президенті Маргарита Өскембаева тұрмыстық зорлық-зомбылық құр­ба­ны болған әйелдердің 40 пайыздан астамы күйеулеріне қайта оралатынын айтады.

«Дағдарыс орталықтарының қыз­метін жетілдіру, отбасылық-тұр­мыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу және агрес­сорлармен жұмыс істеу жөніндегі шара­ларды әзірлеу және іске асыру» республикалық жобасының бас­талуына арналған онлайн баспасөз-кон­ференциясына АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шах­мардан Байманов, «Азаматтық бас­тамаларды қолдау орталығы» бас­қармасы төрайымы Лима Диас және басқа да қоғам қайраткерлері қатысты.

ARASHA баспана мысалында (Алматы қ.) біз тұрмыстық зорлық- зом­былық құрбаны болған әйелдердің 40%-дан астамы агрессор жұбайларына оралатынын көреміз. Оның әртүрлі себептері бар – бірі суымаған сезімдерінің жетегінде күйеуіне қайта келеді, бірінің баратын жері жоқ. Күйеуі түзелуге уәде береді. Осы әйелдердің жартысы өмір­лерін жаңадан бастап отбасында қалады, екінші жартысы  қайтадан бізге  жүгінеді», дейді М.Өскенбаева.

Осыған байланысты, аталған жобаны іске асыру аясында агрессорлармен жұ­мыс істеудің практикалық әдістері нұс­қаулықтар мен әрекеттер алгоритмін жасау арқылы қолданылады.

«Жоба тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алуға және Қазақ­стандағы жағдайды жақсарту бойын­ша кешенді шаралар қабылдауға ба­ғытталған. Мысалы, дағдарыс орта­лықтарының қызметін жетілдіру. Біз олардың еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейтінін біле­міз, тұрмыстық зорлық-зомбылық құр­бандарына әлеуметтік қызметтер көр­сетудің стандарты бар. Бірақ олардың нақты саны әлі белгісіз. Жоба аясында қор алғаш рет еліміздің 10 әскери оқу орнында ақпараттық-түсіндіру науқанын жүр­гізетін күш ведомстволарының отс­тав­­ка­дағы қызметкерлерін ерлермен әң­гімелесуге тартады. Онда ер адамдар білім алады – болашақ полицейлер, әскерилер. ARASHA тәжірибесінде күштік құрылым өкілдері отбасында агрессор болған жағдайлар болды. Олар эмоцияға берілмей, мәселені күш қол­дану әдісі арқылы шешуге үйренген. Жұ­мысы ауыр. Үйге келіп, әйеліне, балаларына мінез көрсетеді. Ал таңертең дым бол­мағандай гүл беріп кешірім сұрайды және әрі қарай өмір сүре береді. Әйелдер мұн­дай жағдайға көніп, ондаған жылдар бойы солай өмір сүруге мәжбүр» дейді М.Өскенбаева.

Лима Диас өз сөзінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кө­мек көрсету жөніндегі дағдарыс ор­талық­тарына алғыс білдірді. «Осы жо­ба аясында серіктес болған дағ­дарыс орталықтарына шын жүректен алғы­сымды білдіремін. Бүгінде аталған орта­лықтар қаржылық қиындықтарға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құпиялылығын, тұрғын үй, психология­лық, заңдық және әлеу­меттік көмек тұр­ғысынан кешенді қол­дауды қамтама­сыз етуде», деді ол.

Сондай-ақ жоба шеңберінде өңірлер­де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру жөніндегі алғашқы республикалық жобалық кеңсе құрылады. Агрессорлардың қолынан зардап шеккен 500 әйел мен олардың ба­лаларына психологиялық көмек көр­­сетіледі. Осы жобаны іске асыру шең­берінде агрессорлармен жұмыс іс­теуге оқыту бойынша тренингтер мен вебинарлар жоспарланған: әйел­дерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі 75 инс­пектор және кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспектор барлық өңірде оқудан өтіп, өз білік­тілігін арттырады.

Еске сала кетейік, жоба Азаматтық бас­та­маларды қолдау орталығы мен Ақ­парат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қолдауымен жүзеге асырылуда. Ал Алматы қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнал­ған ARASHA баспанасы – 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істейтін «Қазақ­станның тең құқықтары мен тең мүм­кіндіктері институты» қоғамдық қорының әлеуметтік жобасы. Мұнда әйелдер психологиялық, заңгерлік көмек алады, жұмысқа орналасады немесе мамандық алуға көмектеседі. Өз жұмысының басынан бастап 2021 жылғы 1 сәуірге дейін ARASHA баспанасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 418 жанға кешенді қолдау көрсетті.