• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2021

Жарлыны байланыс желісімен жарылқады

366 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының Жарлы ауылына жоғары жылдамдықты интернет тартылды. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі қызметі хабарлады.

Аталған елді мекен облыс орталығынан 255 шақырым шал­ғайда орналасқанын ескерсек, ауыл халқы ұзақ жылдан бері сапалы интернеттен таршылық көріп келді. Ұлттық оператордың ақпаратына сүйенсек, алғаш рет Жарлыға интернет 2015 жылы EV-DO технологиясы арқылы тар­тылған еді. Алайда оның жыл­дамдығы 512 килобит секунд­тан ары аспай, оны тек 1189 ауыл тұр­ғынының 12-сі ғана пайдаланған.

«Бүгінде EV-DO технология­сы ескірген, ал оның көптеген бөлшегі қазір шығарылмайды. Ин­тернет жылдамдығының тө­мен­дігіне қарамастан, бұл қыз­метке ауыл тұрғындарының сұ­ранысы жоғары еді. Сол се­бепті ауылдағы интернетке қа­тысты мәселені реттеу үшін оң­тайлы шешім қабылдау керек болды», деді «Қазақтелеком» АҚ Орталық ӨТД В2С сегментінің коммерциялық директоры Дамир Сейсенбеков.

Былтыр ұлттық байланыс операторының филиалы Жарлы елді мекенін радиокөпір технологиясы арқылы 12 Мбит/с дейінгі жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жөнінде техникалық шешім әзірлеп, қазір «Қазақтелеком» алғашқы 100 або­нентті сапалы интернетке қосып үлгерді. Нәтижесінде халық бар­лық заманауи телекоммуникация қызметін, оның ішінде онлайн сабақ, бейнеқоңырау және басқа да қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігін алды.

«Бұрын тек хабарлама ғана жолдай алатынбыз. Фото және бейнероликтерді жүк­теу қиынға соғатын. Таяуда «Қазақтеле­комның» қызметін қостық, сол ар­қылы әлеуметтік желілерді пайдалануды үйрендім. Қазір Telegram немесе Zoom арқылы қазақтың ұлттық қол өнері бо­йын­ша шеберлік сабақтарын кө­ріп жүрмін. Сүйікті ісім табыс әке­летін болса, бұл мен үшін ба­қыт», деді Жарлы ауылының тұр­ғыны Күлжан Алдашева.

Сонымен қатар аудандық әкім­діктердің қолдауымен Қа­ра­ғанды облысының 30 ауылына жоғары жылдамдықты мо­бильді интернетті пайдалануға мүмкіндік беретін қондырғы орнатылды. Бұл ретте аталған өңірдің елді ме­кендеріне жоғары жыл­дамдықты интернетті тар­туға Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байла­ныс желісінің (АЕМ ТОБЖ) құры­лысына байланысты жалпы­ұлттық жоба септігін тигізгенін айта кеткен орынды. Осы жоба өңірдің 36 ауылындағы 120-дан астам мемлекеттік мекемені (әкім­діктер, мектептер, ауруханалар, полиция бөлімшелері) 10-нан бастап 100 Мбит/с дейінгі жыл­дамдықтағы интернетпен қам­тамасыз етуге мүмкіндік бер­ді. Аталған елді мекендердегі үй шаруашылықтарының телекоммуникация қызметтеріне қосылу саны 4 мыңға дейін өскен.

«АЕМ ТОБЖ», «250+» GPON технологиясы, радиоқосылу жобалары арқылы қалалар мен ауыл­­дар арасындағы цифрлы тең­сіздікті жою бағытындағы бас­ты міндетті шешіп келеміз. Енді Жарл­ы ауылының тұрғындарына да ірі қалалардағы секілді теле­ком­муникация қызметтері қол­жетімді. Халыққа анықтама және басқа да құжаттар алу үшін ауда­н орталығына барудың қажеті жоқ. Оның барлығын қашықтан алуға мүмкіндіктері бар», деді Д.Сейсенбеков.

Құрылған желілік инфрақұры­лымның негізінде  мобильді операторлар, «250+» жобасы аясында Қарағанды облысындағы 85 ауылды кең жолақты мобильді интернетке қосты. Ал FTTH және GPON технологиясы арқылы Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Шахтинск, Теміртау қалалары мен Осакаров кентінің 50 мың­нан астам тұрғыны цифрлы инфрақұрылымға қол жеткізді. Облыстың тағы екі қаласында, атап айтқанда, Саран және Абайда жаңа желімен 508 көп пәтерлі үйді қамту жоспарланып отыр.