• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Сәуір, 2021

Тәуелсіздік және ұлт менталитеті

1770 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет» деп ой түйеді.

Шынында да кемел халық болу үшін не істеуіміз керек? Кемел халық қандай құндылықтарды басшылыққа алуы қажет? Кемел халықтың басты қасиеттері мен көрсеткіштері, өлшемдері қандай? Кемелділікті қалыптастыру үшін санамыз бен ойымыздағы қандай кемшіліктерден бас тартуымыз керек деген сан мыңдаған сұрақ туындайтыны сөзсіз. Бұл біріншіден. Екіншіден, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын артқа тастаған қазақ қоғамының бүгінгі рухани дүниесі тәуелсіздікті «бәрінен қым­бат, асыл қазына» ретінде көздің қара­шығындай сақтауға және оны қор­ғауға дайын ба? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін ұлттың ментальдық болмыс ерекшеліктеріне, қазіргі қоғам жағ­дайын­дағы рухани құндылықтары мен ұстанымдарының қалыптасуы мен даму тенденциясына назар аударған дұрыс. Ол үшін ХХ ғасыр бойы қалыптасқан ұлтымыздың рухани болмысы мен ментальдық кеңістігіне назар аударайық.

Әрине, ХХ ғасыр бойы ұлт болмысында тек жаман қасиеттерді қалыптас­тыр­ды десек, артық айтқан болар едік. ХХ ғасырда ұлттың сауаттылығы, бі­лім­ге деген құштарлығы артты. Қазақ бі­лімді, сауатты халықтардың біріне ай­налды. Қазақ халқы ғылым мен тех­­ни­каны, жаңа технологиялар мен ком­­му­никацияның, мәдениет пен өнер­дің сан алуан түрін меңгерді. Әлем халық­тарымен байланысқа түсе отырып, әртүрлі мәдениеттер мен ойларды, дүние­танымдар мен ұстанымдарды, құнды­лықтар мен дәстүрлерді өз қазанында қайната отырып, өзінің этностық, рухани бірлігін сақтай білді, өркениет кө­шіне ілесіп өзінің даму жолын таң­­дау­ға мүмкіндіктер баспалдақтарын қала­ды. ХХ ғасырда қазақ жерінде жаңа әлеуметтік-саяси құрылымдар мен қоғам институттары, мемлекеттің би­лік тармақтары (атқарушы, заң шығару­шы, сот) толыққанды, заман талаптарына сай өз жұмыстарын атқарды. Аг­рарлық және индустриалдық қоғам ерек­шеліктеріне сай ментальдық бол­мысын қалыптастырды. Қазаққа тән ашықтық пен бауырмалдықтың, шы­на­йы­лықтың озық үлгісін көрсетті. Бөтен­ді жатсынбай, өз бауырына бас­т­ы, бір үзім нанымен, кең пейілімен бө­ліс­ті. Өзінің бейбітсүйгіш халық еке­­нін дәлелдеді. Адамгершілікті, па­ра­сат­тылық пен даналықты, ар мен ұят­ты ту етті. Дүниеге, қоршаған адами бол­мысқа адамгершілік тұрғысынан қа­рай білді, барлығын осы биіктіктен баға­лап отырды. Рухани құндылықтарды материалдық құндылықтардан жоғары қойды. «Арым – жанымның садағасы» деп, ұрпағын тәрбиеледі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп, аруақтарын сыйлады. «Отан от басынан басталады» деп отбасылық құндылықтарды тәрбие көзі ретінде қарастырды. Ер мен елді, ана мен жерді егіз ұғым деп қа­был­дады, кіндік қаны тамған жерді ата­мекенім деп санады. Тілді өнер алды деп түсінді, сөз құдіреттілігіне сен­ді, дауын бір ауыз сөзбен шеше біл­ді, сөзге тоқтады, «үлкен тұрып, кіші сөй­легеннен без» деп ұрпағын тәр­биеледі. Қызына болашақ ана деп қара­ды. Бұл қазақ халқының ментальдық бол­мы­сының басты ерекшеліктері еді.

Десек те, кешегі тоталитаризм және оның идеологиясы қазақтың ұлт­тық санасының тұтастығына жазылмас­тай жара салды, ұлттық сана таптық сананың құрбаны болды, ұлттың тари­хи жады өзінің төл тарихынан тыс­қары қалыптасты. Басқаша айт­қанда, тоталитарлық идеология ұлт­тық сананы «тулақша» иледі, өз құнды­лық­тарын ұлттық сананың негізі, қозғау­шы, жетекші күші деп ұқтырды. Тотали­тарлық жүйе қалыптастырған рухани құн­дылықтар мен ұстанымдар үрдісі тоқ­тағанмен оның рудименттері әлі де болса санамызда сайрап жатқаны бар­шаға аян. Кейде өткенді аңсап, кешегі кеңестік дәуірге қайта оралуды көздейтін белсенділер бүгінгі қоғамдық сананың даму бағытына әсер етуге тырысып бағуда. Тоталитарлық идеологияның сая­си біріктіргіш қасиетінің ерекшелігі мен құдіреттілігіне мән беріп, оны тіріл­тудің жолдарын қарастыруда. Осын­дай санадағы «өлара шақ», бүгінгі тәуел­сіздіктің қадір-қасиетін, оның бағасын анықтауға әсер етуде.

ХХI ғасыр қазақ үшін нарықтық экономика, ақпараттық және цифрлы технологияға негізделген, либералдық сипаттағы құндылықтардың заманына айналып отыр. Бұл ғасыр қазақ мен­талитетіне өзіндік өзгерістер әкел­гені белгілі. Нақты айтар болсақ, қазақ хал­қы нарықтық экономиканың қыр-сырын, оның тетіктері мен әдістерін мең­гере білді. Олардың іскерлік, кәсіби белсен­діліктері арта түсті. «Пайда», «байлық», «табыс», «ақша», «айырбас», «ұсыныс», «сұраныс», «мүдде», «тиімділік» және т.б. сияқты нарықтық экономикалық ұғым­дарды жете меңгере отырып, жал­пы экономикалық еркіндік және кәсіп­керлікті, бәсекеге қабілеттілікті дамыта білді. Ұлт менталитетінің прагматикалық сипаты артып, оның экономикалық ұстанымдары нығайды. Ұлт менталитеті патернализм, масылдық, жайбасарлық сияқты психологиялық құбылыстардан арыла бастады.

Десек те, рухани саладағы жеңіліс­тері­міз өркениет жолындағы қазақ қоға­­мының өзара бірегейленуі мен тұтас­тануына ауыр соққы болып отыр­ғаны белгілі. Рухани азғындаулар мен ауыт­қулар, этикалық, эстетикалық дезинтеграциялар, шектен шыққан көрген­сіздік пен бассыздықтар ұлттың біртұтас болып ұюына кері әсерін тигізуде. Тобырлық психология жалпылама сипат ала бастады. Тұтынушылық дүниетаным мен іс-әрекет форматы басымдылыққа ие болып, ұлттық қасиеттер мен адами құндылықтар кері ысырылуда. Мұндай тобыр өкілінің діттегені де басқа, өмірлік ұстанымдары да өзгеше. Жасампаздық іс-әрекетті тұтынушылық менталитет ауыстыру үстінде. Сезімдік, тәндік қажеттіліктерді қанағаттандыру, көңіл көтеру, өмірден тек ләззат іздеу, сауық-сайран салу, құмарлықты басу адамдар іс-әрекетінің жетекші тетіктеріне айналуда. Мұндай сипаттағы адамдар саны жыл санап көбейіп келеді, болашақта да көбейе бермек. Ондай адамдардың дүниетанымы рухани құндылықтардан алшақ. Мұндай тіршілік иесі өзгенің ақылына сенгіш, бөтеннің кеңесін қа­был­дағыш, еліктегіш, сыртқы ықпалға бейім болып келеді. Онда сыни ойлауға орын жоқ. Манипуляцияның объектісіне жиі айналып, қателіктерге көп бой алдырады. Олар тұтынушылық қоғамның жемісі және басты субъектісі. Іс-әре­кет­терінде этикалық нормалар мен адам­гер­шілік ұстанымдар жиі ауысып, жауыз­дық пен ізгілік, әділеттілік пен әділет­сіздік, ар мен арсыздық жиі орын алма­сып тұрады. Мұндағы басты себеп – рухани мешеулік, жеке тұлғалық қа­сиет­тердің қалыптаспауы. Ондайлар үшін тобырлық сана шеңберінде қалу әлде­қайда тиімді және ыңғайлы. Осы жағ­дайда тәуелсіздікті қалай қорғай аламыз?

Бізде тұтынушы қоғамды қалыптас­тырып отырған мұндай ағымдарға қарсы тойтарыс беретін рухани күштердің қайнар көзі қайда? Жасампаз рухани күштердің тиімді тетіктері қандай деген сұрақтар туындайды. Әрине, ойға бірден оралатын құндылықтар, ол – отансүйгіштік, патриотизм, ар, намыс, ұят, әділеттілік, парасаттылық, білім­паздық, еңбекқорлық, достық, өзара сый­ластық, өзара көмек, мәдениет­тілік және т.б. құндылықтар. Аталған құн­дылықтарды қоғам санасына сіңірмей тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіну әсте мүмкін болмайтыны сөзсіз.

Шындығында, тәуелсіздіктің төртін­ші он жылдығына аяқ басқанда, ұрпақ ауысып, олардың дүниетанымы мен құндылықтардың қалауы өзгеріп жат­қанда тәуелсіздікті кім баянды етеді деген сұрақтың туындауы заңды құбылыс. Дүниеге алдыңғы ұрпаққа ұқсамайтын, отызында орда бұзатын, қырқында қамал алатын жастар келді деп, үмітімізді үкілеп отырған жайымыз бар. Десек те, бүгінгі жастардың рухани әлемі қандай, олар үшін басты құндылықтар неде, олардың өмірлік ұстанымдары елді қай жағаға шығармақ деген сұрақтарға жауап іздеп, әлеуметтік-психологиялық болмысына тереңірек көз жіберер болсақ, көптеген «әттеген-ай»-ларды байқауға болады. Солардың бірі, жастардың жалған имидж-келбет жасауға құштарлығы. Кейде жалған имиджге малсынып өзі­нің шынайылығынан алшақтап, қолдау­шылар мен жанкүйерлерінің арқасында өмір сүріп жатқаны қаншама?! Қысқаша айтқанда, біздің жастарға дұрыс, сыни тұрғыдан өздеріне өзіндік баға беру жетіспейтін тәрізді. Біреулер жастарға албырттық пен бозбалалық тән деп айтар. Ондайға кешіріммен қараған абзал деп, өзімізді тағы сәл жұбатармыз. Десе де, жастар үшін маңыздысы өзге біреу­лер­дің қолпаштауы мен мадақтауы болма­са керек. Қолпашқа оранған құрмет кү­шей­ген сайын ел алдында тұрған ұлы іс­тер­­ді меңгерумен бағындырудың ауы­лы алыстай беруі мүмкін екенін ес­тен шы­­­ғар­маған дұрыс. Тек, сол ұлы істер­ді меңгергенде ғана, сол жолдағы адал жа­сам­паз еңбек нәтижесін қоғам дұрыс және әділ бағалай білген жағдайда ғана рухани серпіліс болатыны белгілі. Әзірге бұл жолда жастарымызды үміттендіру басым. Тірлік те, қарекет те содан аспай отыр. Ондай бағалау тобырлық ортаға сіңдірудің ең тиімді жолы болуы да ықтимал. Мәселен, әлемдік деңгейдегі талантты әнші Димаштың өнерін алып қарайық. Ән әлеміндегі мұндай бірегей құбылысты дұрыс бағалай білу де қоғам мүшелерінен мәдени биіктікті талап етеді. Өкінішке қарай, көп жағдайда Димаш өнеріне қалыптасқан дәстүрлі деңгей тұрғысынан баға беру бар екенін байқаймыз. Сонымен бірге, бұл бүгінгі тұтынушылық қоғамның ойлау және талғампаздық деңгейін көрсетеді.

Тәуелсіздікті қорғау бүгінгі ұрпақтың мінез-құлқы мен қайрат жігерінің деңгейіне, сапалық қасиеттеріне тікелей байланысты екені мәлім. Бұл мәселе, ақпараттық, цифрлы технология, жасанды интеллекті жасау заманында ерекше сипатқа ие болуда. Тұтынушылық қоғамда олардың мінез-құлқы, ойлау жүйесі, дүниені қабылдау деңгейі де стандартталған ба дерсің. Олар кейде конвейерден шыққан «машиналарды» еске салатындай. Керек десеңіз, олар бөгдеге ұқсауға, басқаларға еліктеуге, жетекке ілесуді ғана үйренген тәрізді. Көп жағдайда олардың ментальдық жүйесі тобырлық мәдениет жетістіктерімен әрленген, толықтырылған ба дерсің. Нәтижесі – жаттанды қайталаудан шыққан іс-әрекет, түпнұсқалық сипаттан ада қарым-қатынас, көзқарас пен ұстаным. Олардың дүниетанымы мен рухани дүниесінде ұлттық құн­ды­­лықтарға орын қалмаған, яғни ор­нық­паған. Олар үшін Шоқан, Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұх­тар, Қаныш, Бауыржан идеал емес. Хал­қы­на қызмет ету, ұлтының керегіне жегілу, құндылықтарын қорғау мақсат емес. Осындай жағдайда тәуелсіздікті қор­ғай­тын, оның қадір-қасиетін дұрыс баға­лай алатын ұрпақ қайда екен деп ой­лай­сың. Әрине, ел болғасын, оның жақ­сысы да, жаманы да, тектісі де, тексізі де болады. Десек те, қазаққа қызмет етудің өркениеттік үлгісін жасап кеткен ұлы бабаларымыздың істері мен ерлігі бүгінгі рухани жаңғыруымыздың шынайы негізі болу керектігі сөзсіз дүние.

Қалыпсыздықты түзету, оған қарсы­лық танытудың идеологиялық, тәрбие­лік, танымдық ықпалдарын арттырудың уа­қыты жеткен тәрізді. Болмаған жағ­дайда өзін қор көру ауруы үдей түседі, жастардың жасампаз рухына тұсау түсіп, бөтен құндылықтарды паналап, оның қараңғы қалтарыстары мен біз үшін қауіпті тұстарына селт етпейтін әдет қалыптасады. Оны біз күнделікті тірліктен көріп те жүрміз. Солардың бірі әлеуметтік кеңістікте кең етек алып отырған жасандылық (бутафория). Жа­сан­­дылық, жасанды көріністер қоғам­ның барлық саласын, тіпті жастар санасында жаулай бастаған. Қай жерде жасандылық сол жерде дағдарыс, мағынасыз тіршілік, арын сатып алға жылжу, әділетсіздік пен заңсыздық бар екенін білсе де, «үйірден адасып қаламын ба?» деген үрей, немесе «көппен көрген ұлы той» деген таптаурын болған түсініктер жастар санасын улай бастаған тәрізді. Мұны, біз «ментальдық ластану» деп атаймыз. Бұл өз кезегінде «тұлғасыздануға» жол ашады. Сондықтан, бұл мәселе, мемлекет пен ұлт, жалпы қоғам алдында тұрған рухани жаңғырудың маңызды міндеттерінің бірі болуы тиіс.

Қазақ менталитетінің тәуелсіздікті қорғаудағы мүмкіндіктерін саралауда ерек­ше назар аударатын бір мәсе­ле, ол оның ішкі мүмкіндіктерінің жасам­паз­дық сипаты. Оның негізінде жататын басты құндылықтарға: ашықтық, өзара сый­ластық, өзара түсінік, мәмілелік білім­нің салтанат құруын, үнемшіл болуға ұм­ты­луды жатқызуға болады. Атал­ған құн­дылықтар ашық қоғам, демокра­тия, құ­қық тәрізді өркениеттік құндылықт­ар­дың қайнар көзі, рухани негізі екені сөзсіз.

Қоғамның бірігуі, азаматтық келісім идеясы негізінде «ментальдық бірігу» идеясы жатса керек. Ментальдық бірі­гу­­ден тысқары жүргізілген «бірі­гулер» қашанда жалған, жасанды. Сон­дық­тан, «тегіңе тартсаң тозбайсың» деп айтқан халқымыздың дана сөзі өзі­нің маңыздылығын бүгінде тағы бір дәлелдеп отыр. Тектілік иегерші­лікке, мұрагершілікке жол сілтейді, тәуелсіз­дікті баянды етеді, тұғырын мызғымастай қылады. Жастардың тәуелсіздік жолын­дағы рухани жауапкершілігін арттырады. Ұлт менталитетінің тұтастығы да, бүгінгі ұрпаққа үлгі болар ұстанымы да осында болса керек.

 

Төлеуғали ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ,

философия ғылымдарының

докторы, профессор