Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әйелдер күресінен Азия чемпионатында алғашқы бес салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынуда, деп хабарлайды Egemen.kz
50 кило салмақтағы Валентина Исламова тұсаукесер кездесуінде үндістандық Сема Семаға сан соқтырды. Келесі кезеңде моңғолиялық Анудари Нандинцэцэгтің осал тұсын табу үшін оған небары 26 секунд жеткілікті болды. Жартылай финалда Исламова тайпейлік Юнг Хсун Линнің тас-талқанын шығарды. Бұл жолы жерлесіміз 24 секундта таза жеңіске қол жеткізді. 55 кило салмақтағы Айша Уәлихан бастапқыда кореялық Ким Хиунжумен тең түсті. Есеп – 5:5. Күрес ережесі бойынша тең есеп тіркелген жағдайда соңғы әдісті кім жасаса, жеңіс соған беріледі. Бұл ретте Айшаның асығы алшысынан түсті. Алайда екінші кездесуде ол моңғолиялық Дулгун Мұңхболд Болормаға жол берді. 59 кило салмақтағы Диана Қаюмова үндістандық Сарита Сарита мен моңғолиялық Шоовдор Батаржаваға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. 68 кило салмақтағы Анастасия Панассович те дәл сондай жағдайға душар болды. Ол қырғызстандық Мейірім Жұманазарова мен өзбекстандық Азода Есбергеноваға жол берді. 76 кило салмақтағы Елмира Сыздықова алғашқы айналымда қырғызстандық Айпері Медетқызына есе жіберсе, келесі кезеңде моңғолиялық Загардулам Найғалсуреннің аяғын көктен келтірді. Жартылай финалда Елмира үндістандық Пожа Пожаны санаулы секундта ұтты. Енді ақтық айқаста ол қайта Айперімен күш сынасады.