• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Сәуір, 2021

Есірткі: Интернеттегі сауда ерік бермей барады

484 рет
көрсетілді

Құқық қорғау органдары әлемдегі «көлеңкелі бизнестің» көш басында адам, қару-жарақ және есірткі саудасы тұрғанын айтады. Аталған қылмыстардың алғашқы екеуі Қазақстанда қарқын алып тұрмағанымен, есірткі саудасына қатысты жағымсыз жайттар әлі де тыйылар емес.

У саудалап ұртын майлағандардың ұрымтал тұсын тауып, заң алдында жауапқа тарту да оңайға соғып тұрған жоқ. Соған қарамастан, осы жылдың алғашқы тоқсанында тәртіп сақшылары 1 тоннадан астам есірткі өнімін тәркілеп, 861 қылмыстың беті ашылды.

Жаһандағы жағдай жаға ұстатады. БҰҰ-ның 2019 жылғы мәліметіне сенсек, дүние жүзінде 35 миллионға жуық адам есірткіден зардап шегеді екен. Алайда жеті адамның тек біреуі ғана ем қабылдайтын көрінеді. Бір сәттік алдамшы тән рахаты үшін болашағына балта шабатындардың ақылға қонымсыз әрекетін түсінуге тырыспай-ақ қоялық. Қоғамды алаңдататыны – сұраныс болған жерде саудалаушының да табыла қалатыны болып отыр. Оған есірткі қылмысына қарсы елімізде қолға алынып жатқан іс-қимылдардың нәтижесі куә.

– 2021 жылдың 1-тоқсанында 861 есірткі қылмысы анықталды. Соның ішінде 602 өткізу және 163 аса ірі мөлшерде есірткі сақтау фактісі бар. Әртүрлі 1 тонна 056 кило есірткі тәркіленді. Соның ішінде 3 кило героин, 764 кило марихуана, 252 кило гашиш және 24,4 кило синтетикалық есірткі бар. Сонымен қатар 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тұсау салынды. Топтың 2 жетекшісі мен 11 мүшесі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық кірістерден келіп түскен 11 млн теңгеден астам соманы заңдастырудың 1 фактісі тіркелді, – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев.

Полиция қызметкерінің айтуынша, бүгінде бүкіл әлемдегі сияқты, елдегі есірткі мәселесіне қатысты жағдай айтарлықтай өзгеріске ұшыраған екен. Яғни «дәстүрлі» есірткіні жаңа психобелсенді заттар алмастыра бастапты. Бұл заттар есірткінің «дәстүрлі» түрлерінен салыстырмалы түрде арзандығымен, айқын психотроптық әсерімен және тәуелділіктің тез қалыптасуымен ерекшеленеді. Яғни тәртіп сақшыларына «заманның түлкі болуына қарай тазы боп шалуына» тура келген секілді.

– Алғашқы тоқсанда жаңа психобелсенді заттарды таратудың 369 фактісі анықталды. Соның ішінде, сатудың – 173, сақтаудың 39 оқиғасы бар. Бұдан бөлек 24,4 кило есірткінің заңсыз айналымына жол берілмеді. Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Атырау және Ақмола облыстарында «синтетиканың» ірі көлемі тәркіленді. Мәселен, наурыз айында Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде арнайы операция ұйымдастырылды. Нәтижесінде, синтетикалық есірткіні келушілер арасында таратқан екі жас жігіт ұсталды. Қылмыскерлер төлемді онлайн аударымдар арқылы алып отырыпты. Есірткі сатушы мен оны тұтынушылардың бірінен буып-түйілген мефедрон тәркіленді. Күдіктілердің пәтерлерін тінту кезінде сатылымға шығарылмақшы болған синтетикалық есірткі мен оны буып-түюге қажетті жабдықтар табылды. Түнгі клубтың иесіне есірткі таратуға қарсы шара қолданбағаны үшін әкімшілік іс қозғалды, – дейді Б.Нұрғалиев.

Жыл басынан бері есірткі жасауға бейімделген 8 зертхана анықталып, көзі жойылыпты. Айтайық Петропавлда синтетикалық есірткі өндірісімен ерлі-зайыптылар айналысыпты. Олар Жамбыл облысының Миролюбово ауылында үй сатып алып, жасырын зертхана ұйымдастырған екен. Есірткі өндіруге қажет прекурсорлар мен химикаттарды ТМД елдерінен сатып алып келіпті. Олардан есірткіні қаптауға қажет материалдар, шприцтер, фармацевтикалық таразылар, өндірістік процестерді сипаттайтын жазбалар және 1 килодан астам синтезделген дәрілік заттар тәркіленді.

– Ақпараттық-коммуникациялық жүйелер дамыған сайын есірткіні сату және тарату әдістері де өзгеріп барады. Мәселен, интернеттің өзі заңсыз айналымның алаңына айналды. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылдан бастап Қылмыстық заңнамаға жаңа қылмыстық құқық бұзушылық түрлері енгізілді. Ол – есірткіні қолдануға итермелеу және оларды интернет арқылы сату. Бұдан былай мұндай қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылып, құқық бұзушыны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Жыл басынан бері есірткіні интернет арқылы сату бойынша 18 қылмыстық іс тіркеліп, оның екеуі сотқа жолданды, – дейді Б.Нұрғалиев.

Елімізде есірткіні насихаттағандар мен заңсыз жарнамалағандар өткен жылдан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартыла бастады. Ала жіптен аттағандарды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Соған қарамастан, жыл басынан бері елімізде осындай 48 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Мәселен, Алматыда 29 жастағы ер адам ұсталды. Жеке басты тінту кезінде есірткі тарататын сайтқа сілтемелер жазылған стикерлер табылды. Белгілі болғандай, қылмыскер трафарет пен стикерлерді баспаханаға тапсырыс беру арқылы әзірлеген екен.

– Интернеттегі заңсыз контенттерді анықтау мақсатында арнайы бөлім ғаламтор кеңістігін ұдайы бақылап отырады. Тұрақты түрде жүргізілетін бұл жұмыстың нәтижесінде, өткен жылы 1200-ден астам веб-сайттарды, аккаунттарды және есірткінің заңсыз айналымы туралы ақпаратты қамтитын басқа да ресурстарды анықтадық. Осы жылғы алғашқы үш айда 400 сайт анықталды. Барлық мәлімет қазақстандық интернет пайдаланушылардың кіруіне тыйым салу, бұғаттау жұмыстарын жүргізу үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберілді, – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы.

Есірткінің «дәстүрлі» түрлерінің заңсыз айналымын анықтау жұмыстары да жалғасып жатыр. Мәселен, полиция қызметкерлері Ақмола облысында героин жеткізілетін каналдың көзін жойды. Яғни бұрын есірткі саудалағаны үшін сотталған Целиноград ауданының тұрғыны мен елордалық азаматша парамен ұсталды. Жеке тексеру кезінде сатуға арналған 595 грамм героин, ал үйді тінту кезінде тағы 845 грамм героин тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы мөлшері 1440 грамды құрады. Осылайша, шамамен 24 млн теңгенің өнімі заңсыз айналымға жіберілмеді.

– Героиннің аса ірі партиялары өзге аймақтарда да тәркіленді. Мәселен, Жамбыл облысында – 600 грамм, Қостанай облысында Тобыл қаласының тұрғынынан 200 грамм тәркіленді. Бұл есірткі түрінің аса ірі көлемі 1 грамнан басталады. Сонымен қатар каннабисті топқа жататын гашиш пен марихуана сынды есірткі түрлерінің де ірі көлемі анықталды. Мәселен, Ақтөбе облысында бір операция нәтижесі бойынша 165 килодан астам марихуана мен 10 килоға жуық гашиш тәркіленді. Жамбылда – шамамен 48 кило, Қостанай облысында – 5,5 кило гашиш саудаға жіберілмеді, – дейді Б.Нұрғалиев.

Ішкі істер органдарының тағы бір міндеті – есірткі мен прекурсорлардың заңды айналымына бақылау жасау. Мәселен, полиция қызметкерлері республикалық «Дәрмек» операциясының бірінші кезеңін өткізді. Осылайша, тәртіп сақшылары 700-ге жуық кәсіпорын мен ұйымды тексеріп, ондағы 102 құқық бұзушылықты анықтады. Ондай заң бұзушылықтардың 53-і – дәріханада тіркелмеген дәрілік заттарды рецептсіз беру болып отыр.