• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2021

«Бір терезе» ме, әлде, «Жүз терезе» ме?..

540 рет
көрсетілді

Кезінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер халыққа барынша қолжетімді болсын, жұрт ұзын-сонар кезекке тұрып жүйкесін жұқартпай, «бір терезеден» барлық мәселесін шешіп алсын деген ниетпен ашылған еді. Басында бұл орталықтар жап-жақсы қызмет істеп, халықтың алғысын алған. Алайда, кейінгі кезде олардың қызметінде «жаны сірі» бюрократия тағы бас көтере бастаған секілді. 

Жуырда бассейнге бару үшін анық­тама керек болып, отбасымызбен емханаға бардық. Мекенжайымыз­ды айтып, жеке куәлігімізді көр­сетсек, денсаулығымызды тексеріп, анықтама жазып бере қояр деген ой ғой, баяғы. Сөйтсек... Емхана бізді есігінен де қаратпады. Алды­мен ХҚКО-ға барып, осы емханаға тіркелуіміз керек екен. Құжаттың негізінде өздері тіркей салса, бес-ақ минуттық шаруа. Бірақ адамдарды әуреге салып қоятын «тәртіп» орнатып қойыпты.

«Жазған құлда шаршау бар ма», амал жоқ, саз кешіп, екі шақырымдай жердегі ХҚКО-ға бардық. Мұнда кісі қаптап, кезекте тұр. «Бұл қалай?» деген сауалыма мекеме басшысы­нан «Сіздің мәселеңіз бойынша қа­бы­л­­дайтын екі-ақ маман бар. Сон­дық­тан кезек көп» деген жауап алдым. Бірнеше кабинет бар екен, әр­қай­­сысындағы 2-3 қызметкердің бәрі қағазға шұқшиып отыр. Каби­неттерден басқа да қабылдау орындары бар екен, оларда бір-бір адамнан жайғасыпты. Солардың бәрі келу­шілерге аяғынан тік тұрып, қызмет көрсетсе, ешқандай кезек болмас еді ғой деп ойлап қойдық.

Дегенмен, ХҚКО басшысы мені қолы бостау отырған Асхат Қабенов деген жігітке сілтеп, «Сол қызметкер сізді емханаға тіркеп береді» деді. Бұл жігіт біздің құжаттарымызды көріп, тексерді де «Тіркелетін дәрігеріңіздің аты-жөні кім?» деп сұрады. «Оны қайдан білейік, емхана бізді есігінен де қаратпай, ХҚКО-ға барып тіркеліңдер деп жіберді емес пе?» деп жатырмыз. «Мен дәрігердің аты-жөнінсіз сіздерді емханаға тіркей алмаймын, қайтадан емханаға барып, мекен-жайларыңызды айтып, қарайтын дәрігердің атын біліп келіңіздер», деп қайтадан екі шақырым жердегі емханаға жіберді. Амал жоқ, оған қайтадан барып, қаралатын тера­пев­тіміздің аты-жөнін біліп, орал­дық. Енді тіркейтін шығар деп ойла­ғанбыз... Қайдағы?.. Енді ЭЦҚ (электронды цифрлық қол) керек екен. Оны біз былтыр алған едік, сөйтсек, ол биылға жарамайды екен. Енді соны қайтадан алу үшін басқа үстелге барып, тағы кезекке тұрдық. Жарты сағат дегенде ондағы кезегіміз келіп, ЭЦҚ-ны алып, оны флешкаға жаздырып алдық (Айтпақшы, қалтамызда флешкамыз болмаса, тағы бір ит әлекке түсер едік).

Қойшы, сонымен Асхатымызға қайта барсақ, «енді ана үстелге, Айгүлге кезекке тұрасыздар» деп тере­зенің арғы жағындағы бір қыз отыр­ған орынды нұсқады. Ондағы кезек­те қаптаған кісіні көріп: «Ау, біз ба­ғанадан бір жұмыстың кезегінде жүр­міз ғой», десек, «Енді қайта кезекке тұруға тура келеді», деп, міз бақ­па­ды. Амал қанша, тағы кезекке тұрдық.

Кезегіміз жетіп, жанына барсақ әлгі қыз: «Сіздер зейнеткерсіздер ме, мен тек жеңілдік санатындағы аза­мат­тармен жұмыс істеймін», деп қарап отыр. «Ойбай-ау, бізді ойын­шық қылайын дедіңдер ме?» деген да­уы­сы­мыз қаттылау шығып кеткен еді, тере­зенің арғы жағындағы Асхатымыз басын изеп қалды. Тек сонда ғана әлгі Айгүл Бейсембаева деген маман жұмысына кірісті.

Тап-тар қоршауда отырған бұл қыз біздің шаруамызды ғана бітір­ген жоқ, жанына қайта-қайта келіп, тағылымдамадан өтіп жүрген басқа бір қызға тәлімгерлік жасап жатты. Біздің «Алдымен бір адамның шаруасын бітіріп алсаңызшы» деген ескертуімізді құлағына ілген де жоқ. Алдында жарты сағаттай тұр­ған­да шаруамыз бітуге таяғандай еді. Алай­да, маман баламыздың ЖСН-ін ком­пьютерден аша алмапты. «Енді ЗАГС-ке барып, соны цифрландырып әкелесіздер», деді. Өлдім-талдым дегенде АХАЖ-дан баланың ЖСН-нін әкеліп, әйтеуір, мәселемізді шешкен болдық.

Апырмай, сонда барлық мәсе­лені бір жерден шешуге құрылған қыз­мет қайда қалды деп күйіп-пісіп біз қалдық. Осы жұмыстарға біз табаны күректей үш сағат жұмсадық. Сондағы тындырғанымыз – емханаға тіркелудің бес минутта бітетін шаруасы. Ал енді бұдан күрделі істерге адамдар қанша уақытын жұмсап, қаншама жүйкесін тоздырады екен? Мақтаулы «Бір тереземіз» сонда қайда кетті? Бұл, шындап келгенде, «Бір терезе» емес, «Жүз терезеге» айналып кеткен қызметке ұқсайды ғой.

Осында бір гәп бар сияқты. Өркениетті елдер халыққа қызмет көрсетудегі бюрократиялық кедер­г­ілерді мүлдем жоюға ұмтылып жат­­­қанда, біз неге оны көбейтуге құштармыз?..

 

ПЕТРОПАВЛ