• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Сәуір, 2021

Толағайлар Ташкентте сайысқа түсті

256 рет
көрсетілді

15-25 сәуір аралығында Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Айтулы додада еліміздің 17 зілтеміршісі өнер көрсетеді. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметовтің айтуынша, біздің спортшылар жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үздік үштіктің қатарынан көріну үшін барын салады.

Күні кешеге дейін сары құрлықтың басты додасында Қазақстанның ауыр атлеттері табысты өнер көрсетіп, үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүрді. Алай­да соңғы жылдары допинг дауына байланысты Азия чемпионатында олжалаған жүлделеріміздің саны күрт кеміді. Енді бірте-бірте жағдай оңалып келеді. Жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыру үшін Ташкенттегі тартыста толағайларымыз бар күш-жігерін жұм­сайды деп үміттенеміз. Осы сөзіміз дә­лелді болу үшін соңғы бес Азия чем­пио­натының нәтижелеріне көз жүгіртейік.

2013 жылғы сары құрлықтың басты додасын Астана қаласы қабылдады. Өз жерімізде өткен жарыста жерлестеріміз жергілікті жанкүйерлерді қуанту үшін барын салды. Ерлер сайысында 94 кило салмақта сынға түскен Александр Зай­чиковтің асқан шеберлігіне тәнті болдық. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 385 (175+210) кило салмақта еңсерген Сыр бойының сайыпқыраны жеңіс түғырының ең биік сатысына көтерілді. Әйелдер арасында Анна Нұрмұхамбетова (75 кило) мен Алек­сандра Аборневаға (+75 кило) тең келер ешкім табылмады. Фархад Харки (62 кило) күміс алса, Евгений Естафьев (85 кило) пен Ибрагим Берсанов (+105 кило) қолаға қол созды. Қорытынды есепте отандастарымыз (3 алтын+1 күміс+2 қола) үшінші орынды еншілесе, бірінші орынды Солтүстік Кореяның (4+3+2 қола), екінші орынды Иран­ның (4+1+2) зілтеміршілері жеңіп алды.

2015 жылы Таиландтың Пхукет қала­­сында өткен жарыста Айдар Қазов (77 кило), Ермек Өміртай (85 кило) және Рүс­тем Сыбай (94 кило) бас жүл­дені ол­жа­ласа, Әсем Садықова (58 кило), Фаи­на Сыбанбаева (63 кило) және Майра Файзолаева (69 кило) қола ме­даль­ді мо­йындарына ілді. Осы нәти­же­мен жер­лестеріміз жалпы есепте екінші орынды иеленді. Алдымызда тек Қытай құра­масы. Аспанасты елінің өкілдері 6 алтын, 3 күміс және 1 қоланы қоржынға салды.

2016 жылы Ташкентте өткен жарысқа Қазақстаннан қосалқы құрамдағы зілте­міршілер аттанды. Өйткені белді спортшыларымыз Рио Олимпиадасына даярланып жатты. Бапкерлер олардың еш алаңсыз жаттығуына кедергі жасамауды құп көрді. Өзбекстанның бас шаһарында отандастарымызға бір алтын ғана бұйырды. Оның иегері – 85 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Денис Уланов. Нәтижесінде, Жапония, Моңғолия және Қырғызстанмен бірге 6-9 орындарды өзара бөлістік.

2017 жылы допинг дауының өршуіне байланысты Түрікменстанның астанасы – Ашғабадқа үш зілтемірші ғана аттанды. Солардың арасынан 69 кило салмақтағы Альберт Линдер суырылып шығып, алтын медальді олжалады. Жалпы есепте біздің команда жетінші орынға табан тіреді. 2018 жылғы жағдай да дәл солай болды. Санаулы ғана спортшыға сенім артқан Қазақстан құрамасы Қытайдың Нинбо қаласынан үш қоламен оралды. Бұл жүлделердің иегерлері – Арли Чонтей (55 кило), Денис Уланов (81 кило) және Раушан Мешітханова (81 кило). Командалық есепте 14-орынды қанағат тұттық.

Ташкентте шымылдығы түрілген Азия чемпионатында басты үміт әлемнің үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Зүлфия Чиншанло (55 кило), әлем чемпионатының күміс жүл­­дегерлері Арли Чонтей (55 кило) мен Игорь Сон (61 кило), осыған дейін де Азия бірін­шілігінде үздіктер санатынан көрінген Раушан Мешітханова (87 кило) мен Ибрагим Берсанов (109 кило) сынды сақа спортшыларға сенім артылуда. Одан бөлек, жастайынан жасындай жар­қылдап, өз қатарластары арасында қарсылас шыдатпай жүрген 17 жастағы Рахат Бек­болат (102 кило) та қалың топ­тың арасында қалып қоймайды деп үміт­тенеміз.

Ал Азия чемпионатында Қазақстан­ның намысын қорғайтын ауыр атлеттер­дің толық тізімі мынадай:

Ерлер: 55 кило – Абылай Әуелханов пен Арли Чонтей, 61 кило – Игорь Сон мен Алексей Дроздов, 67 кило – Сай­рамкез Ақмолда, 81 кило – Александр Уваров, 89 кило – Нұрғиса Әділетұлы, 102 кило – Артем Антропов пен Рахат Бек­болат және 109 кило – Ибрагим Бер­санов.

Әйелдер: 55 кило – Зулфия Чиншанло, 64 кило – Гүлнұр Ыбырай, 71 кило – Екатерина Быкова мен Айша Омарова, 81 кило – Карина Құзғанбаева, 87 кило – Раушан Мешітханова және +87 кило – Айзада Мүптілда.