Себебі көктемнің басында ҰҚК Шекара қызметінің сапына алынған болашақ шекарашылар Отанымызға адал қызмет етуге салтанатты түрде Ант берді.
ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай, Райымбек, Алакөл ауданы бойынша шекара басқармаларының орталық алаңдарына сапқа тұрған әрбір сарбаздың алыстағы ата-ана, туғандары мен құрбы-достары да болашақ шекарашының алабұртқан жүзіндегі толқынысты көріп, олардың ғұмырындағы бір-ақ рет болатын маңызды сәттің куәсі болды. Бұлай дегеніміз, ҰҚК Шекара қызметінің инстаграм-акаунтында «Көктем-2021» шақырылымы сарбаздарының Ант қабылдау рәсімінен тікелей онлайн көрсетілім ұйымдастырылған болатын.Біз Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжар елдімекенінде орналасқан кәсіби-техникалық дайындық бөлімінде өткен шараға қатысқан едік.
Дәл уақытында басталған рәсім еліміздің Туы көтеріліп, Әнұранымен ашылған соң 400-ге сарбаздың өз Отанына ант беру рәсімі де басталып жүре берген.Сол-ақ екен, аты-жөндері аталысымен, саптан шыққан бойы «Мен қатардағы жауынгер...» деп, саңқылдап ала жөнелген сарбаздардың дауыстары тау жарып, тас бұзатындай екпінді еді...
Олардың арасында өздерінің алдағы қызметтерін теңіз бен өзендерде өткізуге дайындалып жатқан теңізшілер де бар. Олардың үстіндегі теңіз түстес әскери формалары да құйып қойғандай өздеріне соншалықты жарасымды. Олардың жас жүздерінен толқып тұрғандары айқын білінеді.
Бүгінге дейін саптық даярлықтан өткен сарбаздар мұнан былай өздерінің шекарашылық шеберліктерін шыңдап, ел шебіне қажетті мамандықтарды игеретін болады. Бұл – атқыш, атбегі, шекаралық бақылау бөлімшесінің кіші бақылаушысы, кинолог, аспазшы, байланысшы, инженер, электр құралдарының шебері секілді туған жеріміздің әрбір шаршысын күзетуге аса қажетті мамандықтар.
Салтанатты шараға шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық ұйымының Алматы қалалық және облыстық филиалдарының өкілдері де қатысып, шекара соқпағына түскелі тұрған жас буынның алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі