• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Сәуір, 2021

Сот орындаушылары шектен шығып жүрген жоқ па?

3072 рет
көрсетілді

Еліміздегі сот орындаушылары кейде өз өкілеттерін асыра пайдаланатын сияқты. Мәселен, олардың айыппұлды өз еркімен төлеген адамдарға қосымша мәжбүрлеу шарасын қолдануын қалай түсінуге болады? Сот орындаушысы, аты айтып тұрғандай, тек соттың шешімін орындатуы керек емес пе?

Әңгіме түсініктірек болуы үшін өз басымыздан кешкен бір жайды айтып берейік. Был­тыр еңбек демалысында аста­наға барған сапарымда «Сергек» жол бақылау жүйесі менің жол қозғалысы ережесін сақ­тама­ғаным үшін 8334 теңге айыппұл салыпты. Одан кейін, шамамен 15 күндей уақыт өткенде машинамды сатқан болатынмын. Сату кезінде мамандандырылған ХҚО салық пен айыппұлдан қа­рызым бар-жоғын тексеріп, егер болса сол жер­де қолма-қол төлетеді. Төле­месең, сату құжат­тарын ре­сім­­­демейді. Демек, мен сол жо­­лы бәрін төлегенмін. Одан ке­йін, жылдың аяғында ЖСН-ым­­­ арқылы салық немесе бас­қа­ қа­рызымның бар-жоғын өзім де тексергенмін. Сөйтіп еш­қан­дай қарызым жоқтығына көз жет­кізгенмін.

Енді жуырда банктік төлем карточкамның бұғатталғанын көріп таңғалдым. Банк менеджері менің карточкамды «айыппұл төлемегенім үшін» астаналық жеке сот орындаушы Данияр Құрманбаев бұғаттағанын айтып, оның телефон нөмірін та­уып берді.

Сот орындаушысына телефон соғып едім, телефонды көтерген бір әйел  менің «жеке сот орындаушының қызметін» төлеуім керек екенін айтты. Мен сот орындаушыға ешқашан өтініш жасаған емеспін, оның ешқандай қызметін сұраған немесе алған емеспін деген сауалыма ол: «Сізге Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Әкім­шілік полициясы  жол қозғалысы тәртібін бұзғаныңыз үшін айыппұл төлеуге №207100033781575 ұйғарым жа­саған екен, сот орындаушы сол бойынша жұмыс істеген. Енді оның қызметі үшін 2083 теңге төлейсіз», деп қарап тұр.

«Мен бұл айыппұлды уақы­тында төлеген едім ғой. Сот орын­даушы бұл мәселеге неге ара­ласқан? Д. Құрманбаевтың менің карточкамды бұғаттауына негіз болған құжатты көрсетіңіз немесе айтыңыз», деген едім. «Біз тек жоғарыда аталған ұйғарымның негізінде сіздің карточкаңызды бұғаттадық» деді. Ол ол ма, «Енді сіз 2083 теңге емес, 4488 теңге төлейсіз, төлемесеңіз карточкаңыз бұғаттан шығарылмайды», деп қорқытты. Амал жоқ, 4488 теңгені төлеп, карточкамызды босатып алдық. Әйтпесе, ешқандай аударым жасай алмай қалған едік.

Бұл не сонда? Әкімшілік іс сотқа берілмесе, айыппұл төлеуге сот орындаушысы неге араласады? Адам айып­пұл­ды өздігінен төлесе, сот орын­даушысының оған қандай қаты­сы бар? Оған жеке адамның төлем карточкасын иесіне айтпай бұғаттауға кім құқық берді? Бұл адамның құқығын аяққа басу емес пе? 

Әлде, бұл біреулердің көл­денең табыс табуы үшін қолдан жасал­ған сыбайластық па? Бұған құзыр­лы органдар не айтар екен?

 

Солтүстік Қазақстан облысы