Мәскеуде Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтында (РҒА ШИ) «Қазақстан және Ресей: стратегиялық әріптестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және РҒА ШИ Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Халықаралық конференцияға қазақстандық және ресейлік тарихшы-ғалымдар, саясаттанушылар, халықаралық қатынастар мамандары, екі ел парламенттерінің депутаттары, сондай-ақ онлайн форматта Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дың қазақстандық филиалының, РҒА ШИ, Е.Примаков атындағы РҒА ӘЭХҚИ-дің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Жаңа заман тарихы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қарышты дамуы мен жоғары нәтижелілігі өзара құрмет, тең құқылық және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделгенін көрсетеді. Бұл – екі ел көшбасшыларының, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың зор еңбегінің нәтижесі.
Форумда екі елдің дипломаттары мен парламентшілері, конференцияны ұйымдастырушы институттардың басшылары ғылыми диалогті жандандырудың және Қазақстан мен Ресей ғалымдарының тарихи ретроспективасы, сондай-ақ дамудың жаңа тәуелсіз кезеңіндегі екіжақты қарым-қатынастардың қалыптасуы мен дамуы, ұлттық егемендікті, аумақтық тұтастықты және КСРО ыдырағаннан кейін белгіленген шекаралардың мызғымастығын құрметтеуге негізделген стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастарды үдемелі нығайту үшін берік негіз болған мәселелерді талқылау маңыздылығына ерекше назар аударды.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Е.Көшербаев өзінің алғысөзінде Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары талайға үлгі екенін бірнеше рет атап өткенін айтты. Өз кезегінде Ресейдің Қазақстандағы елшісі А.Бородавкин Ресей Президенті В.Путин Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының табысты дамуына баса назар аударатынын жеткізді. Қазақстан Мәжілісінің депутаты М.Ерман екі елдің заң шығарушы билік органдарының оң өзара іс-қимылы жүйелі негізде жүзеге асырылатынын, конструктивтілігімен ерекшеленетінін және қарқынды сипатқа ие екенін сөз етті. Ресей Мемлекеттік Думасы ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.Водолацкий: «Екі ел президенттері қол қойған келісімдер Мемлекеттік Думада да, Мәжілісте де басым тәртіппен ратификациялануда. Палаталар спикерлерінің өзара сапарлары, ынтымақтастық жөніндегі Палатааралық парламенттік комиссияның отырыстары, бейінді комитеттердің бірлескен іс-шаралары, Ресей мен Қазақстандағы сайлауды байқау жөніндегі миссиялардың қызметіне қатысу тұрақты негізде жүргізіледі», деді.
РҒА ШИ директоры, РҒА корреспондент-мүшесі А.Аликберов өз кезегінде өткен 30 жыл ішінде Қазақстан да, Ресей де егемен мемлекеттердің, тәуелсіз, халықаралық қатынастардың толыққанды субъектілерінің қалыптасу жолынан өткенін атап өтті. «Осы кезең ішінде біздің алдымыздан геосаяси, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы сын-қатерлер бірнеше рет кездесті. Бірақ біздің стратегиялық әріптестігіміздің мызғымастығына және көпжақты ынтымақтастықтың өзара тиімділігіне күмәндануға ешқашан себеп болған емес. Бұл – екі елдегі ғылыми, сараптамалық қауымдастықтың біздің тату көршілігімізді нығайтуға және әртүрлі сипаттағы өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған дұрыс шешімдер қабылдауына ықпал еткен еңбегі», деді ол.
ҚСЗИ директоры, ҚР ҰҒА академигі З.Шәукенова «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы екі тараптың да тұрақтылығымен және ынтымақтастыққа дайын болуымен сипатталатынын жеткізді. «Екі ел арасында ынтымақтастықтың берік құқықтық, экономикалық, саяси және мәдени негіздері бар. Шын мәнінде, Қазақстанның Ресейге қатысты сыртқы саясаты Ресей Федерациясы Қазақстан үшін өзара әрекеттесудің барлық салаларында ең маңызды серіктес болып табылатындығына негізделді», деді ол.
Конференция жұмысы екі сессия аясында өтті. «Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы: кешеден бүгінге дейін» атты бірінші сессияда екі ел арасындағы тату көршілік қатынастардың негізі ретіндегі халықтар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар мәселелері талқыланды. Баяндама жасаған тарихшылар заманауи әдістеме мен ғылыми жетістіктер негізінде мамандардың бірлескен жалпылама еңбектерін дайындаудың маңыздылығына назар аударды.
Заманауи жетекші орыс тарихшыларының бірі – РҒА ҚҒҒАИ Өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі И.Зайцевтің баяндамасы қызықты болды. Ғалым XIX ғасырдағы қазақ тарихнамасының ескерткіштері туралы соңғы зерттеулерімен бөлісті, олардың бірегей тізімдері Ресей астанасының жинақтарында сақталған. И.Зайцев 2017 жылы «Кенесары Қасымов пен Садық Кенесарин тарихы» («Насаб-наме-йи Сұлтан Садық» – «Сұлтан Садықтың шежіресі») қолжазбасының факсимилесі және аудармасы жарық көргенін атап өтті. Оның айтуынша, Ахмет Кенесарин 1887 жылы аяқтаған бірегей қолжазба Ресей Федерациясының Мемлекеттік тарихи музейінің жазба деректер бөлімінде сақталған. Сонымен қатар қызықты тарихи дерек көзі – қазақ жырауы (дастаншысы) Мұсабайдың 1893 жылы Қазалыда жазылып алынған толғауы ғылыми айналымға енгізілді, толғау 1830-1840 жылдары Сырдария қазақтарының Хиуа мен Қоқанға, ал 1850 жылдары Ресей империясына қарсы көтерілісін басқарған Шекті руынан шыққан қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедовке (1774-1860) арналған.
Сондай-ақ бірінші сессия шеңберінде Қазақ хандығы мен Ресей мемлекеті арасындағы XVI, XVII ғасырлардағы қатынастарының алғашқы кезеңіндегі дипломатиялық қатынастар тарихының мәселелері де талқыланды. Қазақстан БҒМ Мемлекет тарихы институты Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Лапиннің пікірінше, бұл кезең – жалпы екіжақты қатынастарды қалыптастырудың маңызды бөлігі. Оны зерттеу «қазақ-орыс қатынастарының ұзақ тарихының кейінгі кезеңдерінің ерекшеліктерін анықтауға көмектеседі». Қазақстандық тарихшының ойынша, «алғашқы қазақ-орыс дипломатиялық қатынастарының орнығуы 1519-1520 жылдарға, Қасым ханның билік еткен кезеңіне сәйкес келетіні құжаттармен дәлелденген.
«ХХ ғасыр және тәуелсіздік. Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты дамыту» тақырыбындағы екінші сессия жұмысы XX ғасырдың тарихы мен посткеңестік кезеңдегі екіжақты қатынастардың құқықтық негіздерін нығайту мемлекетаралық өзара әрекеттесудегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі мәселесіне, қазіргі геосаяси процестер контексіндегі екі ел қатынастарын талдау сұрақтарына арналды. Сөз сөйлегендер өткенге, оның ішінде кеңестік кезеңді зерттеуге жүйелі және кешенді түрде қарау керек деген ортақ пікір айтты.
Халықаралық конференцияда сөйлеген ғалымдар мен сарапшылар әр елге сенімді және жайлы көршілік қажет екендігіне сүйене отырып, барлық күрделі тақырыпты әртүрлі контексті және әр елдегі фактілерді әртүрлі қабылдауын ескере отырып, келтірілген дәлелдердің әрқайсысын ашық академиялық талқылау арқылы талдауға болатынын және талқылануы керектігін баса айтты. Конференцияға қатысушылар Қазақстан-Ресей қатынастарының қазіргі кезеңін талдаудың жоғары деңгейін, өзара серіктестіктің тұрақтылығына ықпал ететін әріптестердің бірлескен күш-жігерін, өзара сенімі мен кәсібилігін атап өтті.