Таяуда газетіміздің Қарағанды облысындағы тілшілер қосынына мүгедек баласы бар жалғызбасты ана хабарласып, көмек сұрады. Өзі бес қабатты «хрущевка» үйдің жоғары пәтерінде тұрады екен: көктемде қар ерігенде, жазда жаңбыр жауғанда төбеден су сорғалап ағатын көрінеді.
Көп ойланып жатпастан, әлеуметтік желіні күнде «шулатып» жүрген Бақтияр есімді азаматқа хабарласуына кеңес бердім. Ертесіне әлгі әйел түсірген бейнеарыз фейсбукте жарияланды. Көп ұзамай қалалық мәслихаттың депутаттары, жергілікті атқарушы биліктің өкілдері келіп, жанайқай иесінің жағдайымен танысқан, көмек қолын созуға уәде беріпті...
Міне, жоғарыда есімі аталған Бақтиярды бүгінде Қарағанды тұрғындарының басым көпшілігі таниды десек, шындықтан алыс кетпейміз. Бүгінде олардың «Сәлеметсіз бе, Бақтияр!», деп басталатын арыз-шағымға толы жазбалары мен бейнероликтері фейсбук пен инстаграмның бетін жаулап алған. Бүгінгі күннің ащы шындығы сол – коммуналдық келеңсіздіктерден әбден қажыған жұрт әкімдіктегілерді емес, әлеуметтік желідегі осы азаматты іздейтін болды.
Сонымен, Бақтияр Омарханов деген кім?
– Бақтияр, сіз өзіңізді кіммін деп санайсыз: блогерсіз бе, атқарушы билікке оппозициядағы адамсыз ба, әлде әділетсіздікпен және тәртіпсіздікпен күресуші белсендісіз бе?
– Блогер де және ешқандай да атқарушы билікке оппозициялық көзқарастағы адам да емеспін. Тек қана әділеттілікті жақтаушымын. Қандай жұмыста болсаң да адал бол, өтірік айтпа, ешкімге қиянат жасама, әлсізге көмектес. Міне, ұядан алған тәрбием – осы.
– Бір кездері сіз Қарағанды қаласы әкімінің аппарат басшысы болып қызмет еттіңіз. Қызметтік мансапты жалғастыруға не кедергі болды?
– Ол қызметке жастау кезімде, 27 жасымда келдім. Негізінде, әкем де ол мекемеде қызмет ету ауыр болатынын айтып, қарсы болған. Бірақ сол кездегі облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өзі қабылдап, ұсыныс жасаған соң қарсы болмадым. Тест тапсырып, конкурсқа қатысып, қызметке тұрдым. Ол жұмысқа дейін жеке кәсіпкерлікпен айналыстым, облыстық кәсіпкерлік басқармасында, «ҚазАгро» АҚ-тың облыстық филиалында қызмет атқарып, біраз тәжірибе жинаған едім. Қала әкімі аппаратының басшысы лауазымы өте қызықты жұмыс еді. Бірақ әртүрлі объективті-субъективті себептермен қызметті жалғастыруға мүмкіндік болмады да, өз еркіммен өтініш жазып кетуге тура келді.
– Ұстанған позицияңыз жергілікті билікке жақпайтыны белгілі. Осы орайда қудалау, қоқан-лоқы көрген жеріңіз бар ма?
– Иә, жергілікті билік ұнатпайды, олардың сынды ауыр қабылдайтынын білемін. Өйткені мен оларды көп мақтамаймын ғой, тек тұрғындардың өтініштері бойынша кемшіліктерін жария етумен айналысамын. Әрине кейде реніштерін жеткізіп жатады.
– Әкімдік тарапынан қандай реакция болады? Мүмкін олар сізді қызметпен қызықтырып, өздеріне шақырып жүрген шығар?
– Әкімдік тарапынан болатын реакциялар әртүрлі. Бөлімдер, аудан әкімдіктері жылдам шара қолданып, жауабын беріп жатады. «Жазғандарыңды алып тасташы, облыс әкімдігі ұрсады» дегендей де өтініштер болады. Негізі облыстық деңгейде, Қарағандының өз басында ауыр қабылдайды. Жазғандарымды елемеуге тырысады, жауаптарын да бере қоймайды, шаралар да кештеу қабылданады. Әрине облыс орталығында халық та көп, жұмыс та бастан асады, бұрыннан қордаланған кемшіліктер де жетеді, оның бәрін түсінемін. Менің бар ойым сол проблемаларды дер кезінде шешуге көмектесу ғана. Өкінішке қарай, оны біреу дұрыс қабылдаса, енді біреулер түсінбей жатады. Ал қызмет туралы айтсам, әзірге әкімдік тарапынан ондай ұсыныс түсе қойған жоқ. Тіпті, бірлесіп жұмыс істеуге де ниет танытқан емес.
– Сіздің әкеңіз Ниқанбай Омарханов ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте болды, облыста бірқатар ауданды басқарды. Қазіргі тірлігіңізге әкеңіз қалай қарайды?
– Аса құптамайды. Ел қатарлы қызметте бол, әділдік іздесең жүйені ішінен түзетуге жұмыс істе дегенді айтады. «Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды», деп мен үшін алаңдайды.
– Қарағандының көптеген тұрғыны сізді үнемі іздейді. Бұған не себеп деп ойлайсыз: олар атқарушы билікке сенбей ме, әкімдер жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай ма, әлде олар сізді «құтқарушы» кейпінде көргісі келе ме?
– Атқарушы билік көп жағдайда мәселенің алдын алуда кешігіп жүреді. Күнделікті ағымдағы жұмыстармен кетіп қалады да, негізгі жұмыстарына үлгермей жатады. Сосын кемшілік орын алғанда ғана «өрт сөндіруші» ретінде жанталасады. Тұрғындар соған ренжиді, сосын еріксіз біз сияқты тәуелсіз қоғам белсенділеріне шығады. Бұл әрине дұрыс емес! Екінші жағынан барлық жауапкершілік пен міндет атқарушы биліктің мойнында қалып қояды да, мәслихаттар, депутаттар сияқты өкілетті органдар әкімдердің көлеңкесі сияқты жүреді. Халықпен жүйелі жұмыс істемейді, мемлекет тарапынан жергілікті билікке көмек ретінде құрылған қоғамдық кеңестердің рөлі жоққа тән. Өйткені ол кеңестерге әкімдер өздеріне қарсы шықпайтын адамдарды ғана жинап, принципшіл азаматтарды сайлағылары келмей ме деген ой кейінгі кезде жиі келеді.
– Жалпы, сіз күнде айтып, көрсетіп жүрген кемшіліктерге кім кінәлі: әкімдер ме, немқұрайды тұрғындар ма, жоқ қазіргі қалыптасқан жүйе ме?
– Президентіміз халық үнін еститін мемлекет туралы үнемі айтып, кадр мәселесіне қатты көңіл бөліп жүр. Білімді, жігерлі жастарды билікке тартып, билікті қоғам тарапынан бақылау туралы нақты тапсырмалар беріп, қалыптасқан жүйені өзгерту туралы көп айтып жатыр ғой. Қолдаймын.
– Блогты қолдау үшін деп әлеуметтік желілерде ақша жинап жатыр екенсіз. Ақша жүрген жерде қаңқу сөз жүреді, бұл тірлігіңіз түбі өзіңізге пәле болып жабысады деп ойламайсыз ба?
– Бұл мәселені белгілі қоғам белсенділерінің ұсынысымен таяу арада ғана қолға алдым. Себебі тұрақты жұмысым жоқ, ал елдің айтқан арыз-шағымын арнайы барып, көзбен көру керек. Жазғандарын өңдеп, түзетіп, бейнефото монтаждап, біраз жұмыстарды істеуге тура келеді. Мұның бәрі оңай емес. Оған уақыт керек, жүріп-тұруыңа бензин керек, күнкөрісті де ұмытпаған жөн. Бұл жерде мен ешкімге ақша төле деп талап қоймаймын, бұл әркімнің жеке шешімі және шотыма мардымды қаржы да түсіп жатқан жоқ. Ал негізгі нәпақамды такси қызметінен, инстаграмда жарнама, кеңес беруден табамын.
– Осылай жүре бересіз бе? Әлде, алда жобалар мен жоспарлар бар ма?
– Жоспарлар да, жобалар да көп. Оның қалай боларын алдағы өмір көрсетеді.
– Өзіңіз туралы, отбасыңыз жайында айта кетсеңіз...
– Жасым 31-де. Үйленгенмін, бір балам бар.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ