Гам-Ковид-Вак (Спутник V) вакцинасы мен Qaz-Vac қазақстандық вакцинасы ауруды қоздыра алмайды, өйткені олар жансыз вакциналар. Бұл туралы ҚР ДСМ ҚДСҰО «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Егер вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін адам КВИ-мен ауырмаса, екінші компонентін 2 аптадан кейін алуға болады. Гам-Ковид-Вак (Спутник V) вакциналары мен Qaz-Vac қазақстандық вакцинасы ауруды қоздыра алмайды, өйткені олар жансыз вакциналар. Республикада КВИ-ға қарсы егілгендер арасында иммундаудан кейін елеулі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ», деді Манар Смағұл.
Оның айтуынша, егілгендердің жалпы санының 0,4%-ында қызару, инъекция орнындағы ауырсыну, температураның жоғарылауы, артериялық қысымның қысқа мерзімді жоғарылауы сияқты реакциялар тіркеледі, олар бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін өтеді.