Қазақстанның көп этностық, көп мәдениеттілік және көп конфессиялық бірегей ерекшелігі бар. Жүзден астам этнос қазіргі қазақ қоғамының, Қазақстанның келбетін сипаттайды. Этностардың тарихи тағдыры әрқилы қалыптасқанымен, олардың барлығын Ұлы даланың байырғы тұрғындары жылы шыраймен қабылдап, қамқорлық көрсетті. Оларды қазақ жері біріктірді.
Осындай этностардың бірі – Қазақстандағы корейлер. Олардың жалпы саны елімізде жүз мыңнан сәл асқанымен, корейлерді қазақстандық қоғам өмірінің барлық саласында кездестіруге болады. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге этнос өкілдері секілді, корейлер де әрбір отбасылық ортада, әрбір еңбек ұжымында бар. Қонақжай елдің этностары саяси тұрақты, экономикасы ауқатты, ең бастысы эмоционалды заңдылық деңгейі жоғары қоғамда біртұтас отбасы ретінде өмір сүріп келеді.
Қазақ жері құбылысының ерекшелігі деп мемлекетіміздің қарқынды дамыған экономикасын, этносаралық қарым-қатынастың тұрақтылығын айтуға болады. Экономикалық өркендеу кезеңінде Қазақстан шетелдік инвестициялар үшін ең тартымды нысандардың бірі ретінде саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа ие болды. 2000-жылдары бұл құбылыс еңсе тіктеп келе жатқан Қазақстанның тұрақтылығы мен орнықты даму үдерісін жеделдетуге мүмкіндік берді. Өнеркәсіп, бизнес, білім және мәдениет өкілдері үшін шекараларды айқара аша отырып, Қазақстан Орталық Азия аймағында ғана емес, бүкіл әлемдік кеңістікте маңызды халықаралық бастамалардың орталығына айналды.
Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанмен әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, білім беру және мәдени ынтымақтастық орната отырып, Оңтүстік Корея қазақстандықтар үшін танымал және тартымды брендке айналды. Кореялық көпшілік мәдениет күнделікті өмірге еніп, олардың халықтық тұтыну тауарлары әр адамның өмірінде үйреншікті қолданатын бұйымдарға айналуда. Қазақстан экономикасында корей капиталының болуы жастарды көптеген жұмыс орындарымен қамтамасыз етті. Корей тілін жетік білетін мамандар даярланып жатыр. Оңтүстік Кореяның азаматтары Қазақстандағы ірі қалалардың тыныс-тіршілігіне белсенді араласып келеді. Оңтүстік Корея мемлекеті Қазақстан визасыз режім енгізетін елдердің біріне айналмақшы. Мұндай қадамдар Корея мен қазақстандық корейлердің имиджін көтеруде, қазақстандықтардың Корея мәдениетіне жақындай түсуінде белгілі бір рөл атқарды.
Қазақстандық тұрақтылық пен өркендеудің тағы бір маңызды құбылысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың посткеңестік аумақта бұрын-соңды болмаған Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты орган құруы болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы шоғырландырушы орган ретінде барлық қоғамдық этностық ұйымдарды қанатының астына алып, олардың дамуына қолайлы жағдай жасады. Жоғары мәртебеге ие бола отырып, этностық топтардың қауымдастығы ел аумағындағы қоғамдық-саяси алаңның толыққанды мүшесіне айналды.
Еліміз тәуелсіздік алғанына үш он жылдыққа аттады. Бүгінде көп этносты Қазақстанда 19 миллионнан астам адам тұрады. Академиялық әдебиетте көп этносты халықтың өркендеуінің бір белгісі «этносаралық қатынастардың тұрақтылығы» деп танылған. Ал азаматтардың әл-ауқатына қатысты көрсеткіштердің бірі – тұрақтылық пен отбасылық өмірдегі өркендеу.
Тәуелсіз Қазақстан құрылысының бастапқы кезеңінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерік-жігері мен этносаралық қатынастарға қатысты сарабдал саясаты көп этносты қоғамның өзге өкілдері сияқты, қазақстандық корейлердің де өз мәдениетін, әдет-ғұрпын, дәстүрлері мен тілін сақтауға және дамытуға мүмкіндік берді.
Қазақстандағы корей этносының өкілдері ретінде біз кеңестік қоғамның құндылықтарын, Ресей мен Қазақстанның тарихын, әдебиетін, мәдениеті мен тілін танып, біліп өстік. Бәріміз бірдей болдық және ешқашан бір-бірімізді ұлтымыз бойынша ажыратып жатпадық. Тек азиялық бет-бейнеміз, ерекше кореялық тегіміз бен үйдегі тұрмыстық заттарымыз ғана біздің өзгешелігімізді еске салып тұрды. Біз кеңестік типтегі пәтерді зауытта жасалған жиһазбен жабдықтап, дастарқанымызды орыс, қазақ, өзбек және басқа да ұлттардың тағамдарымен жайнатып тұратын болдық. Қазақстанға сонау 1937 жылы жер аударылған корейлердің үшінші ұрпағы ретінде біз бір отбасының мүшесі бола тұрып, кім екенімізді ұмытпағанымыз, оны балаларымызға айта алғанымыз, тілімізді үйрете алғанымыз үшін қазақ халқына қарыздар екенімізді сезінеміз. Азаматтық бірегейлік құқығын құрметтей отырып, біз этностық бірегейлік құқығына ие болғанымыз үшін ризамыз.
Корейлер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып келеді. Қазақстандық қоғам әлеуметтік-экономикалық дамудың, саяси тұрақтылықтың жоғары деңгейін сақтай отырып, этностық, діни, тілдік ерекшеліктеріне қарамастан қоғамның әрбір мүшесінің бірегейлігін тануды сақтайды. Қазақстандағы корейлердің жас буыны өздерінің, ата-бабаларының Отаны, сонымен қатар олардың ұрпақтары мекен ететін жер – Қазақстан екенін мойындап отыр. Олар жеке тұлға ретінде өзін-өзі қамтамасыз етуге, сапалы білім алуға, қазіргі еңбек нарығындағы қатал бәсекеге төтеп беруге, өз ісінің нағыз маманы болуға талпынады. Сонымен қатар қазақстандық қоғамға, мемлекетке пайдалы болудың маңыздылығын түсінеді.
Бүгінде Қазақстан корейлері үшін алдыңғы буынның мұрасын игеруге барлық мүмкіндік бар. Корей этносының тарихы бүгінде бүкіл әлемге белгілі. Аға буынның арқасында әдет-ғұрыптар отбасылық деңгейде сақталып келеді. Сондықтан осы сабақтастықты сақтап қалу да маңызды. Осы мақсатта корейлер республикалық корей мемлекеттік музыкалық комедия театрының, «Коре Ильбо» республикалық корей газетінің дәстүрлерін сақтап отыр. Өкінішке қарай, жыл санап корейдің аспаздық өнерін дамытатын аға буын аналар кетіп жатыр. Төрт корей дастарқанының дәстүрлері Оңтүстік Корея стилінде жаңғыртылды. Мұның бәрін корейлер баспасөз бетінде емес, іс жүзінде сақтап қалуға тырысады.
Оңтүстік Кореямен дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап Қазақстанда «этностық жаңғыру» деп аталатын кезең басталды. Корей тілі ата-баба тілі ретінде жас корейлер үшін маңызды болып қала береді. Алайда тілдің кәсіби тұрғыда қажеттілігі болмаса, оны сақтау мәселесі жақын арада тек символдық мәнге ие болып қалатынын мойындау керек. Тұтастай алғанда, мемлекеттің саясатын іске асыра отырып, сондай-ақ демографиялық ахуалдың, саяси болмыстың өзгеруіне байланысты Қазақстанның корейлері алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тілді ұйымдасқан түрде үйренуді бастады. Бүгінде тілді дамытуды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан басқа Қазақстанның барлық өңірлерінде қазақ тілін үйрену бойынша жобалар бар. Оларды Қазақстан корейлері қауымдастығы іске қосты. Осылайша, корейлердің қазақ тілін толық меңгеруіне барлық жағдай жасалған. Олар осындай оң шешім қабылдап, тілдің маңыздылығын балаларға мәжбүрлі қадам ретінде емес, жеке табысқа жету үшін өмірлік қажеттілік ретінде ұсынып отыр. Корейлер этностың ерекшеліктері «тілдік бірігу» кезінде одан да айқын көрінетініне сенімді.
Ең бастысы, «қазақстандық контекст» жағдайында мемлекет этносаралық татулық пен түсіністіктің орныға түсуіне, оның Қазақстанның табысты келешегінің кепілі ретінде қарастырылуына жол ашып отыр. Бұл орайда Ұлы дала халқының толеранттылық бағытындағы оң көзқарасы мен күш-жігері жеке тұлғаны бейімдеу құқығымен қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз.
Наталья ЕМ,
тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, Қазақстан корейлері қауымдастығы президиумының мүшесі, Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама тобының мүшесі