Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Ольга Видованың «Феномен Назарбаева» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында, сондай-ақ 1990 жылы 24 сәуірде Н.Ә.Назарбаев Қазақ КСР Президенті болып сайланған және Қазақстанда президенттік институттың құрылуы күні қарсаңында ұйымдастырылды.
Жиынды ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат бүгінгі таңда «Назарбаевтың саяси көшбасшылығы» және «Назарбаев феномені» ұғымдары әлемнің жетекші саясаткерлері мен ғалым-зерттеушілерінің басты зерделеу объектісіне айналғанын атап өтті.
«Феномен Назарбаева» кітабы – көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі. Автордың бағалауы, кейіпкердің сипаты мен жеке тұлғасына және тұтастай оқиғаларға деген өзіндік көзқарасы басылымның мазмұнына тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы билік транзитіне, саяси оқиғаларға кәсіби талдау жасау жинақтың құндылығын арттырады. Автор «Мұрагер», «Дуумвират» сияқты тың әрі батыл ұғымдарды енгізген. Ольга Видованың еңбегі Қазақстанның Тұңғыш Президентіне деген ерекше құрметтің белгісі екені даусыз», деді Б.Темірболат.
Кітаптың авторы О.Видова Ресейдің мәдени мұрасын шетелде насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізеді. Оның қаламынан посткеңестік кеңістіктегі қазіргі саяси және рухани өмірге арналған кітаптар туған. «Ұлт көшбасшылары» жобасының нәтижесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев туралы қытай, ағылшын және қазақ тілдеріне аударылған кітаптар жарыққа шықты.
Елбасының жеке кітапханасы қорында осы автордың республикада және шетелде бұрын шығарылған жинақтары бар. Қазіргі «Феномен Назарбаева» кітабы 2020 жылы «Эксмо» баспасынан «Дәуірдің ұлы саясаткерлері» сериясы бойынша жарық көрді.
Іс-шараға Қазақстан мен Ресейдің көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов қазіргі Қазақстан тарихын зерттеушілер үшін басылымның құндылығын атап өтті. «Бұл бір тұлға туралы еңбек емес. Жинақта тұлғаның қызметі арқылы елдің, қоғамның өсуін көрсетіп отыр. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеу арқылы жеке тұлғаның қоғамның әртүрлі өзгерістеріне ықпал ете алатын мүмкіндігі, оған жеткілікті білімі, қарым-қабілеті үлкен рөл атқаратындығы көрсетілген. Осы тұрғыдан, бұл біздің рухани қорымызға қосылған жаңалық деп есептеймін», деді Қ.Сұлтанов.
Елбасы феноменінің басты жетістіктері мен факторларының бірі – Қазақстандағы этносаралық бейбітшілік пен келісім екендігіне РФ Федерация Кеңесі төрағасының 2001-2011 жылдардағы кеңесшісі О.Карпухин баса назар аударды. «Назарбаев феномені оның тәрбиесі мен Теміртаудың ыстық цехында еңбексүйгіш ұжымның ортасында әбден шыңдалғанында жатыр. Бұл шыдамдылық қасиеті оның өмірінің барлық кезеңдеріне әсер етті. Кеңес республикаларындағы президенттердің ешқайсысы мұндай керемет еңбек жолымен мақтана алмайды. Н.Ә.Назарбаевтың саяси мәнінің бастауы әрі оның таңғажайып феноменінің ұғымы осында жатыр», деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы былай деді. «Елбасы феномені әлі ұзақ зерттеледі, өйткені оның көптеген пайымдары 2030 жылға дейін жүзеге асырылады. Сондықтан біз бұл тақырыпқа тағы да сан мәрте жүгінеміз және тарихи шешімдердің куәгерлерімен ғана емес, Z және Y деп аталатын ұрпақпен де талқылайтын боламыз. Біз оларға Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Тәуелсіздік құндылықтары мен саяси мұрасын дұрыс жеткізуге міндеттіміз», деді Ә.Марғұлан.
Кітаптың авторы Ольга Видова: «Феномен Назарбаева» кітабын 2020 жылы жаза бастадым. 30 жыл ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елді көтеріп қана қоймай, оның экономикасын дамытып, астанасын салды. Ең бастысы, ол ел басшысы ретінде мемлекетке айналған ұлтты қалыптастырды. Оның жарқын жетістігі – Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық қазақстандықтар үшін бейбітшілік пен келісімнің кепіліне айналды. Бүгінде әлемнің көптеген саясаткері оны құнды тәжірибе ретінде зерттеп, қабылдап жатыр. 2019 жылғы билік транзиті де даналық пен саяси көрегендіктің көрсеткіші. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бұл қадамы да бүкіл әлем үшін үлгі болды», деп атап өтті.