Білектің күшіне, найзаның ұшына арқа сүйеген батырлар заманы өтіп, білім мен ғылымның салтанат құрған дәуіріне ат байлап тұрмыз. Алаш ардақтысы Абылай ханның «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген аталы сөзі – соның дәлелі. Тәу етер тәуелсіздік жылдарында нақ осы білім саласына баса назар аударылып, талай игі іс тындырылғаны анық. Мәселен, Елбасы Жарлығымен бастау алған халықаралық «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің саны бүгінде 11 мыңнан асып отыр.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды», деген еді. Әрине өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сан түрлі сынақтан өтуге тура келгеніміз жасырын емес. Экономика тұралап, коммуналдық-тұрмыстық шаруашылық шатқаяқтап тұрған жылдардың өзінде Елбасы ел жастарын елең еткізген бағдарламаны бекітті. «Болашақ» стипендиясы – Кеңес Одағы күйрегеннен кейін қиын кезеңді бастан өткеріп, экономикалық дағдарыспен арпалысып жатқан ТМД елдерінің ешқайсысында болмаған, мемлекеттен қыруар қаржы шығынын талап ететін бастама. Сондықтан болар, «Ел жағдайы жақсармай тұрып, мұндай бағдарламаны қабылдаудың қажеті не еді?» деген сынды түсінбеушіліктер де болды. Алайда Елбасының көрегендігін уақыт өзі дәлелдеп берді.
«1993 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары әлеуметтік-экономикалық, саяси тәуекелдерге қарамастан, еліміздің нарығына қажетті мамандарды даярлау мақсатында дарынды жастарды шетелдердің ең озық оқу орындарында оқыту үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы тарихи шешім қабылдады. Тәуелсіздігімізбен бірге қадам басқан «Болашақ» президенттік стипендиясына 2021 жылы 28 жыл толады. Осы кезеңде 14 мыңға жуық ел азаматы бағдарламаның стипендиаты атанса, олардың 11 мыңнан астамы әлемнің үздік жоғары оқу орындарынан білім алып, бүгінде еліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді», дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова.
Иә, аталған бағдарлама ең алдымен жалындап тұрған жастарды іріктеп, оларды дүние жүзінің іргелі білім ордаларында оқытуды көздейді. 2005 жылғы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Болашақ» бағдарламасының ресми әкімшісі ретінде құрылды. 16 жыл ішінде Орталық «Болашақ» бағдарламасын жетілдіріп, бірқатар жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Бір ғана мысал, 2005-2007 жылдары стипендия саны 3 мыңға дейін, білім алуға арналған мемлекеттердің саны 13-тен 33-ке дейін артты. Осылайша, «Болашақ» бағдарламасы іске асырылған 28 жылда 11126 маман даярланыпты. Олардың 2666-сы бакалавриат, 6056-сы магистратура, 151-і докторантура, 39-ы аспирантура, 12-сі интернатура, 91-і клиникалық ординатура, 143-і маман, 1968-і тағылымдама бағдарламалары бойынша білім алды. Түлектердің 54,8%-ы гуманитарлық, 36,2%-ы техникалық, 7,2%-ы медицина және 1,8%-ы шығармашылық мамандықтары бойынша оқуын аяқтады. Жастарымыздың басым бөлігі Ұлыбритания мен Ирландияда (45,5%), АҚШ пен Канадада (26%), Еуропа (12,9%), Азия (8%) елдерінде және Ресейде (7,6%) оқыды.
Оқуын ойдағыдай аяқтаған жастар ең алдымен еліміздің ғылым саласына үлкен үлес қосып келеді. Олардың жүздеген ғылыми әзірлемелері мен 100-ден астам ірі зерттеулері өндірістік тәжірибеде қолданылып жүр. Мәселен, Сұраған Дурвудхан – Назарбаев Университеттің Ғылым және технологиялар мектебінің ассистент-профессоры. Оның әлемдік рейтингтік басылымдарда 27 ғылыми мақаласы (WebofScience/Scopus), отандық рецензияланған журналдарда 12 мақаласы және халықаралық конференцияларда 30-дан астам баяндамасы жарияланды.
С.Дурвудханның ғылыми жұмыстары шетелде дәйексөз ретінде өте көп қолданылады. Web of Science мәліметтер базасына сенсек, дәйексөздердің жалпы саны – 133 және Хирш индексі (h-индекс) – 7, ал Scopus мәліметтер базасы бойынша 198-ді құрайды.
Ал Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының маммологы Назгүл Омарбаева ТМД-дағы ең үздік жас ғалым атағына ие болды. Оның сүт безі қатерлі ісігіндегі генетикалық зерттеулердің рөлі туралы ғылыми жұмысы ТМД және Еуразия онкологтары мен радиологтарының ХІ конгресі аясында өткен жас ғалымдардың байқауында бірінші орынды жеңіп алды.
«Денсаулық сақтау министрлігі, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және біздің институтпен бірлесіп, біз Қазақстандағы жас әйелдердің сүт безі обыры дамуының генетикалық зерттеулерінің рөлі туралы жаһандық зерттеу жүргіздік. Бұл жұмыстың нәтижелерін біз ТМД елдерінің онкологтары мен радиологтарының ХІ съезінде көрсеттік. Онда бізді жоғары бағалап, үздік жас ғалымдар деп таныды. Қазақстанда тәжірибе алмасу үшін шетелге шығуға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар біз шетелдік әріптестерден үйреніп қана қоймай, өз тәжірибемізбен де бөлісеміз. Біз өз зерттеулеріміз бен операцияларымызды жоғары деңгейде жасаймыз. Сондықтан мен «Болашақ» бағдарламасына өте ризамын», дейді Н.Омарбаева.
Енді мынаған назар аударыңыз. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған отандастарымыздың 300-ден астамы PhD докторы, аспирант және интерн дәрежесінің иегерлері. Ал 1390 түлек «Ғылыми-педагогикалық қызметкер» санаты бойынша шетелде тағылымдамадан өтіпті. Осы күні 460 түлек білім және ғылым саласында еселі еңбек етіп жүр. Алған білімдерін еліміздің жетекші ғылыми орталықтарында сәтті қолданып, жоғары технологиялық компаниялардың инновациялық кластерлерін құруға көмектесу үстінде. Күрделі операциялар жасап, өзге де салаларға үлкен жаңалықтар мен өзгерістер енгізіп келеді.
Мәселен, 790 түлек денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Соның ішінде, 545 түлек тәжірибелі дәрігер саналады. Халықаралық бағдарламалар орталығының жүргізген зерттеуінің нәтижесіне сенсек, медицина бағыты бойынша білім алған әр түлек жылына 391 медициналық операция жасайды екен. Яғни түлектер жылына 213 мың науқастың өміріне араша түседі. Айталық, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Марат Саршаев – нейрохирург әрі бірінші санаттағы нейроинтервент. Ол ми қантамырларына 3 мыңнан астам эндоваскулярлық және микроронохирургиялық операция жасады. Ми мен жұлындағы ісікті алу және омыртқаның патологиясын емдеу жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінде 150-ден астам түлек профессор атанды. 972 түлек бастауыш, орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында және білім беру орталықтарында еңбек етіп жүр. Егер орта есеппен бір оқытушы жылына 173 оқушы немесе студент даярлайтын болса, 972 түлек жылына 168 мың адамға білім береді деген сөз. Мысалы, Әсия Ермұхамбетова – Thomson Reuters-тың Science Leader сыйлығының иегері, Sakura ғылыми алмасу бағдарламасының жеңімпазы. Назарбаев Университеттің «Талап» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мұнай-газ саласындағы үздік шығармашылық және ғылыми жұмыстары үшін стипендияларының жеңімпазы. Сонымен қатар Америкалық химиялық инженерлер қоғамының (АҚШ), Электрохимиялық қоғамның (ЕО), Жоғары білім академиясының (Ұлыбритания) мүшесі. Бүгінгі таңда Ә.Ермұхамбетова Young Researchers Alliance – «Жас зерттеушілер Альянсын» басқарады.
200-ден астам түлек балет, опера, театр, кино, музыка салаларында жемісті еңбек етіп, өнер және мәдениет қайраткерлері атанған екен. Олардың әрқайсысы орта есеппен 26 мәдени іс-шараны ұйымдастыруға қатысып, түлектер жылына миллионға жуық көрермен тамашалайтын 5 мыңнан астам концерттер, қойылымдар қояды. Бұдан бөлек, түлектер инновацияларды енгізу мен бизнес процестерді оңтайландыру саласына да үлес қосып келеді. Мәселен, бағдарлама шеңберінде экономиканың нақты секторы үшін инженерлік-техникалық (2,2 мың), ақпараттық технологиялар және коммуникациялар (1,3 мың), жаратылыстану ғылымдары (400 адам), ауыл шаруашылығы (80 адам) салалары бойынша шамамен 4 мың маман даярланды. Тәлімгерлік арқылы дамуға үлес қосу мақсатында бағдарлама түлектерінің 75%-ы өз әріптестері мен таныстарына менторлық қызмет көрсетеді. Яғни олар алған білімімен, тәжірибелерімен бөліседі.
Иә, ел ертеңі – жастарға арналған бағдарламаның 28 жылдағы жемісі мен жеңісі, түлектердің жеткен жетістігі аз емес. Ең бастысы, Елбасы ұсынған бағдарламаның мәні мен маңызына, елге бергеніне, мемлекетке тигізген пайдасына көз жеткізген секілдіміз. Егемендік жылдарындағы ерекше бастама деп ауыз толтырып айтуға болады. Ол туралы отандастарымыз ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен айтылып келеді. Не десек те, сырт көз – сыншы. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын университеттердің оқу бағдарламаларына, оқу бағыттарына және географиясының ауқымдылығы мен кеңдігіне сарапшылардың назары ауған болатын. Осылайша, 2014 жылы Майамиде (АҚШ) өткен сегізінші Going Global халықаралық конференциясында әлемдегі 11 стипендияның арасында ең жақсы стипендиялық бағдарлама деп «Болашақ» стипендиясы танылды. Бұл зерттеуді Ұлыбритания Кеңесі мен неміс академиялық алмасу қызметтері жүргізген еді. Пенсильвания университетінің білім беру мектебінің профессоры Лаура Перннің айтуынша, «Болашақ» стипендиясы – өтпелі экономикасы бар елдер үшін адами капиталды дамытудың үздік үлгісі.
Түйін: Тоқсаныншы жылдары үмітінен күдігі басым бағдарлама саналған «Болашақ» стипендиясы бүгінде әлем назарын өзіне аударып алды. Ол аз десеңіз, халықаралық «Болашақ» стипендиясының тәжірибесін осы күні Қытай, Польша, Финляндия, Украина елдері зерттеп жатыр. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы Ресейдің «Ғаламдық білім беру» бағдарламасы мен Татарстан Республикасының «Алгарыш» стипендиялық бағдарламасының негізі саналады. Осылайша, «бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім нәрін егеді» демекші, «Болашақ» бағдарламасы алдағы мыңжылдықтарға бағдарланған ұлы қадамға айналып шыға келді.