• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 26 Сәуір, 2021

Майдандағы қазақ офицерлері (ХІХ ғасырдың соңы және ХХ ғасырдың басы)

1555 рет
көрсетілді

Өткен ғасырларда патшалық Ресейдің қатысумен орын алған орыс-жапон және Бірінші дүниежүзілік соғыстарына қатысқан қазақ офицерлері туралы мәлімет мардымсыз.

Бар деректерге сүйенсек, XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың аяғында Ресей императорлық әскерінің офицерлік шендері негізінен хан-сұлтан ұрпақтарына бұйырғандығы байқалады. Бастапқы кезеңде әскери шендердің көпшілігі лауазымы бойынша және құрмет белгісі ретінде (аға сұлтандар, болыстар, старшиналар) берілсе, олардың балалары жүйелі түрде кадет корпустарында оқып, кейіннен офицерлік атақ алып, Дала өлкесінің отарлық билік жүйесінде әкімшілік лауазымдар атқарған.

Сонымен қатар олар патша әскерінің жаулап алу жорықтарына қатысып, элиталық кавалерлік бөлімдерде қызмет еткен, империяның жоғары ордендерімен және медальдарымен марапатталған, ұлттық киім элементтері бар офицерлердің әскери формасын киген.

XIX ғасырдың аяғынан бастап кәсіби әскери мектептердің түлектері Императорлық әскердің бөлімдерінде «еркін анықтаушы» ретінде кадрлық офицерлер міндетін атқарып, соғыс қимылдарына қатысқан. Мысалы, біздің мәліметтеріміз бойынша кем дегенде үш қазақ офицері орыс-жапон соғысына қатысып, командалық лауазымдарда болып, әскери наградалармен марапатталған.

Қазақ офицерлерінің тағдыры қайғылы аяқталған. Кейбіреулері алған жарақаттарынан қайтыс болса, басқалары 1918-1920 жылдарғы азаматтық соғыс кезінде қаза тапқан. Ал аман қалғандары Кеңес өкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады. Көпшілігінде ұрпақ қалмай, жақын туыстары ұмытып, олар туралы құжаттар жойылғандықтан, әрқайсысы туралы ақпараттар үлкен қиындықпен жиналды. Осы бір шағын мақаланы жазу үшін өз басым төрт жыл бойы іздендім. Демек, аталған тақырыпты алдағы күндері тереңірек байыптау қажет.

 

Шенді шығыстанушы

Ноғайбай Сексенбайұлы Жетпісбаев – 1863 жылы Зайсан уезінде туған. Әскери шені подполковник (1908 ж.). Омбы әскери прогимназиясында және Қазан юнкерлік училищесінде білім алған (1883 ж.). Училищеден кейін Семей резервтік жаяу әскер батальонында подпоручик қызметін атқарып, штабс-капитаны (1900 ж.), 15-Шығыс-Сібір атқыштар полкінің рота командирі (1901 ж.) болған. Қытай жорығына (Манжурияға, Пекинге Ихэтуань көтерілісін басу мақсатында) (1900-1901 жж.) және орыс-жапон соғысына (1905 ж.) қатысушы. 1908 жылы денсаулық жағдайына байланысты подполковник шенінде отставкаға шыққан соң, Сергиополь (Аягөз) бекетіне қызметке жіберілген. 1915 жылы 700-Тобыл жасағында қызмет етті. Майданға сұранып, әскери қызметке қайтару туралы өтініш бергенімен, өтініші қанағаттандырылмаған.

Қызмет барысында Император Александр III еске алуға арналған күміс медаль және 1897 жылғы бірінші жалпыға ортақ халық санағындағы еңбегі үшін медальмен марапатталғаны жайлы дерек бар.

Сонымен қатар Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің белсенді мүшесі болып, үйірме отырыстарында Жетісу мен Алтай өңіріндегі тас мүсіндер туралы, Түркістан халықтарының аңыз-әңгімелері т.б. туралы хабарлама жасап, сөз сөйлеген. Аталған тақырыпта бірнеше мақаланың авторы және араб, парсы және қазақ тілдерін үйрену оқулығын құрастырып, ағартушылықпен айналысқан тұлға.

 

Ағайынды Аблайхановтар

Миғдатша Ишмухаметұлы Аблайханов – 1878 жылы туған. Сібір кадет корпусын (1898 ж), Павлов әскери училищесін 3-разряд бойынша бітірген. 242-Белебеев резервтік батальонының подпоручигі (1900 ж.), поручик (1905 ж.) рота командирі, 28-Сібір атқыштар қосалқы полкінің штабс-капитаны (1916 ж.).

М.Аблайханов 1904 жылдың қазанынан 1905 жылдың қазанына дейін 5- Сібір Әскери корпусының құрамында Жапониямен болған соғысқа қатысады. Жауынгерлік жетістіктері үшін ІІІ дәрежелі Әулие Станислав және ІІІ дәрежелі Әулие Анна (1905 ж.), ІІ дәрежелі Әулие Станислав (15.08.1916 ж.) ордендерімен марапатталған.

1916 жылы Омбы қаласындағы әскери тұтқындарға арналған лагерь коменданты қызметін атқарады. 1917 жылдың желтоқсанында Ақмола облыстық Алашорда кеңесінің құрамына сайланып, Ақмола қаласында Алаш әскери отрядын құруға атсалысады. 1919 жылы 17 сәуірде ұзақ науқас салдарынан Омбы қаласында қайтыс болады.

Миғдатшаның әкесі статтық кеңесші Ишмухамет Аблайханов 1910 жылға дейін Ақмола генерал-губернаторы кеңсесінде аудармашысы болған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қапал уезінің Жоғарғы Қаратал болысында тұрды.

Миғдатшаның інісі 1880 жылы туған Меделхан Аблайхановтың тағдыры қилы да қызықты. Ол Омбы мұғалімдер семинариясында оқуын аяқтаған соң Дала генерал-губернатор басқармасында жұмыс істейді. 1903 жылы Округтік интендант басқармасына ауысады. Кейіннен Омбы қалалық полиция басқармасының кеңсе қызметкері болып орналасады. 1914 жылы өз еркімен әскер қатарына шақырылып, майданға аттанады.

1917 жылы «Коллежский секретарь» шенінде Қапал уезінің Уақытша үкіметінің комиссары болып тағайындалады. Меделхан ағасы сияқты Алашордаға қолдау көрсетпеген, оларды «автономистер» деп айыптап, өзін «монархист» патша өкіметінің жақтаушысы деп есептеген.

Азамат соғысы кезінде ол Жетісу казактар атаманы Щербаковпен бірге болады, кейіннен атаман А.Дутовпен жақындасады. Жетісуға келгеннен кейін, 1919 жылдың соңында Орынбор армиясының қолбасшылығынан босатылған атаман Дутов Лепсі қаласына көшіп келіп, Жетісу өлкесінің бас бастығы, яғни азаматтық губернаторы болады. Меделхан Аблайханов атаман Дутовпен бірге Қытайға қоныс аударып, оның жанында аудармашылық міндетін атқарады. 1920 жылы оған әскери подполковник атағына теңестірілген «Надворный советник» атағы беріледі.

Жазушы Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы» романында атаман Дутовтың өліміне қатысты, Қасымхан Чанышевтің досы ретінде көрсетілетін «Аблайханов» атты кейіпкер осы Меделханның нақты прототипі. Жоғарыдағы шығарма бойынша түсірілген «Атаманның ақыры» фильмінде М.Аблайхановты атақты әртіс Нұрмұхан Жантөрин сомдайды. Меделхан 1930-жылдарға дейін Шыңжаң өлкесінде тұрақтап, ашаршылық және төңкеріс салдарынан қоныс аударған отандастарына барынша қолдау көрсетеді. Құлжа қаласында жерленген.

 

Маңғышлақ комиссары

Оспан Көбеев – 1878 жылы 28 сәуірде Маңғышлақ уезінде туған. 2-Орынбор кадет корпусын (1897 ж.), Александровск әскери училищесін 1-разряд бойынша (1899 ж.) бітірген. 2-Түркістан артиллериялық бригадасының 5-тау батареясының подпоручигі. 1905 жылы Харбин қаласына Бірінші Шығыс Сібір таулы артиллериялық бригадасының қарамағына жіберіліп, 2-Түркістан артиллериялық бригадасының 2-батареясын басқарады, шені штабс-капитан (1906 ж).

Көбеев 1912 жылы Ашхабадтағы Арнайы артиллериялық лагерьлік жиын штабының адъютанты лауазымына атқарушы болып тағайындалады. Одан кейін 1913 жылы Мерв қаласында орналасқан 4-Түркістан атқыштар артиллериялық дивизионының капитаны қызметін атқарып жүргенде, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, Кавказ майданында шайқасқа араласады. 1917 жылы подполковник шенімен туған жері Маңғышлақ уезі Форт-Александровскіге оралады.

Патшалық әскери қызметте болған жылдары IV дәрежелі Әулие Анна орденімен (1905 ж.), 1904-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысын еске алуға арналған қола медаль және ІІІ дәрежелі Әулие Станислав ордені (1909 ж.), сондай-ақ 1913 жылы Романовтар династиясының билік етуінің 300 жылдығын еске алуға арналған қола медальмен марапатталған. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде, яғни 1915 жылы екі бірдей ІІІ дәрежелі Әулие Анна және IV дәрежелі Әулие Владимир ордендерімен марапатталған.

1918 жылы Маңғышлақ уезі Уақытша үкіметінің уездік комиссары болып тағайындалады. 1920 жылы 6 сәуірде Форт-Александровскіде Маңғышлақ жұмысшылар, шаруа және солдат депутаттарының Кеңесі Президиумының хатшысы болып сайланады. Кейін жер бөлімін басқарып, 1930 жылы тұтқындалып, атылады.

 

Алашорда үкіметінің мүшесі

Молданияз Бекімов – 1882 жылы 9 қыркүйекте Орал облысы Қаратөбе ауылында дүниеге келген. 1902 жылы Орал әскери училищесін, кейін 1905 жылы Қазандағы жаяу әскер-юнкерлік училищесін бітірген. 1905-1906 жылдары 6- Либавенск жаяу әскерінде, 130-Херсон полкінде, Каспийлік атқыштар полкінде, 1-Ташкент резервтік батальонында қызмет атқарған қазақтан шыққан кәсіби офицердің бірі.

1906-1908 жылдары Түркістан әскери округінің штабында, 1-Түркістан атқыштар батальонында, Кушка әскери гарнизоны әскерлерінің құрамында қызмет етеді. 1910 жылы Жаркентте 21-Түркістан атқыштар полкінің рота командирі болып тағайындалады. 1913 жылы 5 қарашада штабс-капитан атағын алады. 1914-1915 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 1915 жылы 21 қаңтарда ауыр жараланады.

1917 жылы 5-13 желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне кандидат болып сайланады. 1919 жылдан бастап атаман Анненковтың Жетісу әскерінің Сидоров бригадасының штаб бастығы, 1920 жылдың басында Жаркент қаласына шабуыл жасауға қатысады. 1921 жылы «босқын қазақтар» өкілі ретінде Шыңжаңнан босқындарды қайтару жөніндегі мемлекетаралық комиссияның жұмысына белсенді атсалысады. 30-жылдардың басында ол Қытайдан оралып, туыстарының айтуынша, Орынбор облысына қоныс аударып, жасырын өмір салтын ұстанады. Одан арғы тағдыры белгісіз.

Әскери қызметте болған жылдары: Романовтар династиясының билік етуінің 300 жылдығын еске алуға арналған медаль (1913 ж.), ІІІ дәрежелі Әулие Анна (1915 ж.), IV дәрежелі Әулие Анна (Анниндік қару) (1915 ж.), IV дәрежелі Әулие Владимир (1915 ж.), ІІ дәрежелі Әулие Станислав (1916 ж.) ордендерімен, «Ақ бүркіт» орденінің лентасында «1914 жылғы жалпыға ортақ жұмылдыруды үздік орындау бойынша еңбегі үшін» медальмен (1915 ж.) марапатталған.

Этнографиямен және орыс классиктерін қазақ тіліне аударумен айналысқан. 1903 жылы А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» повесін қазақ тіліне аударып, Қазан қаласында басып шығарған. Халық ауыз әдебиетінің үлгілері: ертегі-аңыздар және басқа да фольклорлық мұраларды жинаумен айналысқан.

 

Майдан Мұсылман комитетінің төрағасы

Нұғман Сарбупин – 1890 жылы Орал облысында дүниеге келген. Александр училищесінің түлегі, 41-Сібір атқыштар полкінің подпоручигі (1914 ж.), 533-жаяу әскер Новониколаев полкінің штабс-капитаны (1917 ж.), Батыс майданы Мұсылман комитетінің төрағасы.

Нұғман 1917 жылы Батыс майданында 1-Мұсылман корпусын құруға белсенді қатысып, белгілі халық комиссары Крыленкомен тікелей келіссөздер жүргізеді. 1917 жылдың екінші жартысында Орынборға оралып, жаңа ұлттық үкіметті құру жұмысына белсене араласты. Орынборда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1918 жылдың басында қызылдардың қолынан қаза табады.

IV дәрежелі Әулие Анна (1915 ж.) және ІІІ дәрежелі Әулие Станислав (1916 ж.) ордендерімен марапатталған.

Сарыхуджин Сабыржан Кучербаев – 1883 жылы 5 мамырда Орал облысы Ілбішін уезінде дүниеге келген. Орал әскери училищесін, кейін 1904 жылы Мәскеу әскери училищесін 1-разряд бойынша бітірген. Әскери қызметін 2-резервтік саперлік батальонның подпоручигі (1904 ж.) болып бастап, поручик (1907 ж.) штабс-капитан (1911 ж) шеніне көтерілген. 1914 жылы 3-Кавказ саперлік батальонының капитаны қызметіне тағайындалса, 1916 жылы 15 маусымда инженерлік әскерлер бойынша есепке алынып, Киев әскери округінің штабы жанындағы шендер резервіне ауыстырылды.

Әскери қызмет кезінде: ІІІ дәрежелі Әулие Станислав (1908 ж.), ІІІ дәрежелі Әулие Анна (1911 ж.), IV дәрежелі Әулие Владимир (1915 ж.), ІІ дәрежелі Әулие Станислав (1915 ж.), «Ерлігі үшін» жазуы бар IV дәрежелі Әулие Анна (1916 ж.) қатарлы бес орденмен марапатталған.

Куәгерлердің естеліктеріне сүйенсек, 1918 жылы құрылған Күнбатыс Алашорданың жұмысына қатысумен бірге, 1919 жылы «Сарыхуджин Юрий» деген атпен Севастопольден «Генерал Алексеев» кемесіне отырып, Еуропаға көшіп кеткен. 1925 жылы Болгарияда қайтыс болған.

 

Алашорданың әскери министрі

Хамит Негматуллаоғлы Тоқтамышев – 1890 жылғы 14 қазанда Омбы уезінде туып, 1919 жылы желтоқсан айында Семей уезі Көкпекті стансасында атылған. Сібір кадет корпусындағы курстарды және Константиновск артиллериялық училищесін бітірген (1908 ж.). 1909 жылы 8-Сібір атқыштар артиллериялық бригадасының подпоручигі, Терск казак әскерінің 3-Горск-Моздок полкінің (1915 ж.), 6-понтон батальонының поручигі бола жүріп Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, асқан ерлік көрсеткен. Әскери қызметі кезінде, IV дәрежелі Әулие Анна (1915 ж.), II дәрежелі Әулие Станислав (1915 ж.), II дәрежелі Әулие Анна (1915 ж.), III дәрежелі Әулие Анна (1915 ж.), III дәрежелі Әулие Станислав (1915 ж), II дәрежелі Әулие Станислав (1916 ж.), II дәрежелі Әулие Анна (1916 ж.) қатарлы жеті орденмен марапатталған.

1917 жылы эсерлер қатарына қосылды. 1918 жылдың маусымынан бастап әскери бөлімнің меңгерушісі бола отырып, «Алашорда» үкіметінің әскери министрі міндетін атқарып, Алаш әскерін жасақтаумен тікелей айналысты. 1- Алаш Дала атты полкінің командирі (1918 ж.), 1-Партизан атты қазақ полкінің командирі ( желтоқсан 1918 – маусым 1919 жж.), Жеке атты қазақ бригадасының командирі (маусым 1919 ж). Шені полковник (1919 ж.). 1919 жылғы желтоқсанда Семей қаласынан шегіну кезінде жұбайымен қызылдар қолынан қаза тапты.

Хамит Тоқтамышевтің 1889 жылы туған ағасы Мұрат Негматуллаоғлы Тоқтамышев Сібір кадет корпусындағы курстарды және Константиновское артиллериялық училищені бітірген (1907 ж.). 25-Сібір атқыштар генерал-лейтенант Кондратенко полкінің подпоручигі. 8-Сібір атқыштар артиллериялық бригадасының поручигі (1915 ж.). Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 1915 жылы ауыр жараланады. Шені – штабс-капитан (1916 ж).

IV дәрежелі Әулие Владимир (1915 ж.), IV дәрежелі Әулие Анна (Анниндік қару) (1915 ж.), III дәрежелі Әулие Станислав (1916 ж.) ордендерімен марапатталған. Одан арғы тағдыры белгісіз.

Соңғы кездерге дейін ағайынды Тоқтамышевтардың шығу тегі мен ұлты белгісіз болып келді. Зерттеу нәтижелері анықтағандай ағайынды Тоқтамышевтар Көкшетау сыртқы округтік бұйрығының аға сұлтаны, подполковник (1827 ж.) Тоқтамыс Янузаковтың (1826-1829 жж. Атығай-Бағышев болысы) шөберелері болып табылатыны анықталды. Оның ұлы Сухан Тоқтамышұлы Хамит пен Мұраттың атасы Көкшетау сыртқы округтік бұйрығының сұлтандық хат жүргізушісі, коллеждік тіркеуші (1850 ж.). Сібір кадет корпусын бітірген (1842 ж.) болса, Хамит пен Мұраттың әкесі – 1849 жылы туған Нығметолла Суханұлы Тоқтамышевтің да капитан шені болған.

Алашорда әскерінің алғашы министрі Х.Тоқтамышев пен Қазақ КСР Компартиясының бірінші хатшысы қызметін ұзақ жыл атқарған Жұмабай Шаяхметов (1902-1966) жақын туыстар. Атап айтқанда, екеуі де Тоқтамыс Янузаковтың ұрпақтары болып есептеледі. Мүмкін, осыған байланысты Атығай-Бағыс шежіресінде ағайынды Хамит пен Мұрат Тоқтамышевтар көрсетілмеген.

 

2-Алаш полкінің командирі

Қазақтан шыққан тағы бір офицер Ғали Самұратбеков – 1884 жылы Қапал уезінде туып, 1928 жылы Семей қаласында дүниеден өтіпті. Арғы тегі Көшек ханның ұрпағы. Верный ерлер гимназиясының толық жеті сыныбын бітірген, 1903-1907 жылдары Тифлис жаяу әскер юнкерлік училищесінің түлегі, 1907 жылдан бастап 2-Новогеоргиевск жаяу әскер полкінің подпоручигі, 5-Батыс-Сібір атқыштар батальонының поручигі (1909 ж.). 1915 жылы сәуірде 21-Түркістан атқыштар полкінің поручигі қызметінде жүріп, майданда басынан жарақат алса да, саптан шықпай қызметін жалғастырып, 22-Түркістан атқыштар полкінің капитаны (1916 ж) шеніне көтерілген. III дәрежелі Әулие Станислав (1915 ж.), IV дәрежелі Әулие Анна (1916 ж.) ордендерімен марапатталған. 1919 жылы қазан айында подполковник шенімен 2-Алаш полкінің командирі міндетін жүктеген. 1920 жылы қызылдар жағына өтті.

 

Кіші Жантөрин

Жәңгір Сәлімгерейұлы Жантөрин – 1894 жылғы 16 қазанда Уфа қаласында дүниеге келген, 1916 жылы Николаев кавалериялық училищесін бітірген. 5-драгун полкінің поручигі. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы. 1919 жылы 18 тамызда «Ақ әскер» құрамындағы Уфа гусарлық полкінің 4-эскадронының қолбасшысы болған. Қазақтың белгілі мемлекет қайраткері, Мемлекеттік Думаның 1-шақырылымының депутаты Сәлімгерей Жантөриннің ұлы. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Түркияға қоныс аударды деген ақпарат бар.

 

Алаш подпоручигі

Ахмет Ғалымұлы Әбдірахимов – 1895 жылы Ақмола облысында дүниеге келген екен. 1916 жылы 2-Омбы прапорщиктер мектебін бітірген. 1915-1917 жылдары 27-Сібір атқыштар қосалқы полкінің құрамында қызмет етіпті. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы. 1918 жылдан бастап 5-Сібір атқыштар дивизиясының 1-Қазақ атты (Алаш) полкінің подпоручигі болып қызмет атқарды. Одан арғы тағдыры белгісіз.

 

* * *

Бұл тізім, әрине, толық емес. Қатардағы құрам арасында майданға өз еркімен аттанған жерлестеріміз де баршылық. Қолдағы дерек 13,5 мыңнан астам қазақ тек Батыс майданында болғаны туралы мәлімет береді. Жалпы алғанда, орыс-жапон және Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары 100 мыңнан астам отандасымыз әртүрлі майдандарда тыл жұмыстарына тартылып, қорғаныс кәсіпорындарында болды.

 

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,

тарихшы,

Парламент Мәжілісінің депутаты