• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 27 Сәуір, 2021

Киелі кеңістік келбеті

506 рет
көрсетілді

К.Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтында «Сарыарқаның киелі ландшафты» кітабының тұсаукесеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл – Сарыарқа аумағы киелі кеңістік ретінде қарастырылған алғашқы еңбек.

Ұжымдық монографияда институттың италиялық архео­логтармен бірлескен «Ар­хео­логиялық контекстегі Сары­ар­қаның киелі ландшафты: ге­незис, типология, семантика» жобасы бойынша ғылыми-зерт­теу жұмысының нәтижелері көрсетілген. Бұл – Сарыарқаның аумағы киелі кеңістік ретінде қа­рас­тырылатын алғашқы еңбек. Сарыарқа өңірі бай мұраға ие және төл тарихымыздағы алар орны айрықша. Институт жұмысының ғылыми-зерттеу нәтижелері және Ақмола, Есіл жағалауы архео­логиялық жұмыстарының 20 жылдық кезеңінде алынған жаңа материалдардың ауқымы тарихи интерпретациялар деңгейіне шығуға және Сарыарқаның даласын қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының этностық аума­ғы ретінде ұсынуға мүмкіндік береді.

«Тұсаукесерге музей мен мәде­ниет өкілдері кездейсоқ шақы­рылған жоқ. Себебі бұл жұмыс музейлердің ғылыми-зерт­теу қызметі үшін үстел кіта­бына айналуы керек. Біздің міндетіміз әрбір қазақстандық өңірдің тарихын білуі, ата-бабаларымыз қалдырған бай мұраның ауқымын түсінуі үшін отандық ғалымдардың зерттеу материалдарын жұртшылыққа жеткізу. Бүгінде «Бозоқ» тарихи-мәдени орталығы ғалымдардың ғылыми ізденістері үшін тұрақты жұмыс істейтін түрлі форматтағы диалог алаңына айналды. Біз инс­титуттың зерттеулері жұрт­шы­лық арасында сұранысқа ие болатынына сенімдіміз», деді К.Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина.

Тұсаукесерге жетекші археологтар, этнологтар, барлық өңірдің мұражай қызметкерлері, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстел бары­сында монография авторлары М.Хабдулина Сарыарқа – Қазақстанның киелі орталығы тақырыбында, аталған өңірдің архео­логиясын зерттеудегі халық­аралық ынтымақтастық тәжі­рибесі бойынша Жан Лука Бонора, институттың дала бағыттары жө­нінде Д.Тлеуғабұлов, Қара­өткелдің қаланың киелі нысаны ретінде В.Кошман баяндама жасады.