• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 28 Сәуір, 2021

Заңсыз аңшылық тыйылмай тұр...

577 рет
көрсетілді

«Не ішем, не жеймін?» демейтін мынау заманда аңшылық деген – азық табу емес, еріккеннің ермегі сияқты. Рұқсатпен ауласа бірсәрі, ешбір құжатсыз аю-маралды атып алатындар аз емес. Көктем шыға балықтың уылдырық шашу кезін біле тұра, қасақана ау құратындар да жетіп артылады. Соңғы уақытта қаскөйлікке қатысты орын алған әр оқиғаға тоқталып көрейік.

Өткен жылы 30 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пек­циясының мамандары таңғы сағат 9:00 шамасында заңсыз аң аулаған аза­матты қолға түсірген. Шемонаиха ауда­ны Большая Речка ауылынан сол­түс­тік­ке қарай шамамен 7 шақырым жерде күнбағыс алқабының шетінде, ауыл тұрғыны қоңыр аюды байқап қалып, атып алған. Атып ала сала аюдың етін бұзып, өзімен бірге алып кеткен. Ал басын, терісін, табандары мен ішек-қарнын құлаған ағаш бұтақтарының астына жасырған. Бұл – Қылмыстық кодекстің 337-бабының 1-бөлігінде көзделген елеу­лі залал келтіре отырып, заңсыз аң аулау бо­йынша қылмыс. Жауапкершілігі де оңай емес. Тергеу амалдары жан-жақты жүргі­зілгеннен кейін 2021 жылы 18 ақпан­да Шемонаиха аудандық сотымен Большая Речка ауылының тұрғыны аю атқаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сол мерзімге про­бациялық бақылау белгіленді. Әуес­қой­лық, спорттық, кәсіпшілік аң аулауға байланысты қызметпен 3 жылға дейін айналысу құқығынан да айырылды. Ал келтірілген материалдық залал 555 600 теңгені құрады.

Инспекция мамандарының айтуын­ша, заңды түрде әуесқой аң аулау­шы­­ларға аңшы куәлігі, жануарлар дүние­сін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруа­шы­­лығы субъектісінің жолдамалары, аң­шылық атыс қаруын қолданып аң аула­ған кезде – жеке тұлғалардың аза­мат­тық қаруды және оның патрондарын сақтауға және алып жүруге рұқсаты қажет. Ал қоңыр аю аулау үшін Шығыс Қа­зақстан аумағында заңды лимиттің мөл­шері – 159 дана. Бұл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жыл сайын бекітетін 2020 жылдың 1 шіл­де­сі мен 2021 жылдың 1 шілдесі ара­лы­ғындағы лимит.

Заңсыз аң ату фактісі биылдың көкте­мін­де де тіркелді. 27 наурызда облыс­тық орман шаруашылығы және жан­уарлар дүниесі аумақтық инс­пек­циясы мамандары Глубокое ауданы­ның аумағында заңсыз марал аулау фактісін анықтады. Олар табиғатты қорғау мақсатында жүр­гізген рейдтік іс-шаралар кезінде таби­ғатты қорғау полицейлерімен және «Чер­ная Уба» аңшылық шаруашылығы дирек­то­рымен бірлесіп, резервтік қордағы «Коровиха» аңшылық шаруашылығы аумағынан екі маралдың терісі мен бас-си­рақтарын тапты.

Рейдтік шара кезінде Риддер қала­сының екі тұрғынынан 35 кило мөлше­рін­де ет, тіркелмеген 16 калибрлі «ТОЗ» маркалы қосауыз, тегіс ұңғылы, шүріп­пелі мылтық және 16 калибрлі 2 оқтал­ған патрон тәркіленді. Аталған факт Қыл­мыс­тық кодекстің 337-бабының 1-бө­лі­мі бо­йын­ша тіркелді. Дәл қазіргі уа­қытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Жазаға тартылып жатқанымен, заңсыз аң аулау тыйылмай-ақ тұр. Жуықта ғана инспекция қызметкерлері Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағының инспектор­ла­ры­мен бірлесіп, Жарма, Ұлан аудан­­да­ры­ның аумақтарында және Се­мей қала­сының әкімшілік жерлерінде рейдтік іс-шаралар өткізген. Шара ке­зін­де Жар­ма ауданында және Семей қала­сы­­­ның әкім­ші­лік жерлерінде аң аулау, ­балық аулау ережелерін бұзу фак­­ті­ле­­рі анық­талды. Нәтижесінде, Се­мей қала­сының үш тұр­ғы­нына қа­тыс­ты ӘҚБтК 382-бабының 1-бөлігі бо­йын­­ша және Қалбатау ауылының екі тұр­ғы­нына ӘҚБтК 383-бабының 3-бөлігі бойын­ша әкімшілік істер қозғалды. Анық­тал­ғандай, балықшылар Ортабұлақ кө­лін­де балықты тыйым салынған аулау құ­рал­да­рымен аулаған.

Облыстың өзен-көлдерінде балық қорын көбейту мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп-ақ жатыр. Көбейту өз алдына, балықты заңсыз аулаудың алдын алу үшін де табиғат жанашырлары бір кісідей жұмылып, әртүрлі про­фи­лактикалық жұмыстар істейді. Айта кетсек, өңірде 16 сәуір мен 30 мамыр ара­лығында «Нерест» профилактикалық ша­расы басталған. Соған қарамастан, заңды белден басып жүргендер көп. Төрт күн ішінде ғана облыста балық ресурс­тарын заңсыз аулаудың 70-ке жуық фактісі анықталды.

– Тікұшақпен әуеден шолу кезінде жағалау сызығынан айыратын нөмірі жоқ 18 дюралды қайықтар табылды. «Рахметолла» учаскесінде қызметкерлер 2 резеңке қайық, ескек, қайық моторы мен қапшықтағы ауларды анықтады. Барлық заттай дәлелдемелер балық инспекциясына жолданды. 64 адамға қатысты жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар салынды, – деді облыстық По­лиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Өткен аптада табиғатты қорғау және аума­­қ­тық балық инспекциясының қыз­мет­­кер­лері МИ-8 тікұшағымен Өс­ке­мен қаласынан Бұқтырма су қойма­сы­ның жағалау сызығы бойымен Бөкен өзе­ні­нің сағасы – «Торанғы» шығанағын, Жол­нұс­қау, Аманат, Шеңгелді ауылдарын, Қара Ертіс өзенінің сағасын, Тұғыл ауылын, Зайсан көлінің сол­түс­тік-батыстағы тыйым салынған бө­­лігін әуеден бақылады. Сондай-ақ қыз­мет­керлер Ұлан, Күршім, Тарбағатай және Көкпекті аудандарының аңшылық алқаптарын тексерді.

Барлық иесіз қайықтар мен балық­шы­ларға бейнетүсірілім жүргізіліп, орналасу орындарының картасында белгі қо­йылды. Ақпарат Күршім, Тарбағатай, Көк­пекті аудандық полиция бөлімдеріне жолданды. Ал балықшы азаматтар балық аулаудың нормалары мен қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік ( ӘҚБтК-нің 381-бабы) қана емес, қыл­мыстық жауапкершілік (ҚК-нің 335-бабы) қарастырылғанын да есте ұста­ған­да­ры жөн.

 

Шығыс Қазақстан облысы