Бұл күндері Сербияның бас шаһары – Белградта бокстан халықаралық Belgrade Winner турнирі өтіп жатыр. Күні кеше жарыстың жартылай финал бәсекелері аяқталып, финалға жолдама алған боксшылар анықталды.
Халықаралық жарыстың финалына Қазақстан құрамасының төрт былғары қолғап шебері шықты. Атап айтар болсақ, турнирдің алтын жүлдесі үшін жерлестерімізден Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит (91 кг), былтырғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Сәкен Бибосынов (52 кг), 2020 жылғы Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнулинов (63 кг) және жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай (81 кг) жұдырықтасады.
Ал жартылай финалда қарсыластарына жол берген Олимпиада жолдамасының иегері, Қазақстан чемпионы Абылайхан Жүсіпов (69 кг), ел біріншілігінің жүлдегерлері Нұрқанат Райыс (75 кг) пен Нұрлан Сапарбай (+91 кг) жарыстың қола жүлдесіне ие болды.