Маңғыстаудағы Мұнайлы ауданында коронавирус індетіне қарсы қосымша 2 егу пункті ашылды. Бұл туралы Мұнайлы аудандық орталық аурухана басшысының міндетін атқарушы Жанар Досжанова мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Мұнайлы ауданында коронавирусқа қарсы 2 егу бөлмесі жұмыс істеп келген. Енді олардың қатарына қосымша тағы қос пункт қосылды. Жаңадан ашылған егу бөлмелері Маңғыстау ауылындағы Фариза Оңғарсынова атындағы орталық мәдениет үйінде және Басқұдық ауылдық округіндегі «Мұхамбет» медицина орталығында орналасқан.
«Егу пункттері таңғы 8:00-ден кешкі 17:00 аралығында жұмыс істейді. Тұрғындарға қолайлы болу үшін Басқұдық ауылдық округінде орналасқан бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығындағы егу бөлмесінің жұмысын ұзарттық. Яғни 17:00-23:00 аралығында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ораза ұстаған жандар ауыз ашардан кейін де коронавирусқа қарсы екпе алуға мүмкіндік болады. Бүгінгі күнге дейін 2 мыңға жуық Мұнайлы ауданының тұрғыны коронавирусқа қарсы екпе алған», деді Жанар Досжанова.
Айта кетейік, бүгінде 22 мыңнан астам маңғыстаулық коронaвирусқа қарсы екпе алды. Облыста 32 егу пункті жұмыс істейді, оның 5-і жылжымалы.