• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Сәуір, 2021

Қуанай хазірет Батыс Алашорданың рухани көсемі

1052 рет
көрсетілді

Қасиетті Рамазан айында Батыс Қазақстан облыстық мешітіне Қуанай хазіреттің есімін беру туралы ұсыныс айтылып жатыр. Заманында Батыс Қазақстан ғана емес, күллі қазақ жұртына белгілі болған діни қайраткер, Күнбатыс Алашорда үкіметінің рухани көсемі атанған Қуанай Қосдәулетов кім еді?!

Қуанай Қосдәулетұлының туған жылы туралы деректердің бірінде 1859, бір мәліметте 1863 жыл деп көрсетілген. Ол қа­зіргі Батыс Қазақстан облысы Сы­рым ауданына қарасты Қособа ауыл­дық округі аумағындағы Қос­па деген мекенде дүниеге кел­ген екен. Әкесі Қосдәулет малы ең дәулетті кезінде 20 бастан аспаған қарапайым шаруа болған. Тергеудегі жа­уаптарында алғашқы білімді ауыл молдаларынан алғанын айтады. Ал Қуанайдың өскен жері – атақты Шүйеке хазірет – Сүйінішқали шейх Өтемісұлының ауылы болатын. Одан кейін Орал қала­сында Ғабдырафақұлы, Әли деген қалпелерге шәкірт болады. Бұ­дан соң Қуанай Бұқара шәріпте оқыса керек. Ел аузында оның Түркиядағы атақты Ая-София мешітінде имамдық қылғаны ай­тылады. Бұл сірә 1914 жылдары хазіреттің Мекке-Мәдинаға жа­­саған қажылық сапарындағы оқиға болуы да мүмкін.

Қуанай хазіреттің төңкеріске дейінгі қызметі туралы дерек көп емес. Дегенмен, қазақтың тұң­ғыш басылымдарының бірі «Қазақстан» газетінің 1912 жыл­ғы 4 ақпандағы №6 санында «Жым­питы (Қызыл үй)» деген мақалада Мир-Ғазиз Зиннуров Қоспадағы мұсылман мектебінің 20-30 жылдан бері шәкірт оқы­тып тұрғанын жазады. «Бұл мек­тептердің басында болған (тұрған) адамдарды жазбай қалдыру қиянат болар: Қоспада Қуанай нәм ишан әмме Қызыл үйдегі мектеп басында Ғабидолла нәм қалпе. Бұл адамдар һәр екеуі де халық үшін пайдалы адамдар һәм оқымысты адамдар. Хасуса Қуанай хазірет ғайратлы адам» дейді автор.

1916 жылы «Маусым жарлығы» шы­ғып, қазақ баласы майдан жұ­мысына шақырылып, ел іші бүлінген сәтте билік орындары Қуанай хазіреттің абырой-беделін барынша пайдаланған. Өйткені көзі ашық хазірет ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «қазақ баласы майданға барсын, соғыс тәртібі мен өнерін үй­­рене берсін, үкіметке қарсы шы­ғып, бекер қырылмасын» деген көзқарасын қолдаған екен. Осы­­лайша, қарулы көтеріліске дайын­­далған Жымпиты уезінің жігіт­­терімен Қараой, Соткен, Жау­­ғашты мекендерінде бірнеше рет жолығып, оларды райынан қай­таруға үндеген.

1917 жылдың соңында Жым­питыда Алашорда үкіметінің күн­батыс қанаты қалыптасқан кезде Қуанай хазірет те ұлтшыл ел азаматтарымен бірге болған еді. Жымпиты, Қаратөбе сиез­деріне қатысқан дін көсемі Алаш қайрат­керле­рімен тізе түйіс­­тіріп қызмет еткен. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттелетін оқи­ғадан көп­шілік таныс болса керек:

«...Қуанай хазіретті білмейтін Орал облысында бала жоқ. Қуанай хазі­ретті Үпідегі, Қазандағы но­ғай-башқұрттың мүптилері де біледі. Мүпти де Қуанайды сый­­лайды. Қуанай «әулие». ...Хазірет босқа сөз сөйлемейді. Хазіреттің әр­бір сөйлеген сөзі ем. Хазірет ызбар­ланып, айнала қарап қояды. Үкімет мүшелері молдадан қо­рыққан балаларға ұқсап сызылып отыр».

Сол кездегі саясат салқыны­мен сарказм араластыра жазылға­нымен, Қуанай хазіреттің атақ-абы­ройы сол кезде шынымен де өте биік болатын.

 

* * *

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары большевиктер дінге біраз ерік берді. Уфада мұсыл­мандардың Орталық діни бас­қармасы (ЦДУМ) құрылып, мол­далар арнайы құжатпен ресми жұмыс істей бастады. Діни басқарманың сиездері өтіп, ресми басылымы да шы­ғып тұрды. Әрине, бұл жұмыстан Қуа­най Қосдәулетұлы секілді білімді дін қайраткерлері де шет қалмады.

1926 жылы 25 қазан мен 4 қараша аралығында Уфада өткен Бүкіл мұсыл­мандардың 3-ші сиезінде Ресейдің түкпір-түк­пірі­нен жиналған 427 деле­гаттың, Қазақстаннан барған 130 өкілдің бірі Қуанай хазірет болатын. Ол әрі бүкіл Ресей бойынша сайланған 106 мұхтасибтің бірі еді. Сол жиында Қуанай хазірет арнайы баяндама жасап, ел ішінде атқарылған жұмыстарына есеп беріпті. Оның мұхтасибтік құзыретіне ел ішінде шариғат шарттарының сақталуын қадағалау, күпірліктің алдын алу, халық ағарту жұмыстарын ұйым­дастыру секілді сан-салалы міндеттер кіретін. Күннен-күнге күш алып келе жатқан құдайсыз кеңес өкіметінде дін тарату жа­лаң қылыштың жүзімен жа­лаңаяқ жүргендей еді. Соған қарамастан, хазірет өз міндетін барынша адал атқарған. Ел арасында халықты дінге шақырған парақтар таратқаны, 1925 жылы Орталық діни басқарманың тапсырмасымен Адай уезіне сапарлап, дін пайдасына қаржы жинағаны кейін өзіне қарсы көтерілген қыл­мыстық істің айыптау жолдары болып жолықты...

Белгілі өлкетанушы Қайыржан Ха­са­нов ағамыз «Хазірет Құрбан­ғали Қуа­нышқалиев» деген ең­бегінде 1937 жылғы қуғын-сүргіннен әупірімдеп аман қалған Құр­­банғали хазіреттің естелігін кел­тіреді. Құрбанғали хазірет те Қуанай Қосдәу­летұлы секілді мұхтасиб болған адам.

«1927 жылы Уфаға Діни сиезге ша­қырды. Жымпитыдан түкіш Қуанай хазірет екеуміз барып, он екі күн жүріп келдік. 1928 жылы мешітті жапты. Қуанай екеу­міз­ді ұстап, «Қырық тұрбаға» (Оралдағы түрме – Қ.Қ.) апарып қа­мады. Екі тама хазірет, бір бәй­сеу және біз екеуміз болып, бар­лығымыз бес адам екі ай жарым түрмеде жаттық» деген. Құр­бан­­ғали хазіретті осыдан кейін Пере­метныйда бір ай шошқа бақ­тырып, кейін Ресейге жер аударып жіберген. Ал Қуанай хазірет ерекше назарда еді.

Шынында да 1928 жылы ел ішінде ірі байлар мен Кеңес өкі­метіне жат элементтерді тәркі­леп, ел аумағынан алас­тау нау­қаны басталған кезде Қуанай ха­зірет қара тізімге алдымен ілік­кендердің бірі болды. 1928 жылы 21 қыркүйекте «Красный Урал» газетінің арнаулы санына Орал округтік атқару комитетінің кәмпеске туралы қаулысы жарияланды. Осы қаулыда «бай-феодалдар, хан-сұлтан тұқымы, патша өкіметінің арқа сүйері болған бұрынғы болыс-билер мен атқамінерлер» тізімі екі топқа бөліп көрсетілген. Бірінші топқа өңірдегі 56 ірі байдың аты-жөні қосылса, екінші топқа бай болмаса да Кеңес өкіметінің қас жауы санатындағы аса қауіпті тұлғалар енгізілген. Қуанай хазірет осы екінші топқа жатқызылған екен.

Міне, осы күннен Қуанай хазіреттің 10 жылға созылған, ең соңында «үштік­тің» шешімімен ату жазасына кесілуімен аяқта­латын тозақ тағдыры басталады.

Алматы қаласындағы орталық архивте сақталған бір құжатта Орал округінен Жетісуға жер ауда­рылған тұлғалардың тізімі берілген. Тізімдегі 54 адамның ішінде Қуанай Қосдәулетов №39 болып таңбаланған. Отбасында 6 адам бар деп көрсетілген.

Алайда мал-мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылған бұл отбасылар жаңа жерде де тыныштық таппайды. Қуанай хазіретке қатысты алғашқы сот шешімі 1929 жылы 30 мамырда шығыпты. Сол кездің өзінде оны әйгілі 58-баптың 10-тармағы – «антикеңестік үгіт-насихат таратты» деп айыптап, үш жылға Курск губерниясына жер аударуға үкім кескен.

Қуанай хазіреттің өмір жолы туралы алғашқы толымды еңбек жазған Қуаныш Қитаров пен Қайыржан Хасановтың «Саяси қуғындар тағдырлары» кітабын­да Қуанай хазіреттің Халел Досмұ­ха­медұлына жазған хаты жария­ланған:

«Бауырым Халил Досмұ­хамедұлы! Сізге деген құрметімді білдіре отырып, біз де осы жерге келгенімізді мағлұм етейін де­дім. Сіздің Алматыда екеніңізді есітіп, бек қуандым. Қызылордада Жаһан­шаһпен кездесе алмай қапа болып едім. Сіздің Алматыда еке­ніңіз алаң көңілімізге аздап медеу болды. Алашорда сиезі кезіндегі достығымыз ұмытыла қоймаған болар деген үмітім зор. Мен қазір қартайдым, мал-мүлкім одан бұрын тәркіге түсті. Өзім түрменің де дәмін таттым, қазір мұңымды кімге шағарымды да білмеймін. Өзіңізбен бір кездесу нәсіп болар деген үмітім бар. Ұлым Мұхамед-Зәкірді осы хатпен жіберіп, сізге һәм Жаһаншаһқа сәлем айтам...». Бұл хат Қуанайды Алматы қала­сында тұтқындаған кезде қал­тасынан табылған делінеді. Ол кезде хазіреттің отбасы Қазақ көшесі №7 үйде болған.

 

* * *

Жат жерде жазықсыз үш жыл сан­далған Қуанай хазіреттің отбасы 1934 жылы елге қайтып, Орал қаласының қазіргі ет комбинаты аумағында жеке үйде тұра бастай­ды. Бұл кезде хазіреттің жасы егде тартып, айықпас ауруға шал­дық­қан болатын.

Алайда 1937 жылы Кеңес өкіметінің қас жауларын жаппай әшкерелеу науқаны басталған кезде бұрыннан қара тізімде тұрған Қуанай хазірет сынды тұлғалар алдымен нысанаға ілінді.

«Екпінді құрылыс» газетінің 1937 жылғы 15 тамыздағы №186 санында «Дінге қарсы пропаганда жұмысы нашар» деген мақала шығыпты:

Әңгімесін әу дегеннен «Жым­питы а­уданы көлеміндегі партия, кеңес орындары дінге қарсы үгіт жұмысын әлі кемеліне келтіре алмай отыр» деп бастаған автор «Қособа ауылында Қуанай ишан Орал мен Жымпитының арасына жүруіне расходқа деп жәрдем жи­наған» деп көрсетеді. Бұл бүкіл Кеңес Одағының аспанында қуғын-сүргін бұлты қоюланып, «халық жауын» іздеу науқаны басталған шақ еді.

1937 жылы мұсылман элитасын, көрнекті дін қайраткерлерін баудай түсірген әйгілі «Орталық Мұсылмандар діни басқармасы ісі» («Дело ЦДУМ») бойынша Уфадағы діни басқарма төраға­сы­ның орынбасарлары Кашафутдин Тәржіманов пен Маһди Мақұлов бас­қарды делінетін астыртын топ алдымен сотталса, осы ұйымның Батыс Қазақстан өңіріндегі қана­тына жетекшілік етті деген желеумен белгілі дін қайраткерлері Қуанай Қосдәулетов пен Хасан Нұр­мұхамедұлы бастаған бір топ адам 1937 жылы 29 қазанда тұтқынға алынды. Қара­жүрек тергеушілер жасы 80-ге тая­ған, төсек­тен тұра алмай жатқан хазі­ретті түрмеге зембілге салып алып кеткен.

«Батыс Қазақстан облы­сын­да кең тар­­мақталған контрреволю­ция­лық па­нис­­­ламистік бай-мол­да, бүлік­шіл, шпион­дық, ди­вер­­сиялық ұйым әшке­реленді. Ұйымның мақсаты – Кеңес өкі­метін құ­латып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алып, Жапо­ния протекторатындағы бур­жуазия­лық ұлтшыл мемлекет құру бол­­ған» – Қуанай хазіретті, оның ұлы Мұ­хамед-Закир­ді және бірнеше адамды айып­таған қыл­мыс­тық іс­тің айыптау жолдары осындай еді.

 

* * *

Кейін Сталин өлген соң Кеңес Ода­ғындағы қуған-сүргін құрбан­дарының ісі қайта тексеріле бас­тайды. 1955 жылы тергеушіге бер­­ген жауабында осы оқи­ғаның куәгері, НКВД қызметкері Ахмет Әбузаров былай деген екен:

«...Шамамен 1937 жылдың та­мыз айының соңында немесе қыр­күйек айында ІІХК (НКВД) Батыс Қазақстан облыстық басқармасы жанынан «ерекше үштік» құрыл­ған соң Орал қаласына ҚазКСР халық комиссарының орынбасары Володзько келіп, баяндама жасау үшін жедел уәкілдерді, ішінде мен де бармын, шақырып алды. Баян­дама барысында Володзько біздің «облыстағы контр-револю­циялық ұйымдарды әлі күнге дейін әшкерелемей отырғанымызды» сынап, қолда бар тіркелген материалдарды жинақтауды тапсырды.

Менің есімде, Володзько өңір­дегі мұсылман діні қайраткер­лері туралы мате­риал­дармен таныс­қан соң өзі айтып отырып бір бұй­рықты қағазға түсіртті. Ол бұй­­рықта Батыс Қазақстан облысында контрреволюциялық, бай-мол­далардан құрылған, бүлікшіл ұйым­ның әшкереленіп жойылғаны айтылған, осыған байланысты біз өңірдегі барлық бай мен молданы тұтқындап, әлгі ұйымға қатысты екенін анықтауымыз керек болды.

Жұмыс барысында мені бас­қарма бастығы Ромейконың каби­нетіне ша­қырды. Онда Володзько маған бір тұтқынның тергеу хаттамасын көрсетіп, қалай дұрыс толтыруды түсіндірді. Ол маған: «Жақсы бір хаттама жасап алу керек, осының негізінде өзге де хат­тамаларды толтыру қажет, тек қатысушылардың аты-жөнін өзгертіп, бәрін де ұйымға мү­ше ретінде қосу қажет» деді. Істерді қалай қарау жөнінде де ақылын айтты: «Ұйым­ның басшысы ре­тінде 10-15 адамды ерек­ше іске тіркеп, айыптауды көбірек қосып, Әс­кери алқаға жібереміз, олар бірін­ші дәреже бойынша өтеді. Ал төменгі қатар­дағы мү­ше­­лерінің барлығын бірінші дә­ре­­жеге жатқызып, «Үштік» ар­қы­лы өткі­земіз. Бұл жұмыстың бәрін облыстық бас­қар­мадағы Голо­ванов пен Испанский біліп отыруы тиіс...».

Жоғарыдағы құжатты ҰҚК сала­сының ардагері Қуаныш Қи­таров 2011 жылы жарық көрген «Саяси қуғындар тағдырлары» кітабында жариялаған.

Бүгінде Батыс Қазақстан облыс­­тық Ішкі істер басқар­ма­сының архивінде сақталған қыл­мыстық істермен таныса отырып, «Батыс Қазақстан облы­сын­да кең тармақ­талған контр­революциялық панисла­мистік бай-молда, бүлікшіл, шпиондық, диверсиялық ұйым мүше­лерін» әшкерелеген қылмыстық істердің дәл осы тәртіппен жүргенін көре­міз.

Деректерге қарағанда «Уфада­ғы Орта­лық Мұсылмандар діни басқар­масы төрағасының орынбасары Маһ­ди Мақұлов басқарған астыртын ұйым­ның мүшесі» деген айыппен Оң­түс­тік Қазақстан облысынан – 119 адам, Ақтөбеден – 72, Атыраудан – 12, Қа­зақстанмен шекаралас Ресей об­лыс­тарынан 25 адам (негізінен қа­зақ­тар) сотталып, атылған екен. Батыс Қазақ­стан облысы бойынша нақты дерек бол­мағанымен, жазықсыз жазаланған дін қайраткерлері аз болмағанын қазірдің өзінде аңғарып отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрыл­ған қуғын-сүргін құрбандарын түбе­гей­лі ақтау жөніндегі жұмыс тобы­ның алдындағы зор міндеттің бірі осы.

 

* * *

...Біздің кейіпкеріміз Қуанай хазірет 1937 жылы 5 желтоқсанда «үштіктің» ше­ші­мімен ату жазасына кесіліп, 7 жел­тоқ­­сан күні 21 сағат 30 минутта үкім орын­­дал­ған.

Осылайша, саналы ғұмырын хақ Ис­ламның жолына арнап, сол жолда мың сан мехнат шеккен хазірет 79 жас­қа қара­ғанда Орал қаласында жалғыз ұлы­мен бірге шәйіт болды...

Дегенмен, Қуанай хазіреттің есімі халық жадынан өшкен емес. Тіпті Кеңес өкіметі кезінде де хазіреттің есі­мін Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тай­ғақ кешу», Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» кітап­тары арқылы халық жақсы білді. Кейінгі жыл­дары дін қайраткерінің өміріне қатыс­ты басқа да деректер жария болып жатыр. Ел ішінде Қуанай хазіреттің асатаяғы табыл­ғаны туралы сүйінші хабар жетті. Енді Орал қа­ласындағы орталық мешіттің маң­­дайына Қуанай хазіреттің есімі ілінсе, аруақ алдындағы бір парыздың ақталғаны деп білеміз.