«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық дамуымыздың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын саралаған Жолдауында халыққа осындай үндеу тастаған болатын.
Елбасы 2018 жылы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс», деп нақты тапсырма да берді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек», деп атап көрсетті. Президент кейінірек «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында мемлекеттік тіл мәселесін де қозғап, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады», деген еді.
Мұның бәрін тізіп шығуымыз бекер емес. Газетіміздің 2021 жылғы 20 қаңтардағы нөмірінде «Екі ауыз сөзді ежіктеп...» деген мақала жариялаған едік. Онда Парламент Мәжілісіне жаңа сайланған депутаттардың ант беру рәсіміндегі «қызықтар мен шыжықтарға» тоқталып, олардың төрт ауыз сөзді айта алмай ежіктегенін сынағанбыз. Сол мақаламызда «Алдағы уақытта Мәжілістегі мемлекеттік тілдің жағдайы қалай болар екен?..» деген сауал тастаған едік. Таяуда Мәжілістің онлайн режімінде өткен кезекті жалпы отырысын көріп отырып, депутаттардың ана тілімізге әлі де бет бұра қоймағандығын байқағандай болдық.
Жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі кешеге дейін 13 жалпы отырыс өткізді. Осы уақыт аралығында депутаттар түрлі мемлекеттік орган басшыларына 160 депутаттық сауал жолдапты. Ерінбей, талмай солардың бәрін санап шықтық. Сөйтсек, 90 сауал орыс тілінде, 70 сауал қазақ тілінде оқылыпты. Мәселен, 24 ақпандағы жалпы отырыста 18 депутаттық сауал жолданды. Соның 11-і Пушкиннің тілінде, 7-еуі ғана Абайдың тілінде жарияланды.
10 наурыздағы жиында 15 сауалдың 10-ы орыс тілінде, қалғаны қазақша оқылды. Палатаның 7 сәуірдегі отырысында депутаттар «рекорд» орнатты. Жолданған 11 сауалдың 9-ы орыс тілінде болды.
Шүкір, бүгінде Қазақстан халқы 19 миллионға жақындап қалды. Ресми мәліметке сүйенсек, соның 89 пайызға жуығы қазақша біледі екен. Яғни халықтың басым бөлігі мемлекеттік тілімізде сөйлейді. Оның үстіне, ауыл тұрғындары (халықтың 47 пайызы) мен шетелден келген миллионға жуық қандасымыз тек қазақ тілін біліп, орысша түсінбейтінін ескерсек, ана тіліміздің өзектілігі анық аңғарылады.
Осы орайда ресми деректің бәрі Қазақстандағы негізгі қолданыс тілі қазақша екенін айғақтап тұрғанына қарамастан, депутаттардың неліктен орысшаға құмар екені түсініксіз. Әлде, орыс тілінде қойған сауалымыз Үкіметке өтімдірек болады дей ме екен?
Тіл туралы әңгіме қозғалғанда Нельсон Манделаның мына сөзі еске түседі. «Егер біреумен түсінікті тілде сөйлессең, тіл табыса аласың. Ал оның ана тілінде сөйлесең, ол сені жүрегімен түсінеді», дейді талай жыл түрмеде отырып, кейін ел басқарып, апартеидке қарсы тұрған аса көрнекті тұлға. Ендеше, халықтың қалаулысы саналатын депутаттар тұрғындардың мұң-мұқтажын жоқтау үшін қазақ тілін жетік меңгеруі тиіс емес пе?!
Депутаттар әлі күнге дейін Мемлекет басшысының тілге қатысты ұстанымын білмейтін секілді. Әйтпесе, Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекеттік тілді тез арада жетік үйренуге болатынын өз мысалы һәм өнегесі арқылы дәлелдеген саясаткер.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де екі тілге жетік басшы. Палата Спикері қазақша қамшы салдырмайды, орысшаны жаңғақша шағады. Осындайда Мәжіліс депутаттары Президент пен Мәжіліс Төрағасынан неге үлгі алмайды деген ой келеді. Айтпақшы, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те екі тілде еркін сөйлейді. Сондықтан нұротандық депутаттар тіл мәселесінде өзгелерге өнеге көрсетсе ғой дейсің...