Семейде онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін ядролық медицина орталығы ашылды. Қатерлі ісік аурулары мен басқа да патологияларды ерте кезеңдерде анықтауға және оны сәтті емдеуге мүмкіндік беретін маңызды медициналық мекеменің іске қосылуы бірқатар мердігердің жауапсыздығынан қайта-қайта кейінге қалдырылып келген еді. Жауапсыз мердігерлер жұмысты мерзімінде аяқтамағаны өз алдына, науқастардың көмекке мұқтаждығын да ескермеген.
Естеріңізге сала кетсек, сұйық радиациялық қалдықтар сақталатын және жойылатын бөлімді Үкімет комиссиясы бірнеше рет тексерген. «Медтехника» кәсіпорнының орталығына орнатып қойған жабдықтың қауіптілігін медицина қызметкерлеріне ғана емес, Ұлттық ядролық орталықтан арнайы шақырылған ғалымдарға да дәлелдеуге тура келді. Олар сақтауға арналған ыдыстардың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндігін, орталықтың қызметкерлері мен пациенттеріне қауіп төндіретінін анықтады. Бұған дейін ғимараттағы желдету жүйесі де үлкен проблема болған.
Сұйық радиоактивті қалдықтар сақтауға арналған жаңа бөлімшені салу туралы стратегиялық шешімді облыс әкімі Даниал Ахметов 2019 жылы қабылдаған еді. Бастысы, азаматтар үшін қауіпсіз болу керектігіне назар аударған аймақ басшысы медициналық техника орнатылған жабдықтары бар бөлімше жобаға сәйкес емес екендігін растаған. Сөйтіп жабдықты бөлшектеу туралы түкпілікті шешім қабылданғанға дейін ұзаққа созылған сот процесі басталған. Егер орталықтағы ақаулар уақытында жойылмаса, соңы неге әкеліп соғарын елестетудің өзі қорқынышты еді. Ядролық орталық медицина қызметкерлері үшін ғана емес, Семей тұрғындары үшін де қауіпті нысанға айналуы мүмкін еді. Өйткені сұйық радиоактивті қалдықтар жерасты суларына да түсіп кетуі мүмкін.
БАҚ өкілдері шақырылмаған «жекпе-жек» жиналыста (14.04.2021 жылы) сөйлеген кәсіпорын бас директорының міндетін атқарушы жаңадан сатып алынған сұйық радиациялық қалдықтарды кәдеге жарату жүйесі бұрын орнатылғанымен бірдей екенін айтқан. Ол осы сөзімен өздеріне осы уақытқа дейін жала жабылып келді дегенді меңзесе керек. Бірақ аталған нысанда бірнеше рет жұмыс істеген, барлық құжаттаманы, барлық нормалар мен шарттарды егжей-тегжейлі зерттеген үкіметтік комиссия, осы жабдықта жұмыс істеуге тиіс мамандар, бөлшектеу туралы шешім қабылдаған сот өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен сол кездегі Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой орталықтың жұмысындағы бірқатар мәселені атаған-ды.
Бүгінде Ядролық медицина орталығы – облыстағы үлкен медициналық кластердің бір бөлігі. Оны іске қосу үш кезеңде жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде диагностиканың ең заманауи және тиімді әдісін пайдалануға мүмкіндік беретін бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томограф орнатылған радиоизотопты диагностика бөлімшесі өз жұмысын бастады. Бөлімшеде 16 медицина қызметкері жұмыс істейді. Атап айтсақ, ядролық медицина, радиохимия, радиофармацевтер, медициналық физиктер, радиациялық қауіпсіздік жөніндегі инженерлер бар.
Екінші кезең – радионуклидтік терапияны енгізу, ал үшінші кезең – ПЭТ-диагностика және ең заманауи циклотрондағы 18 F-фтордезоксиглюкоз радиофармпрепаратын өндіру.
Бұл орталықты бірегей медициналық ғимарат деп айтуға болады. Сол үшін де ашылуын жүздеген адам күтті. Өкінішке қарай, мердігерлердің «немқұрайдылығына» байланысты кейбірі Семей қаласының ядролық медицина және онкологиялық орталығынан қажетті ем ала алмады. Семей қаласының ядролық медицина және онкологиялық орталығының бас дәрігері Марат Сандыбаевтың айтуынша, орталықтың көмегіне жыл сайын 600-ге жуық адам мұқтаж. Егер орталықты мерзімінде, яғни 2015 жылы салса, «Медтехника» жабдықтарын уақтылы жеткізсе, 3 мың адам ем ала алар еді.
– Бүгінгі таңда бұл орталық Шығыс Қазақстан облысына ғана емес, бүкіл елге қажет. Көптен күткен нысан – облыстағы елеулі оқиғалардың бірі. Дәл осы орталықта мамандар кез келген адам ағзасының, қанның, лимфаның және зат алмасудың жағдайын бағалап, аурулар мен қатерлі ісіктерді дер кезінде анықтап, оны емдеу үшін функционалдық диагностика жүргізе алады, – дейді М.Сандыбаев.
СЕМЕЙ