«Болашақ» бағдарламасының үміткерлері 4 мамырдан бастап 28 қазанға дейін құжат тапсыра алады. Аталған стипендияға қатысты тағы бір жаңалық, мамандықтар тізімі жаңартылды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов үміткерлердің «Болашақ» бағдарламасының тізімінде бекітілген әлемдік беделі жоғары оқу орындарының біріне өздері түсетінін жеткізді.
– Үміткерлер үшін ең маңызды құжат – «Болашақ бағдарламасымен оқуға болатын басым мамандықтардың тізімі. Былтыр «Болашақ» бағдарламасының үміткерлерін іріктеуге және конкурстық құжаттамаға қатысты талаптарға өзгерістер енгізілген болатын. Соған сәйкес енді барлық үміткерлер (мейлі магистратураға, докторантураға, резидентураға тапсыратын) «Болашақ» бағдарламасының тізімінде бекітілген әлемдік беделі жоғары оқу орындарының біріне өздері түсуге міндетті болады. Оқуға түскенін дәлелдейтін құжатпен ғана стипендияға үміткер бола алады. Құрамына білім және ғылым саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері кіретін Республикалық комиссия отырысында 2021 жылға арналған басым мамандықтардың тізімі бекітілді. Оның қатарында жаңа технологиялар, роботтехника, биология, биотехнология, реабилитология, иммунология, вирусология, вакцинология саласының мамандықтары қамтылған, – деді вице-министр.
Аталған орталық Мемлекет басшысының Жолдауда берілген 500 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында жыл сайын тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасы бойынша жұмысты да ұйымдастырады.
– Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегі республикалық комиссияның шешімімен тағылымдаманың санаттары бекітілді. Енді тағылымдама қатарына ғалымдарға арналған жаңа санат қосылды. Ғалымдарға арналған тағылымдама 9-дан 12 айға дейін созылатынын атап өткен жөн. Бұл отандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми зерттеу орталықтарында іс-тәжірибеден өтуге және шетелдік әріптестерімен бірлесе жұмыс істеуге жол ашады. Тағы бір тоқтала кететін маңызды жайт, тағылымдама магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша да қарастырылған, – деді М.Дәуленов.
Ал «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова аталған басым мамандықтардың тізімі қалай жасақталғанын түсіндірді.
– «Болашақ» бағдарламасымен оқуға болатын басым мамандықтардың тізімі еңбек нарығындағы мүдделі ұйымдардың ұсыныс-пікірі, болжамдары, Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша болашақта қажет болатын кадрлардың болжамына қатысты сараптаманың негізінде, сондай-ақ әр саланың сарапшыларымен талқылау арқылы әзірленді. Бұдан бөлек құжаттарды қабылдау мен үміткерлерді іріктеу барысы толығымен автоматтандырылды. Сондықтан биылғы үміткерлер 4 мамырдан бастап құжаттарын электронды үкімет порталы арқылы тапсырады. Құжаттарының талаптарға сәйкестігі расталған үміткерлер конкурстық іріктеуге жолдама алады. Осы кезеңде үміткер порталдағы жеке кабинетіне кілт алып, жеке деректерін сақтай отырып, іріктеудің барлық кезеңінен өтеді, – деді А.Кәрібозова.
Орталық өкілінің айтуынша, үміткерлерді іріктеу конкурсының кезеңдеріне сәйкес әуелі толығымен электронды форматта кешенді тестілеу өткізіледі. Екінші кезеңде тәуелсіз сарапшымен жеке сұхбат болады. Соңғы кезеңде Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегі республикалық комиссияның мүшелері кандидатураларды қарастырады.