Бүгін қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде Ы.Жақаев атындағы Қазақ ғылыми зерттеу-институты ЖШС егіс алқабында күріш дәні себіліп, диқандар қызу тірлікке кірісті.
Шараға ауыл ақсақалдары мен қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қатысып, шаруаларды егін науқанының басталуымен құттықтады. Дала маржанын егу науқанын ашып берген Асқарбек Темірбекұлы «Биыл су лимитін болжай отырып, егін егуді жоспарға сай бастадық. Техникалар 100 пайыз талапқа сай, көктемгі дала жұмыстарына қатысуда. Дизель отынынан да ешқандай тапшылық жоқ. Енді тек диқандарымыздың еңбегі еселеніп, мол өнім жинауға күш салуымыз керек», деп күрішшілерге табыс тіледі.
Биыл қала диқандары жалпы аумағы 8 мың 750 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды межелесе, оның ішінде 3 мың 835 гектарға басты дақыл күріш егіледі. Диқандар сонымен қатар 419 гектарға бидай, қант құмайын 40, арпаны 10, сұлыны 5, мақсарыны 40 гектарға аумаққа ексе, мал азықтық дақылдарды 1618 гектарға, көкөніс, бақша дақылдарын 2783 гектарға орналастыруды жоспарлауда.
Сондай-ақ, Сыр шаруалары биыл күрішті көшеттеп егуді де жүзеге асырмақ. Биыл осы тәсілмен күріштің үш түрі 300 гектар аумаққа отырғызылмақ. Ы. Жақаев атындағы Қазақ Күріш ғылыми зерттеу-институтының басшысы Нұрбол Аппазовтың айтуынша жаңа тәсіл арқылы күріштің өнімділі артып, экономикалық және экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ.
Бұл бастаманы «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің директоры Жорабек Нұрымбетов те қолдайды. Бұл онсыз да тапшы суды үнемдеуге сеп болады.
Айта кетейік, ағымдағы жылы қаладағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолында көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 80 трактор, 21 тіркеме құралдар, 21 соқа, 9 дән сепкіш және 5 жүк көлігі бар. Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 514 тонна дизель қажет. Қала бойынша «РК-Мұнай» және «Нефть-Транс Қызылорда» тасымалдаушы операторлары бекітіліп, қазір 250 тонна арзандатылған дизель сатып алынды.