Алматы қалалық №8 емханасының бас дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Алмалы аудандық медициналық бірлестігінің үйлестірушісі Фарида Ағыбаева онлайн брифинг барысында қала мешіттерінде екпе салу пункті ашылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
Фарида Ағыбаеваның айтуынша, қазір қалада екпе салатын 211 пункт жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ 40 көшпелі мобильді бригада бар.
«Қалқаман» аумағындағы және «Нұр» мешітіне келушілерге вакцинация пункттері ашылып, жұмыс істеп жатыр. 30 сәуірге дейін «Музаммиль», «Әл-Мәдина», «Абдулла», «Алматы орталық мешіті» мешіттерінің аумағында тағы да бірнеше пункттер ашу жоспарлануда. «Алматы орталық мешітінің» вакцинациялау пункті жылжымалы және ұжымдық қызмет кезінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Вознесенск Кафедральды шіркеуі» мен «Храм Христа Спасителя» шіркеуінде ашылды, олар жексенбі күні де жұмыс істейді», деді Фарида Ағыбаева.
Бүгінгі таңда егу пункттерінде медицина қызметкерлеріне медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің еріктілері көмектесіп жатыр.