Жол адам ағзасындағы күретамырға ұқсайды. Жүректен шыққан қанды дене мүшелеріне түгел таратып, тіршіліктің тініне айналатыны секілді, шиырлы жол да бір қиырды бір қиырға жалғап, жалғастырып жатады. Оған ерекше мән берілетіні де сондықтан.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Тәуелсіздік туы көтерілген 30 жылда елімізде республикалық маңызы бар 13,4 мың шақырым автокөлік жолы салынып, қайта жаңартылған. Осының нәтижесінде республикалық маңызы бар автокөлік жолдары желісінің бұзылған учаскелері қалпына келді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» секілді 6 негізгі халықаралық транзиттік дәліздің жұмысы жаңа деңгейге шықты. Осылайша, отыз жылғы жүйелі жұмыстың нәтижесінде учаскелердің көліктік пайдалану жағдайы едәуір жақсарды.
Деректерге сүйенсек, 1991 жылы ел бойынша жалпы қолданыстағы автокөлік жолдары желісінің ұзындығы 86 мың шақырымды құраған екен. Бүгінде бұл көрсеткіш 96,8 мың шақырымға тең. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелілігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әрі ауқымды жол жобасы жоғарыда біз атап өткен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін реконструкциялау болды. Құрылыс 2009 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен басталған болатын. Елбасы бұл жобаны «ғасыр құрылысы» деп атады.
Қазақстан аумағы арқылы өтетін дәліздің ұзындығы 2787 шақырымды құрады. Жобаны іске асыруға 60-тан астам құрылыс-жол компаниясы тартылды. 35 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. 47 жаңа өндіріс орны құрылды және жұмыс істеп тұрған 8 нысан кеңейтілді. Құрылыс 2017 жылы аяқталды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде жол жүру уақыты екі есеге қысқарып, көлік ағыны айтарлықтай ұлғайды. Бүгінде дәліз бүкіл ел бойынша транзиттік жүктердің шамамен 90 пайызын қамтамасыз етеді. Мәселен, 2019 жылы бұл арқылы 1,71 млн тонна жүк тасымалданған. Транзиттік дәліздің жылдық орташа экономикалық тиімділігі 190 млрд теңгеден асады. Бұдан бөлек, мұнда орын алатын жол-көлік оқиғаларының үлесі 27 пайызға төмендеген. Сол секілді дүкен сөрелеріне түсетін тауарлардың түпкілікті бағасындағы көлік компонентінің үлесі азайып, бұл жағдай жалпы бағаның арзандауына алып келді.
Бүгінде жол инфрақұрылымын дамытуда 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының алар орны ерекше. Бағдарламаның бірінші бесжылдығы 2020 жылы аяқталды да, былтыр екінші бесжылдық басталды. Алғашқы бесжылдық аясында 3 мың шақырым жол салынып, реконструкцияланды. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының үлесі 88 пайызға, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 71 пайызға дейін көтерілді.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Бағдарламаның екінші бесжылдығында 11 мың шақырым жол ретке келтіріледі.
Республикалық жолдар желісінде ақы төлеу жүйесін енгізу жұмыстары жалғасады. 2020-2025 жылдар аралығында 11 мың шақырым жолды ақылы ету көзделіп отыр. Қазіргі уақытта барлығы 682 шақырым жол ақылы жолдар қатарына енгізілген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша қолданыстағы ақылы 4 учаскеден 5,7 млрд теңге қаражат жиналды. 2021 жылы 29 млрд теңге түсім түседі деген болжам бар.