• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Сәуір, 2021

Аманат – адамгершіліктің шыңы

5044 рет
көрсетілді

Қазақтың жалпақ тілінде «аманат» деген ұғым бар. Бұрынғы аталарымыз өзінің мал-мүлкін һәм өмір-ғұмырын аманат деп біліп: «Алланың аманатқа берген жанын, кезегі келгенінде тапсырамын» деп жырлаған. Сол сияқты мұсылман әлемінің сардар сахабасы Әбубәкір Сыдық «Аманат ол – адамгершіліктің шыңы» деген екен.

Сөзімізді одан әрі тәпсірлеп, тарқатар болсақ «аманат» ұғымы бір адамның екінші адамға сеніп тапсырған мүлік-заты немесе қоғамдық қатынастар барысында өте терең маңызға ие тарихи-әлеуметтік оқиға.

Кейде аманат ұғымының саяси да сипаты болуы мүмкін. Мы­салы, ежелгі Русь князі Яро­слав Алтын Орда билеушісі Бату­ға бағынғаннан кейін, толық бой­ұсы­нудың белгісі ретінде өзінің ұлы Александрды аманатқа берген. Демек, аманат ұғымының маңызы өте зор. Басқасын былай қойғанда, мұсылман үмбетінің қасиетті кі­табы Құран Кәрімнің «Ахзаб» сүресі, 72-ші аятында: «Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсын­дық. Олар мұны қа­был­даудан бас тартты, (жауапкершілігінен) қо­рықты» дейді.

Осындағы аят үкімінен қоғамда аманаттың жүгі аса ауыр екенін, оның жауапкершілігі өте қиын екенін аңғарамыз. VII ғасырда өмір сүрген ислам ғұламаларының бірі Абдулла Омар: «Егер сендер аманатты сақтай алсаңдар, екі дүниеде ештеме де жоғалтпайсыңдар» деп ама­нат ұғымында екі дүниенің сыйы мен сыры жатқанын ескер­теді.

Бұрынғы ата-бабаларымыз аманат ұғымының астарында сар­қылмас сауап пен тарқамас жақсылық жатқанын жақсы білген. Тіптен шариғатта ер азаматқа мал-мүлкі, бала-шағасы оған аманат делінген. Сондықтан да аталарымыз «аманатқа қиянат жүрмейді» дейтін бұлжымас қағиданы өз өмір­леріне темірқазық етіп ұстанған.

Осы орайда, мына бір оқи­ға­ларды сөзімізге дәлел ретінде ұсын­­бақпыз. Сонау Ноғайлы дә­уірінде атақты батыр Кегенес Кен­жанбайдың жан жолдасы Ақ­панбет батыр азғырушылардың алдамшы сөзіне еріп кетіп, тұтас жұрттың бүлініп, берік іргенің сөгілуіне себеп болуға сәл қалады. Ол кезде ұлыстың бүтіндігі – ба­тырлық пен байлықтың құнынан әлдеқайда жоғары екен.

Ноғайлы билеушісі Мамайдың жарлығымен бүлікшілер тал­қан­далып, Ақпанбеттің басы шабылып, батырдың үрім-бұтағы тұтқындалады. Ақпанбет өлер алдында досы Кенжанбайға кісі шаптырып, «досыма аманат жалғыз ұлым­ды ажалдан құтқарсын, ұр­пағым үзілетін болды» депті.

Хан жасағының алдынан шық­қан Кенжанбай Ақпан­беттің жалғыз ұлына сауға сұрайды. Қа­һарлы жасақ басшысы көнбейді. Досының өлер алдындағы айтқан аманатын орындап, Ақпанбет батырды ұрпақсыз қалдырмау үшін Кенжанбай өзінің егіз ұлының сыңары үш жасар Жанұзағын Ақ­панбеттің ұлының орнына өлімге беріп, досының ұлы Тастемірді құтқарған екен.

Сол сияқты аманатқа қатысты тағы бір оқиға. Сарысу-Талас бойын жайлаған тама елінде Тұр­дыбай, Таңат дейтін ағайынды адамдар өмір сүріпті. Тұрдыбай ертерек дүниеден өткен екен. Одан Нұралы дейтін жалғыз ұл қалыпты. Тұрдыбай марқұм өлерінде інісі Таңатқа: «Мына, сырқаттың беті жаман, егер де олай-бұлай болып кетсем, ұлым Нұралы өзіңе аманат, қатарынан кем-қор қылмай өсір, түтінім өшпесін» деп, аманатайды.

Арада бір мүшелден астам уақыт өткенде, дүние төңкеріліп, Екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ел ішіндегі жілігі татитын ер-азаматтар жаппай соғысқа алынады. Көппен бірге қара қоржынын арқалап, Таңат та майданға аттанады. Майданға кетіп бара жатып, әйелі Мәриямға: «Марқұм Тұрдыбай ағам Нұрәліні маған аманаттаған еді, ол енді саған аманат, бірдеңеге ұшырап қалмасын, ағамның түтіні өшеді» депті.

Уақыт сырғып өтіп жатты. Со­ғысқа кеткен Таңаттан қара қағаз келді. Мәриям белін бекем буып, өзінің үш баласымен бірге аманат иесі Нұралыны да қанаттыға қақтырмай өсіріп жеткізді. Бір күні Нұралыны майданға шақырған қағаз келді.

Мәриям қатты састы. Күйеуінің аманаты санасында жаң­ғырып тұрып алды. «...Ағамның түтіні өшпесін!». Ақыры, Мәриям аманат иесі Нұралыны алып қап, оның орнына жасы әлі толмаған өз ұлы Қыдырәліні «Нұралы мынау» деп, майданға аттандырыпты...

Сол ертеректе Бөрлі-Матай өңірінде Жапалақ пен Жұманай деген ағайынды адамдар өмір сүріпті. Үлкені Жапалақ елге тұтқа, ауылға айбар, жатқа сыйлы, жақынға қа­йырымды, ағайынға қамқор жан екен. Бір күндері Жапалақ жұрттың жан бағып отырған жайылымын тартып алмақшы болып келген ақ патшаның әкімгер шенеунігіне қамшы үйіріп, оны қорғаймын деп мылтық ала ұмтылған солдатты сабап, ол бейбақ өліп кетіп, басы дауға қалады.

Қысқасы, кешікпей «Жапалақты ұстау үшін Қапал уезінен әскер келе жатыр» деген хабар жетеді. Сонда інісі Жұманай келіп: «Мына жау сені ұстамай тыным таппайтыны анық болды. Сен кетсең бар қиындық елдің басына түседі, мен кетсем бір шаңыраққа ғана түседі. Егер ұйғарсаң «Жапалақ деген мен» деп солдаттың алдынан өзім шығайын, тірі болсам бір келермін, өлсем, жалғыз ұлым Байқұлан сізге аманат» депті.

Патша әскерінің қолына өз еркімен түскен Жұманай сол кеткеннен Сібірге айдалып, ақыры дәм-тұзы таусылып, жат жерден топырақ бұйырыпты.

Жапалақ болса інісінің аманатын бұлжытпай орындап, жалғыз ұлын ханның баласындай етіп асырап, ер жеткенде ел басқартып, тіпті болыс та болғызған екен. Қазір осы Байқұланнан тараған ұрпақ бір қауым ел.

Қазір сіз бен біз аманаттың қадірін түсінбей, білмей жүрге­німіз болмаса бұрынғылар аманат­тың алдында арын да, намысын да, ұятын да, салтын да сат­паған. Аманатқа қылдай қиянат жаса­маған. Шындығына осы күні біз ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, «Даланың шыдам-төзімін, Дарытқан бойға алыппыз, Асылын әттең өзінің, Әлі ұқпай жүрген халықпыз...».