Қысқа мерзім ішінде азаматтардың денсаулығын сақтауға айтарлықтай күштер мен қаражат жұмылдырылды. Бұл туралы бүгін халық алдында есеп беру кездесуінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
«Денсаулық сақтау саласында көптеген мәселелер бар, оларға назар аудару қажет. Саланың бірқатар маңызды көрсеткіштері төмендеді. Бұл ең алдымен ана өліміне қатысты. Сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 15 пайызға өскені байқалды. Мұның бәрі коронавирустық инфекцияның пандемиясымен байланысты», деді министр.
Министрдің айтуынша, осы проблемаларды шешу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды.
«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі үшін негізгі басымдық алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету болып саналады.
Бүгінгі таңда халыққа медициналық қызметтерді 7 мыңнан астам амбулаториялық-емханалық ұйым көрсетеді, оның ішінде мемлекеттік 59%, жеке меншік - 41%. Учаскелік дәрігердің жүктемесін азайту үшін біз 2020 жылы қосымша жалпы практика дәрігерлерінің 480 учаскесін аштық. Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ел өңірлерінде 63 амбулаториялық-емханалық нысан салынып, пайдалануға берілді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру өткен жылы денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 52,4%-ына дейін жеткізілді. Бұл ретте, дәрілік заттарға жазып берілген жеңілдікті рецептілер саны 13,7 миллионға жетті», деді А. Цой.
Сондай-ақ ел халқы скринингтік зерттеулермен қамтамасыз етілген, олардың саны 2020 жылы 12 млн зерттеп-қарауды құрады. Нәтижесінде, 600 мыңнан астам ауру анықталды.
«Қант диабеті, гипертония және жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бойынша ауруларға қатысты бағдарламаны іске асыру жалғасуда. 2020 жылы динамикалық бақылаудағы пациенттердің 55 пайызы осы бағдарламаға қатысты. Біз мобильдік медицинаны белсенді енгізудеміз. Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильдік бригадалардың саны 3 мың 700-ге жетті, оның 49 пайызы ауылда. Бұл ретте, 2020 жылы олар 750 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетті. Бұл үйде КВИ бар науқастарға медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды», деді министр.