Каратэден Португалияның бас шаһары – Лиссабонда өткен Премьер-лига додасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz
Токио Олимпиадасы қарсаңындағы ең соңғы рейтингтік турнирде Қазақстанның төрт өрені жүлделі орындар үшін таласты. Солардың арасынан Қайсар Алпысбайдың асығы алшысынан түсті. 60 кило салмақта сынға түскен қандасымыз барлық қарсыластарын қапы қалдырып, финалда латвиялық Калвич Калынышты ұтты. Сөйтіп, Қайсар бас жүлдені олжалады. Дәл осы салмақта күш сынасқан Дархан Асаділов қола медальді қанағат тұтты. Әйелдер арасында 50 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мөлдір Жаңбырбайдың да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге тамаша мүмкіндігі болды. Алайда шешуші тұста ол филиппиндік Джунна Цукиден жеңілген ол күміс жүлдені иеленді. Ал Бейбарыс Жаңбыр (75 кило) үшінші орын үшін тартыста қарсыласына есе жіберді. Осылайша, 86 мемлекеттен келген 710 каратэшінің қатысуымен өткен жарысты Қазақстанның ұлттық құрама командасы 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен қорытындылады.