Мәскеудің орталығында, Чистопрудный бульварында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жеңіс күніне арналған фотокөрме ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ашылу салтанатына Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев пен Мәскеу қаласы Басман ауданы басқармасының басшысы Ирина Лесных қатысты.
Фотокөрме Александр Грибоедов ескерткішінің жанындағы адам көп жүретін жерде орналасқан. Экспозицияда Нұрсұлтан Назарбаев Қорының, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайының, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мұрағаттарынан алынған бірегей фотосуреттері бар 16 стенд ұсынылған.
Қазақстан елшісі фотокөрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткені үшін Мәскеу қаласы Басман ауданы басқармасының басшысына алғыс айтып, оның екі елдің мәдени-гуманитарлық өміріндегі маңыздылығын атап өтті. Ол Жеңіс күні қарсаңында, әсіресе, жас ұрпаққа ата-бабаларының ерліктері туралы тарихи шындықты жеткізу өте маңызды екенін айтты. Е. Көшербаев көрме мәскеуліктер мен қала қонақтарына қызықты әрі пайдалы болатынына үміт білдірді. Оның пікірінше, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы дәуірінде де фотостендтердің дәстүрлі форматы бұрынғысынша сұранысқа ие және өзекті болып қала береді.
Көрмені Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырды және ол 16 мамырға дейін жалғасады.