• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Мамыр, 2021

«Мәңгілік алау» басындағы жоқтау

721 рет
көрсетілді

Түбі жоқ тарихтың шежіресінде шерменде болып өткен шешелеріміз аз ба?! Соғыс тауқыметін тау көтергендей арқалап өткен аналарымыз да енді жоқтың қасындай. Бұл бір шерлі суретті қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев осыдан 35 жыл бұрын түсірген.

Біз бұған дейін де байырғы көзмергеннің «Соғыс жесірлері» тақырыбына түсірген бірқатар суреттерін жариялаған едік.

– Бұл суретті 1985 жылдары түсірдім. Бір-екі рет газетке ұсынып көріп едім, ешкім ұната қойған жоқ. Бірақ суреттің құнды екенін біліп, «негативін» тастаған жоқпын. Сағыныштан әбден төзімі таусылған ананың ешкімге көнбей «Мәңгілік алау» басында барынша зарлы дауыс­пен жылап, жатып қалғанын таспаға тарттым, – дейді әріптес аға.

Сөйлейтін сурет түсіру, сәтті кадр жасау екінің біріне бұйыр­маған қабілет. Оның үстіне көзді ашып-жұмғанша сәтті кадр ұстат­пай кетеді. «Суретке түсіруге зорға үлгердім» деген фототілші бұл күнді былай деп еске алады.

– Бір жағынан біреу жылап тұрса, мен оны суретке түсірсем, сырт көзге ыңғайсыз, ұят көрінеді. Мына көріністен толқымау мүмкін емес. Ол кезде соғыс жесірлерінің көбі тірі еді. Осы фото бастама болды ма, білмедім, «Соғыс жесір­лері» деген атпен екі жылдай жесірлер өмірінен көп сурет түсірдім.

«Жесірлер жыласа, менің де қосыла жылаған сәттерім болды. Ондай жерде шыдау мүмкін емес. 1983 жылы Мәскеуде Қа­зақстан фотоөнер шеберлерінің көр­месі өтті. Осы сурет сол көр­меге қатысты»,  дейді Болат Омарәлиев.

Егер суреттердің дыбысы болса, біз сөзсіз жесір қалған аналарымыздың төбе шашты шымырлатар зарлы жоқтауын, сағынышын естуге дәтіміз шыдар ма еді! Соғыс жесірлері жылайды.

Бастапқыда 1979 жылы Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында ескерткішке тесіле қарап жылап тұрған бір әйелді зорға түсіріп үлгерген фототілші осы кадрдан кейін «Соғыс жесірлері» сериясын екі жылдай жалғастырған. Бұл туын­дысын Қызылорда қала­сындағы «Мәңгілік алау» мемориалында түсірген.

 

АЛМАТЫ