• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Мамыр, 2021

Жетісуда жер дауы неге жиіледі?

1020 рет
көрсетілді

Еліміздегі жер мәселесіне жүрдім-бардым қарауға болмайтынына тұрғындардың да, атқарушы биліктің де көзі анық жетті деп ойлаймыз. Өйткені қазір орталық қалалардың маңында ғана емес, шалғай ауылдарда да жерге қатысты тақырып ең өткір мәселеге айналып отыр.

Жалпы, қала маңындағы жер дауының өршуіне тұрғын үй құрылысын жүргізуге қажетті жер телімдерінің тапшылығы себеп болса, ауылдардағы жағдайдың күрделенуі жайылымдық жердің жетіспеушілігінен туындап отыр екен.

Алдымен ауылдағы ағайынның жерге қатысты мұңына құлақ түріп көрелік. Өйткені аграрлық ел санатындағы Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының дамуы алдыңғы орында тұруы тиіс. Ал бұл саладағы өнеркәсіптің өркендеуі мен өнім өндірудің дамуы үшін шикізат қорын дайындайтын аумақтың адымы да қуатты болуы шарт. Демек астық егіп, өнім жинайтын шаруа үшін жер телімдері жұмыс орны ғана емес, тіршілік етудің басты нысаны мен құралы екені анық. Мал шаруашылығы үшін де жайылымдық алқап пен жем-шөп өсіретін танаптардың қадірін шопан мен диқаннан артық білетін адам жоқ шығар.

Яғни осы екі бағыттағы жер ие­ленушілікке қатысты даудың жиі қайталана беретіні түсінікті. Негізі, бұл даудың туындауына еліміздегі жер игеруге қатысты мәселені реттейтін заң тетігінің дұрыс жұмыс істемей келуі жол беріп отыр деуге болады. Екінші жағынан алғанда, жерге иелік етушілердің қатарында агро­­са­лаға үш қайнаса сорпасы қо­сылмайтын, жер телімдерін тек қана коммерциялық мақсатта жалға алып немесе жекешелендіріп үлгерген дел­дал топтардың көбеюі де нақты іс басындағы шаруа адамының бере­кесін кетіріп жатыр. Әсіресе ауыл ма­ңындағы жер алқаптарының жеке иелікке өтіп кетуі тұрғындардың мал жа­йылымы мен басқа да тіршілікке қа­жетті қолданыс үшін тұтынатын аумақ­ты тарылтып отырғаны айқын сезіле бастады.

Сондай-ақ жер дауының астарында аса ірі көлемде алқаптарды жалға алған немесе жекешелендіріп үлгерген аз ғана шоғырдың ол жерлерді мақсатына қарай игермеуі де жатқаны анық. Мә­селен, қазіргі заңнама бойынша тиісті мақсатқа берілген алқаптардың көп бөлігін қурай басып, жер бос жа­тыр екен. Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің дерегіне сәйкес қазір жайылымдық жердің 38 пайызы ғана игеріліп отырған көрінеді. Яғни 29 млн гектар жер ғана заңда көрсетілген мақсатта кәдеге жараған. Ал еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер айналымының көлемі 75,6 млн гектарға тең болса, оның 71,9 млн гек­­тары мемлекеттің жер қорына тие­сілі және 20,8 млн гектары – ауыл ма­ңындағы алқаптар. Өкінішке қарай, осы жайылымдық жердің өзі іске аспай жатқаны қынжылтады. Өйткені жайы­лымды жалға алған көптеген шаруа қожалығы оны игеруге құлықсыз, әлде мүмкіндігі жоқ. Ал жер пайдалануды реттейтін заң талабына сәйкес қазір мұндай бос жатқан аумақтардың иелері екі жыл мерзімнен кейін сотқа тартылып, олардың иелігінде жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу шарасы жасалады екен. Дерек бойын­ша, 2019 жылы 1,1 млн гектар жер қай­тарылса, былтыр 2,6 млн гектар алқап мемлекет меншігіне өткен.

Жалпы, жер дауы жиі естілетін аймақтың бірі – Жетісу өлкесі. Бұл туралы биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген арнайы жиын­да да өткір мәселе көтерілген. Оған себеп те жоқ емес. Дерекке сүйенсек, қазір Алматы облысында 43 мың гектар жайылым жердің мәселесі нақты шешілмей отыр. Ал ресми дерек бойын­ша облыстың жер қоры 22 млн 357 мың гектарды құрайды. Оның ішінде жайылым көлемі 13 млн 702 мың гектар шамасында. Айтпақшы, аймақтағы жер дауының жиілеуіне қатысты атқарушы биліктің өз уәжі бар. Мысалы, тұр­ғындардың жартысынан астамы ауыл­­дық жерді мекендейтін облыста ауыл шаруашылығының дамуы жаңа қар­­қынды кезеңге көшкен көрінеді. Оның әсері мал басының көбеюі мен егіс алқаптарының ұлғаюына әке­луде. Шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың қолындағы төрт түлік­тің басы өскен сайын, жайылым мәсе­лесі туындайтыны белгілі. Егістік кө­ле­мінің артуы да тиісті танаптар үлесін ұлғайтуды қажет ететеді. Демек Жетісуда әлі де жер дауына қатысты мәселе жиі бой көрсететін сияқты. Бұл жайында облыс басшысы Амандық Баталов журналистерге берген сұх­бат­тарында жиі айтып келеді. Әкім аймақ­тағы жер телімдерін мақсатты пай­далануға, жайылымдық, егістік ал­қаптарды жүйелеуге, ирригациялық жүйе­лерді қалыпқа келтіруге қатысты жұ­мыстарды аяқтау үшін қандай да бол­сын тәуекелге дайын екенін жиі айтады.

– Біз ауыл шаруашылығы алқап­тарына аудит жүргізу және цифрландыру ісін сапалы және өз уақытында аяқ­тадық. Бұл бізге су ресурстарын, сумен қамту инфрақұрылымдарын, ирригациялық жүйелерді түгендеп, оларды жөндеуге, қайта жаңғыртуға, құрылысын жүргізуге, суармалы жер­лерді айналымға енгізуге нақты жос­парлар жасап, іске кірісуге мүмкіндік береді. Бізде бұл жұмыстар әлі де жүріп жатыр, құжаттандыруды аяқтадық. Қазіргі кезде Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам даму банкінің қаржысы есебінен қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. 2023 жылға дейін 138 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруді жос­парлап отырмыз, соның біразы іске қосылды да. Жалпы, жер – өндірістің ең басты факторы. Бұл мәселеде тиім­ді жұмыс істемей, ауылды да, ауыл ша­руашылығын да дамыта алмаймыз. Тұрғын үй құрылысы үшін де жер маңызды мәнге ие. Ол – бабамыздан қалған құнды мұра. Сондықтан жерге қатысты қандай да бір заңсыздық орын алмауы керек. Бүгінге дейін Алматы қаласының іргесіндегі облысқа тие­сілі алқаптарға жасалған түгендеу жұмыстарынан кейін жер телімдерін жекеменшікке беруге шығарылған 1,5 мыңнан астам шешімнің күші жо­йылғанын білесіздер. Нәтижесінде, 121 мың гектардан астам ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы алқаптар мемлекет меншігіне қайтарылды, – деген болатын бұған дейін бізге берген сұхбатында облыс әкімі.

Алайда Алматы облысының аудандарында жер мәселесі ушығып тұрғанын жасыруға болмайды. Оның бір дәлелін қорасындағы малын жа­йылымға жібере алмай қиналған адам­дардың журналистерге жиі шағымдана бастағанынан да білуге болады. Әсі­ресе ауыл маңындағы жайылым же­тіспеушілігі тіршілігін төрт түлікке байланыстырған ағайынға ауыр соғып отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін ай­мақ­тағы бірнеше ауданда жақын уа­қытта болған жер дауына қатысты жағ­дайды баяндай кетейік. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыл маңындағы жайылымдық жердің жетіспеушілігі Көксу ауданындағы Жамбыл ауы­лы­ның тұрғындарына қып-қызыл шы­ғынға айналған. Өйткені мал ба­­ғатын жер жоқ. Жақын маңдағы телімдер жекешеленіп, егін егетін танапқа айналған. Және бұл маңдағы барлық жердің иесі бар көрінеді. Тіпті үлкен көлемдегі алқаптарға иелік етушілердің аталған ауылға еш қатысы жоқ. Жерді жалға алған немесе жекешелендірген тұлғалардың кейбірін тұрғындар танымайды да екен. Олардың дені алқаптарды басқа адамдарға жалға беріп отыр-мыс. Ал жайылым болмағандықтан, ауыл адамдары төрт түлігін шалғайдағы өріске көлікке тиеп апарып, бағуға мәжбүр.

Дәл осындай жағдай Ескелді ауда­нының Матай Байысов ауылына да тән. Тұрғындар көктем мен күзде азын-аулақ малына жайылым таппай қиналады. Ал жаз маусымында әр бас түлік үшін қыруар ақы төлеп, таудағы өріске жіберетін көрінеді. Тұрғындар оның себебін егіс алқаптарының ауыл­дың іргесіне дейін жақындап, жыртылып жатқанымен түсіндіреді. Олар сондай-ақ ауыл маңында қажетті қол­даныс үшін 600 гектар бөлінгенін, алайда ол алқаптардың да жекеге өтіп кеткенін айтады. Ал жергілікті әкім­дік бұл мәселені білсе де, шешуге қау­қарсыз.

Адамдардың ауыл маңындағы жерге таласы Ақсу ауданында да жиі болып тұрады. Жақында Қызылағаш ауылында жергілікті тұрғындар мен инвесторлар арасында дау туған. Яғни ауыл ма­ңындағы жайылымдық жер мен суармалы алқапқа талас соңы шиеленісе келе, оқиғаға тиісті орындар араласуға мәжбүр болды. Тұрғындардың уәжі бо­йынша, 7 жыл бұрын сырттан келген компания ауыл іргесіндегі 1 420 гектар суармалы жерді жалға алған-мыс. Жерді иеленуге аудан әкімдігі келісімін берген. Инвесторлар жеті жыл бұрын жерді меншіктеп алған. Алайда игеруге асығар емес. Есесіне, бос жат­қан аумаққа тұрғындардың мал жаюы мен егін егуіне рұқсат бермей отырған көрінеді. Ал жерді жал­ға алған «Агрохолдинг Ақсу» серік­тестігі жер игеруге судың болмауы кедергі болып отыр деген уәж айтады. Серіктестік өкілі әуелгіде суармалы жер ретінде жалға алғандықтан, Қызылағаш су қоймасының қайтадан салынып, пайдалануға берілгенге дейін алқаптарды игермеу туралы келісім болғанын алға тартып, тұр­ғындардың талабы орынсыз деген пікірде. Өйткені ол жерден сусыз өнім алу мүмкін емес көрінеді. Ал ауыл тұрғындары мал жая­тын жайылым, қысқы мал азығы үшін жоңышқа егетін жер таппай отырмыз дегенді айтады.

– Ауыл іргесіндегі 1 420 гектар суармалы жер осыдан жеті жыл бұ­рын жеке серіктестікке берілгені рас. Жалпы, жер 2013 жылдан бері «Агрохолдинг Ақсу» серіктестігінің иелігінде. Серіктестік Қызылағаш ауы­лына 650 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу үшін инвес­тор ретінде келген. Зауыт салғаннан кейін, егістік пен жайлымдық жерді сол үшін қажетке жаратуға тиіс болған. Ал жоба құны 2,5 млрд теңге шамасында, жергілікті 30 адамға жұмыс орнын ашпақ, – дейді оқиғаға орай түсінік берген Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсмолдин.

Айтпақшы, бұған дейін жер­гі­лікті атқарушы органдар мен про­ку­ратураның бірлесіп жасаған тексе­рісінен кейін Алматы облысында 761 мың гектар жайылымның пайдаланылмай жатқаны анықталған болатын. Сол тізімде Ақсу ауданы бірінші тұрған еді. Ауданда 197 мың гектар жер бос жатқаны туралы дерек ашылған-ды. Облыстық жер қа­тынастары бас­қармасының мәлі­метінше, құзырлы органның араласуынан кейін бос жатқан алқаптардың негізгі бөлігі кәдеге жарай бастаған. Яғни жерді жекешелендіріп алған қожайындар іс құжаттарының сотқа жолданып, алқаптарды мемлекет меншігіне қайтаруға мәжбүр болатындарын сезінгеннен кейін ғана қозғала бастағандай.

Сондай-ақ жоғарыдағы тізім бо­йынша игерілмей жатқан ауыл ша­руа­шылығы алқаптарының көлемі жағынан екінші орында Алакөл ауданы тұр. Ауданда 86 мың гектар жайылымдық және егістік алқап бос жатқаны анықталған. Өкініштісі, бұл дерек қазір де азаймай отыр. Яғни биылғы есеп бойынша Алакөл ауда­ны аумағында әлі 14 мың гектар жер пайдаға аспай жатыр. Бір қызығы, жақында осы ауданда екі шаруа қожалығының мүшелері ара­сындағы жерге таласу оқиғасы болып, оған журналистер араласқан еді. Мәселенің мәнісі мынада: кезінде совхозға тиісті жер тұрғындарға пай үлесі ретінде бөлінген болатын. Ол жер алқаптары қазір жеке ша­руа қожалықтарының меншігіне өткен көрінеді. Ал аудандағы Ынталы ауы­лының ынтымағын бұзған оқиға осы пай үлесіне таластан шығып отыр екен. «ЕМА» шаруа қожалығы мен «Айдын» шаруа қожалығы арасындағы жер дауы ауыл, тіпті аудан көлемінен шығып, сотқа дейін жеткен. Бірінші тарап, совхоз тараған кезде пай үлесі бойынша тиген жерді даулап отырса, екінші тарап кезінде жерді қараусыз тастап, көшіп кеткен адамдардың енді келіп жер даулауға қақысы жоқ деген пікірде.

Жалпы, Жетісудағы жер дауының жиілеуі, сөз басында айтқанымыздай, еліміздегі жер игеруге қатысты мәсе­лені реттейтін заң тетігінің дұрыс жұ­мыс істемеуінен орын алып отыр­ғаны анық. Тіпті жерді тиімді пайдалануға орай белгіленген талаптарды қа­са­қана бұзып, жергілікті атқарушы ор­гандардың ескертпесіне құлақ аспайтын жеке шаруа қожалықтары шыға бастағаны қынжылтады. Дәл осындай жағдай жақында ғана Жамбыл ауданындағы Қасымбек ауылының аумағында болған-ды. Мәселенің ұзын-ырғасы былай: жеке кәсіпкер Телмань Мамед-Хасенов 31,44 гектар жерді сатып алып, Жамбыл ауданы әкімдігінің келісімімен шаруа қожалығын ашады. Алайда жер игеруді өзі ойлаған әдіс-тәсілмен жүзеге асырмақ болған азамат иелігіндегі алқапты айнала қазып, қоршап алған екен. Ал кәсіпкердің бұл ісі қолданыстағы «Жер кодексінің» бірнеше бабын өрескел бұзып, көрші шаруа қожалықтарының жұмыс іс­теуіне де кедергі келтіріп отырған кө­рінеді. Мамед-Хасенов мырзаның бұл әрекеті ауыл тұрғындарының ашу-ызасын туғызған. Бұл жағдай өңір­дегі мал жайылымын да тарылтып жіберген. Терең қазылған орға құлап мертіккен, шығын болған малдың құнын сұрайтын адам таппаған жұрт шаруа қожалығының иесіне ғана емес, жергілікті билікке де наразы. Өйткені қазылған ордың ішінде ауыл арасын жалғайтын жүргіншілер жолы мен мал су ішетін өзен де қоршалып қалған. Ал жерді қазып қоршаған азамат өз ісінің дұрыстығын алға тартып, егістік алқабы мен жайлымдық жеріне қараусыз малдың түсіп кетпеуі үшін осындай қадамға барғанын айтады.

– Жерді қазғаным дұрыс болмаған екен, мен оны қайта тегістеп, сым қор­шау жүргізудемін. Бірақ тұрғындар да малын қараусыз жібермеуі керек. Мен бұл жерден өнім алып отырмын, кә­сібімді тоқтатпаймын, – деді біз­бен теле­фон арқылы тілдескен жеке кәсіп­кер Телмань Мамед-Хасенов.

Алайда ауыл тұрғындары қазылған жердің тұтастай көмілмегенін, кәсіп­кер көз алдау үшін бір бөлігін ғана реттеуді қолға алғанын айтады. Ал 31 гектардан астам алқапты қоршай қа­зылған терең ор әлі де мал мен жан­ның өміріне қауіпті аймақ болып қала беретін сияқты. Айтпақшы, мәселеге орай ресми түсінік беруден жалтарған Жамбыл ауданы әкімдігінің жауапты мамандары бұл оқиғадан хабардар екендіктерін айтып, мереке күндерінен кейін қайыра хабарласуымызды өтінді. Сөз арасында ұққанымыз, шаруа қо­жалығының иесіне қолданыстағы «Жер кодексінің» талабы бойынша жерді қазуға болмайтыны туралы ес­керту берілген екен. Екі жыл бұрын...

 

Алматы облысы