• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Мамыр, 2021

Мораль және вакцина нарығы

560 рет
көрсетілді

ИТАКА. Коронавирус пандемиясының екінші толқыны біріншісінің ауырлық дәрежесінен асып түскендіктен, жаһандық бифуркация анық аңғарылады. Пандемия бақуатты елдерде біртіндеп, түрлі деңгейде азайып келеді. Бірақ дамушы, енді дамып келе жатқан бірнеше мемлекетте, әсіресе, Үндістанда өршіп тұр. Сонымен қатар Бангладеш, Пәкістан, Түркия, Филиппин, Эфиопия және Кения секілді елдерде де індет қарқыны басылар емес.

Мұның себептері көп. Бірақ медициналық көмекке, әсіресе коронавирус вакцинасына қолжетімділік әртүрлі екенін ескермеу мүмкін емес. 18 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейясус табысы жоғары 49 елде кем дегенде 39 миллионнан астам доза коронавирус вакцинасы бөлінгенін айтты. «Табысы төмен бір елге 25 доза ғана берілді. 25 миллион емес, 25 мың емес. Бар болғаны 25 доза ғана», деді ол.

Қазіргі таңда әлемде бір миллиардтан астам вакцина дозасы салынды. Бірақ айырмашылық әлі де өте үлкен. Мәселен, Сейшел аралдары тұрғындардың 59 пайызына вакцина егіп, көш бастап тұр. Израиль (56 пайыз), Чили (34 пайыз) және АҚШ (30 пайыз) та жоғары орында. Бразилия әлем бойынша 43-ші орында тұр. Ел тұрғындарының 5,9 пайызы ғана вакцинамен қамтылған. Үндістан мен Бангладеште бұл көрсеткіш анағұрлым төмен, тиісінше 1,8 пайызды және 1,7 пайызды құрайды. Кей елдерде, негізінен, Сахараның оңтүстігіндегі Африкада іс жүзінде ешкім вакцина алмаған.

Коронавирус вакцинасы тамақ пен баспана секілді өте маңызды қажеттілік екенін ескерсек, теңсіздіктің осыншалықты ұлғаюынан ұялуымыз керек. Көптеген бай елдер сақтық үшін вакцинаны артығымен қорға сақтап, мәселені күрделендіре түседі.

Бертінге дейін дәрі-дәрмек пен ашық ғылымға қол жеткізуді қолдайтын белсенділер пандемия ауқымының үлкендігі жекеменшік ғылым мен патенттік нарықтағы монополиялардан бас тартуға әкеледі деп үміттенген. Мысалы, 2020 жылдың мамырында ДДҰ коронавирус технологияларына қол жетімділік пулын (C-TAP) іске қосты. Бұл пандемияға қатысты зияткерлік меншік мәселесін ерікті түрде кеңінен бөлуді ынталандыруды мақсат етеді.

Дәл сол секілді, былтыр құрылған COVID-19 вакцинасына арналған Global Access (COVAX) орталығы бай елдердің қаржылық қолдауымен кедей мемлекеттерге субсидияланған вакцина беруі тиіс еді. Бірақ сол кездің өзінде, Александр Зайчик жақында The New Republic басылымында жазғандай, «алғашқы кезеңдегі оптимизм мен мүмкіндік сезімі әлдеқашан жоқ болды».

Егер әлемдегі коронавирус вакциналарына тең қол жетімділікті қамтамасыз ете алмағанымыз жөнінде ойланып әрекет етсек, келешекте кедей елдерді тығырықта қалдырмайтынымызға сенім мол. Сәтсіздік зияткерлік және моральдық тұрғыда да болады. Көптеген белсенділердің ізгі ниетке негізделген жоспарлары мен ұсыныстарында жеке ұсыныстарға аз көңіл бөлінді. Бірақ корпорацияларды моральдық тұрғыдан ұстауға үгіттеу дұрыс болғанымен, оларды моральдық деп санау – ақымақтық.

Біз адамдар ақша жасауға тырысудың орнына, білім алу ортасын құруға қаражат салатын, содан кейін нәтижелерін ортақ дерекке қосатын болашақтан үміттене аламыз. Бірақ оған әлі жеткеніміз жоқ. Әзірге жеке тұлғаларға зияткерлік меншік объектілерінің құқығын иеленуге мүмкіндік беруіміз керек. Осылайша құнды зерттеу жасауға жол ашылады.

Сонымен қатар фармацевтикалық компаниялардың пайдасын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік бар. Оларды өнімді арзанырақ сатуға мәжбүрлеу және жалпы өндірушілерге белгілі бір аймақтарда сатуға мүмкіндік беру секілді қадамдар фармацевтикалық өнеркәсіпті де өлтірмейді, ғылыми зерттеулерге жұмсайтын қаражатты да азайтпайды.

Мұны дұрыс орындау үшін жаңа вакциналар секілді ортақ білімге негізделген өнімдер нарығының құрылымын түсіну керек. Қазіргі таңда олай жасап отырған жоқпыз. «Нарық» – бәсекелестік пен жанама мәмілелер. Institute for New Economic Thinking таяуда жариялаған зерттеуге сүйенсек, үкіметтер мен фармацевтикалық компаниялар былтыр коронавирус вакциналары бойынша 44 екіжақты мәміле жасасқан. Олардың көпшілігінде егжей-тегжейлі мәліметтер жоқ, шартты бұзу талаптары да түсініксіз. Кедей елдер негізінен оған араласпаған.

Бұл нарықты түсіну үшін бізге теориялық негіз қажет. Қазіргі уақытта бұл 1838 жылы Августин Курно негіздерін анықтаған олигополия ұғымына ұқсайды. Курноның жаңалығы кейінірек АҚШ-тың 1890 жылғы «Шерман монополиясы туралы заң» сияқты алғашқы монополияға қарсы заңдарды әзірлеуге мүмкіндік берді. Бұл фирмаларға баға белгілеуге мүмкіндік беріп, бірақ бағаны көтеру үшін құпия көпжақты келісімге тыйым салды. Бұл заңдар біртіндеп өткірлене түсті.

Қазіргі таңда белгісіз кезеңдегі вакцина нарығының ережелерін жасап жатырмыз. Ең кемі, бізге белгілі нәрседен зияткерлік меншік құқығы әлі де өз рөлін атқара беруі керек екені анық. Екінші жағынан, фармацевтикалық фирмалар инновацияларды ынталандыруды қолдауға кететін қаражаттан да көп пайда табады. (Әсіресе, олардың зияткерлік меншік құқығының қаншалықты бөлігі мемлекет қаржыландыратын зерттеулер нәтижесінде алынғаны маңызды). Қазіргідей ірі пандемия кезінде дәрі-дәрмек шығаратын компанияларға бір реттік төлемдер жасап, олардың шығындарын жабуымыз керек. Олардың кейбір патенттерін алып тастауымыз, басқа компанияларға маңызды вакциналарды жаппай өндіруге мүмкіндік беруіміз керек.

Ұзақ мерзімде қоғамның жетістігі тек пайдаға тәуелді емес екеніне екпін беріп, одан әрі қарай жүре аламыз. «Барлығы қауіпсіз болғанша, ешқайсымыз да қауіпсіз бола алмаймыз» деген танымал ұран байларды өзімшілдіктен арылуға шақырады. Өйткені басқаларға көмектесу олардың жеке мүддесіне сай келеді. Пандемия – экономикалық ұтымдылықтың тар шеңберінен шығуды ойластыруға, басқалардың мүддесін өзіміздің жеке мүддеміз ретінде анықтауға шақыру.

 

Каушик БАСУ,

Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі, Корнелл университетінің экономика профессоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org