Елімізде жастар саны халықтың жалпы санының 20,2% құрайды. Қазіргі кезде 14 пен 29 жас аралығындағы 3,7 млн жас бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аймақтарда қандай проблемалар бары белгілі. Бүгінде институционалдық жағынан республика бойынша 209 жастар ресурстық орталығы ашылып, ол жерде 3 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді.
Олардың басты қызметі – жастарға қатысты мәселелерді анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру, жұмыс мәселесіне қатысты жәрмеңкелер, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер, талдамалық жұмыстар жүргізу.
«Республика өңірлерінде стратегиялық сессиялар, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды. Басты мақсаты – жергілікті жерлердегі жастардың проблемаларын, оларды шешу үшін қажетті іс-қимылдарды анықтау. Биыл «Жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделген, Ұлттық баяндама әзірленді. 2020 жылғы Жастар ғылыми зерттеу орталығының баяндамасында, жастардың Топ-3 негізгі проблемалары көрсетілген. Бұл білім, жұмыс және тұрғын үй мәселесі», деді Ш.Байманов.
Оның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін арнайы жобалар қолға алынып, шаралар ұйымдастырылуда.