• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2021

Үй салғанға – үлкен көмек

1026 рет
көрсетілді

Алтын бесік ауылдың базары тарқап, ажары тайды деп баз кешетініміз бар. Бірақ тұрмысын тіктеп, тіршілігін түзер тиімді жол ұсынарда, тартынып қалатынымыз тағы рас. Әйтпесе, ауылдың іргесін сөкпей, берекесін төкпей түтінін түзу ұшырар жол көп қой. Соның бірін былтыр ел Президенті ұсынды.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында ауылда үй салған жұмыс беру­шілердің шығынын өтеу туралы тапсырма берді. Бұл біздің елде бұрын-соңды қолға алын­ба­ған бастама еді.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­сында жеке тұрғын үй салу ісі баяу жүріп жатыр. Мұның бас­ты себебі – үй салынатын аумақ­ты дайындау ісінің қарқыны тө­мен. Өйткені заң бойынша су және электр желілері жүргізілген аумақ­тан ғана жер беріледі.

Жер үй тек баспана ғана емес, сон­дай-ақ табысы аз, әсіресе көп ба­лалы отбасылардың экономикалық ті­регі де бола алады. Үкімет пен әкім­діктер әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді инфра­құры­лыммен қамтамасыз ету ісін жеделдетуі қажет. Бұл ретте, мем­лекет-жекешелік әріптестігін де қолданған жөн.

Депутаттардың осы маңызды мәсе­лені шешуге тікелей атса­лысуын­ сұраймын. Ауыл ең­бек­керлерін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін жұмыс беру­шілердің шығындарын субсидиялау арқылы жалдамалы үйлер салуға міндеттеп, көп­теген отандасымыздың тұрмыс сапасын неге жақсарта алмаймыз?! – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің осы тапсырма­сынан кейін іле ауылда үй сала­тындарға субсидия беру жайы пы­сықталып, мемлекеттік органдар іске кірісті. Жалпы, Мемлекет бас­шысы елдегі кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін жедел шешудің бір жолы субсидия­лау екенін жеткізді. Бұл ретте үй салатындардың шығынын ғана емес, баспананың жалдау ақысын суб­­сидиялау тетігін енгізуді де ұсын­­ды.   

– Қазір әкімдіктер кезекте тұр­ған адамдарға арнап жалға бері­летін тұрғын үйлер салып жатыр. Бюджеттік және сатып алу рәсімдеріне байланысты бұған ұзақ уақыт кетеді. Бұл тәртіпке өзгеріс енгізетін кез келді. Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөлген жөн. Оның ауқымы осы шараның арқасында алғашқы жылдың өзінде-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отбасына нақты көмек көр­сетіледі, – деді Президент.

Субсидиялаудың Қазақстанда тұр­ғын үй саясатын дамытудың тиімді жолы ретінде таңдалып алынуы да сондықтан. Бүгінде оның бірнеше түрі бар. Мәселен, отбасы мүшелеріне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін, кезекте тұрған адамдар тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы баспанамен қамтамасыз етіледі. Негізінен, бұл санатқа көп ­балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жатады. Ал табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен жоғары, кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйге жеңіл­детілген несие алу арқылы қол жет­к­ізе алады. Бұдан бөлек, кезекте тұр­ғандар үшін тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау тетігі де қарас­тырылған.

– Жеке құрылыс салушылармен бірлесіп, бастапқы нарықта жылжымайтын мүліктің әлеуметтік қор­­лары құрылады. Мысалы, 10 мың пәтерлік тұрғын үй үшін жы­лына 5,3 млрд теңге субсидия қажет. Тұрғын үй пулдары қа­лып­тасқаннан кейін осы қор­лар­дың жылжымайтын мү­лікпен қам­тамасыз етілген акция­лары кепілдендірілген кірістілігі бар на­рыққа ұсынылатын болады. Жал­дау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банк­тің» өкілеттігін күшейту ұсы­ны­лып отыр, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірін­ші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

Бұл ретте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан пәтер жал­дағандардың 31 айлық есептік көр­сеткіш (АЕК) көлеміндегі шығынын мемлекет өтеп береді. Өзге өңірлер үшін 21 АЕК деңгейі көзделген. Ал ауылдықтар үшін шығынның 15 АЕК көлеміндегі сомасы кері қай­тарылады. Атап өтерлігі, бұл әзірше жоспар ғана. Жаңашылдық жаңа заң қабылданғаннан кейін іске қо­сылады.

Өткен жыл­дың соңында Ин­дустрия және ин­фра­құры­лымдық даму министр­лігі ауылда үй сал­ған жұмыс беру­ші­лердің шы­ғы­нын өтейтін жаңа нор­маны таныстырды. Сөйтіп, ауыл­да жұ­­мыс­керлер үшін тұрғын үй сал­­ған жұмыс берушінің шығын­дарының 50 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады.

Деректерге сүйенсек, рес­публика бойынша 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге қажеттілік бар. Бұл дегеніміз – 285,5 мың шаршы метр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд теңге қажет.

Бір өзі бір ауылды көркейтіп отырған кәсіпкер Манат Алғам­баров­тың айтуынша, мұндай жаңа­шылдық ауылда үй салатын кәсіп­керлер үшін тамаша мүмкіндік.

– Біздің ауыл Екібастұз қала­сы­на қарайды. Мал шаруа­шы­лы­ғымен айналысамыз. Жұмыс­керлерге үй салып, оларға қажетті жағ­дайды жасап отырмыз. Еңбек адамдарын осылай ынталандырамыз. Егер мемлекет салынған үйдің бір бөлігін субсидиялайтын болса, мұның әсері зор бол­мақ. Біріншіден, кәсіпкерлерге үл­кен көмек. Екіншіден, көп үй салы­натындықтан, ауылдың тамырына қан жүгіреді. Үшіншіден, мем­лекеттің ұстанған саясатымен де үндесіп жатыр. Сондықтан бұл бас­тама қолдауға лайық, – дейді Жайылма ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының иесі.

Тұрғын үй құрылысын субсидиялау тетігі «Нұрлы жер» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында жү­зеге асырылмақ. Ол үшін құ­рылыс салушылар мемлекет бекіт­кен бір типті үйлерді ғана салуы тиіс. Яғни үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метрден аспауы керек. Ал құны 10 млн теңгеден жоғары болмауы шарт. Жергілікті атқарушы органдар аталған жоба бойынша өтініштерді қабылдап, жағдайды бақылауда ұстайды.

Экономист Талғат Демесіновтің пікірінше, ауылдағы үй құрылысын субсидиялау елімізде жүзеге асырылып жатқан оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына жаңаша серпін бермек.

– Жасыратын несі бар, ауылдағы үйлердің дені ескірген. Жаңа үйлер жаппай салынып жатқан жоқ. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден еңбек күшіне зәру солтүстік аймақтарға көшіп келетін тұрғындар баспана мә­се­лесіне бірден тап болатыны сон­­дықтан. Қоныс аударған ағайын­ды халқы онсыз да көп қалаға ор­наластырудың реті жоқ. Дұрысы – ауылға тарту. Алайда ауылда үй мәселесі алдан шығады. Рас, мемлекеттік бағдарламалар бо­йынша тұрғын үйлер салынып жатыр. Бірақ олардың сапасына көңілі толмайтындар көп. Сол­түстіктің сақылдаған сары ая­зында сыр беретін баспаналар кө­шіп кел­гендердің құтты орнына айнала алмауда. Сондықтан үйді жұмыс берушілердің өздері салған дұрыс. Өйткені бұл жерде ең алдымен солардың мүддесі басым. Олар бұл іске жауапкершілікпен қарайды, – дейді Талғат Демесінов.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған субсидиялау тетігі үй салғандарға үлкен көмек болары даусыз.